Бүгін қарт Қаратаудың тәжі атанған Кентау қаласында 20 мыңға жуық бетперде тегін таратылды. Игі іске қаладағы еріктілер ұйымы ұйытқы болып отыр.
Еліміздегі төтенше жағдай кезінде қат тауарға айналғандардың бірі бетперде. Атап айтқанда, індеттен сақтану үшін тұтынатын бұл тауарды іздеп қай дәріханаға барсаңда көбіне «жаңа ғана таусылып кетті» деген жауап алуға жұрттың да құлағы үйрене бастағандай. Дегенмен Үкімет бұл мәселені реттеуге күш салып жатыр. Ал осындай қысылтаяң шақта көмек қолын созушылардың саны арта түскені қуантарлық жағдай.
Әрбір көшені аралап тұрғындарға бетперде мен арнайы қорғаныш қолғаптарын тарту еткен жастар, коронавирустан қорғану жолдарын түсіндірді. Көшеге көп шықпау керектігін және адамдар көп жиналатын жерлерге бармау қажеттігін ескертті. Сақтық шараларын үнемі сақтауды айтып, түрлі кеңестермен бөлісті.
Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы.