Алматы қаласындағы №210 мектеп-лицейде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Қазіргі заман қаһарманы» акциясы аясында тағылымды кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мектеп оқушыларымен жүздесуге қызмет барысында ерлігімен көзге түскен ішкі істер органдарының бір топ қызметкері келді. Олардың қатарында Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімінің аға лейтенанты Ербол Арыстанов та болды.
Ербол Арыстанов биылғы жылдың ақпан айында Заречный елді мекеніндегі тұрғын үйден өрт шыққан кезде батылдық танытып, тұрғындарды, соның ішінде балаларды қауіпсіз жерге шығаруға көмектескен болатын. Оның дер кезінде жасаған әрекеті адам өмірін сақтап қалуға септігін тигізді.
Мектеп ұжымы қазіргі заманның қаһармандарын ерекше ықыласпен қарсы алды. Қонақтар алдымен білім ордасында жақында ғана ашылған «Жас сақшы» сыныбымен танысты. Кездесу барысында оқушылармен еркін әңгімелесіп, қызметтік тәжірибелерімен бөлісті, жасөспірімдерді толғандырған сұрақтарға жауап берді. Әсіресе, құқық қорғау саласындағы қызметтің жауапкершілігі, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және азаматтардың тыныштығын қорғау жолындағы міндеттер туралы әңгіме өрбіді.
Өз кезегінде оқушылар Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының батыры, қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция аға лейтенанты Ерлан Бопырбаевтың өмірі мен ерлігі туралы баяндап берді. Мектепте батырдың өмірі мен қызметіне арналған арнайы ерлік бұрышы жасақталған. Сонымен қатар «Жас сақшы» кабинеті де оның есімімен аталады.
Оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, шағын концерттік бағдарлама ұсынды.
Бұдан бөлек, қонақтар «Ұлттық ұлан батырлары атындағы Ерлік сыныбының» жұмысымен де танысты.
Тағылымды кездесудің соңында мектеп-лицей директорының орынбасары Салтанат Әшімбаева қонақтарға алғыс білдіріп, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға және патриоттық тәрбие беруге қосқан үлестері үшін ризашылығын жеткізді.
«Қазіргі заман қаһарманы» акциясы аясындағы мұндай кездесулердің маңызы зор. Өйткені ерлік иелерімен жүздесу жас ұрпаққа батылдықтың, адамгершіліктің, елге адал қызмет етудің мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бүгінгі қаһармандардың өмір жолы – өскелең ұрпаққа үлгі, елдік пен ерліктің жарқын өнегесі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.