Құрылтайдағы барлық фракцияның депутаттары екі апта бойы еліміздің барлық өңірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіруге арналған 155 кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл жиындарға 18 мыңға жуық адам қатысты. Жүздесу халықтың түрлі әлеуметтік топтары өкілдерін қамтыды: өнеркәсіптік кәсіпорындардың еңбек ұжымдары мен аграрлық сектор өкілдерінен бастап, педагогтер, медицина қызметкерлері, кәсіпкерлер, ғалымдар, студенттер және қоғам қайраткерлеріне дейін қатысты. Талқылаулардың негізгі өзегіне экономиканы дамыту, әлеуметтік жаңғырту, ауқымды құрылыс және еліміздің технологиялық жаңаруы бағытындағы нақты міндеттер арқау болды.
Көптеген өңірде Жолдауды талқылау адамдардың күнделікті өміріне тікелей қатысты мәселелерден басталды. Әсіресе, басты назар Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасына аударылды. Депутаттар бағдарламаның ауқымын түсіндіріп, тек жаңа нысандар салынумен шектелмейтінін, өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, инфрақұрылымды кешенді түрде жаңартуды көздейтінін жеткізді. Мектептерді, ауруханаларды, спорт және мәдениет нысандарын салу мен жаңғырту, жолдар мен коммуналдық желілерді дамыту халықтың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді. Кездесулер барысында мемлекеттік жобалардың тұрғындардың нақты сұраныстарына сай болуы және нақты нәтиже беруі қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Инфрақұрылым мәселелерінен кейін әңгіме ауаны экономикалық және технологиялық өзгерістерге ұласты. Кәсіпкерлермен, IT қоғамдастық өкілдерімен және еңбек ұжымдарымен өткен кездесулерде инвестиция тарту, отандық өндірісті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, еңбек өнімділігін арттыру мен әкімшілік кедергілерді азайту мәселелері қозғалды. Өнеркәсіп кәсіпорындарында өндірістік қуаттарды жаңғырту, салалардың даму перспективалары және өндірістердің тұрақты жұмыс істеуіне қажетті жағдайлар жайы да талқыланды. Депутаттар цифрландыру мен жасанды интеллект мәселелеріне де айрықша назар аударды. Олар дербес мақсат ретінде емес, экономиканы дамытуға, тиімділікті арттыруға және азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін маңызды ресурс ретінде қарастырылды.
Кездесулердің едәуір бөлігі адами капиталды дамыту мәселелеріне арналды. Педагогтер, студенттер, ғалымдар және медицина қызметкерлерімен білім сапасы, ғылымды дамыту, сұранысқа ие мамандар даярлау, еңбек жағдайлары мен әлеуметтік кепілдіктер тақырыбы талқыланды. Әсіресе, білім беру жүйесін еңбек нарығының қажеттіліктерімен ұштастыру, мамандардың кәсіби өсуіне қолдау көрсету және жастардың әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау қажеттігі атап өтілді. Денсаулық сақтау саласында медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, сонымен қатар кадрлық қамтамасыз ету және медицина қызметкерлерінің кәсіби құқықтарын қорғау мәселелері де көтерілді.
Аграрлық сектор өкілдерімен кездесулер де өзіндік ерекшеліктерге толы болды. Мұнда ауыл шаруашылығының тұрақтылығы, фермерлерді қолдау, өндірісті жаңарту, өнім өңдеу саласын дамыту және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері негізгі тақырыпқа айналды. Ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, жаңғыртудың игілігін шаруашылықтар мен ауыл тұрғындарына нақты сезіндіру жолдарын талқылады.
Энергетика саласында генерациялау қуаттарын арттыру, электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу және тұтас экономиканың дамуына негіз болатын энергиямен қуатты қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді.
Жолдауды түсіндіру жұмыстары экономикалық және әлеуметтік мәселелермен ғана шектелген жоқ. Жастармен, қоғам өкілдерімен, ғылыми орта, мәдениет және спорт саласының өкілдерімен кездесулерде азаматтық жауапкершілік, қоғамдық келісім, ұлттық құндылықтар, шығармашылық бастамаларды қолдау және бұқаралық спортты дамыту мәселелері де сөз болды. Осылайша, талқылаулар нақты мемлекеттік жобалармен қатар, оларды жүзеге асыруға қажетті қоғамдық бағдарларды да қамтыды.
Өңірлерге сапарлардың маңызды бөлігі ел болашағына қатысты ашық пікір алмасуға арналды. Кездесуге қатысушылар депутаттар мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, оларды шешу жөнінде ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды. Әртүрлі кәсіби қауымдастықтар мен өңір тұрғындарымен ашық әңгіме өрбіді.
Халықпен кездесулер көрсеткендей, Жолдауда белгіленген басымдықтар алда болатын өзгерістер тұрғындарға тікелей пайдасы тиетіндіктен, азаматтар арасында кеңінен қолдау тауып отыр. Олар – кәсіпорын жұмысшылары, медицина қызметкерлері, педагогтер, аграрлық сала өкілдері мен жастар. Кездесуге қатысушылар Жолдау бастамаларын қолдап қана қоймай, оларды жүзеге асыруға тікелей әсер ететін практикалық мәселелерді де көтерді. Мұндай мазмұнды диалогтар жалпыұлттық міндеттерді нақты өңірлер мен кәсіби қауымдастықтардың сұраныстарымен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Депутаттардың өңірлердегі жұмысы Президент бастамаларын түсіндіруді жергілікті тұрғындармен диалог және пікір алмасумен жалғасын тапты. Мұндай өзара байланыс заң шығару қызметі үшін де, жоспарланған реформалардың іске асырылуын бақылау үшін де маңызды. Бұл атап айтқанда, Жолдауда белгіленген басымдықтардың азаматтардың нақты қажеттіліктеріне жауап беретін шешімдер арқылы жүзеге асуына ықпал ететін маңызды тетік.