Швейцария астанасы Бернде өткен семсерлесуден әлем кубогына Қазақстан құрамасы мен ҚР ІІМ "ARLAN" спорт командасының атынан қатысқан ефрейтор Вадим Шарлаимов қола медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
6636 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ерлер арасында қылышпен семсерлесуден жеке жарыстарда өнер көрсетті. Алдын ала кезеңдерді ойдағыдай еңсеріп, жартылай финалға шыққан қазақстандық спортшы жүлдегер тұғырынан көрінді.
Финалға жол ашар жекпе-жекте Вадим Шарлаимов Венгрия өкілі Гергея Шиклошимен қарсыласты. Кездесу Венгр🇭🇺спортшысының пайдасына 15:4 есебімен аяқталды. Осылайша, ефрейтор Шарлаимов үшінші орынға ие болып, халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанды.
Құқықтық тәртіп әскері спортшысының нәтижесі қазақстандық семсершілердің халықаралық аренадағы деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді.