Қазақстанда жеткізу сервисін қалай таңдауға болады?: шарттарын салыстырайық

Қазақстанда Wolt, Glovo және inDrive.Курьері әртүрлі жеткізу моделін ұсынады.

2019 жылы Қазақстан нарығына кірген Wolt пен Glovo, ең алдымен, пайдаланушы серіктестерден тауар таңдайтын маркетплейстер ретінде танымал, ал тапсырыс пен жеткізу құнын өз жүйесінде есептейді. inDrive.Курьері P2P-платформасы ретінде жұмыс істейді: тапсырыс беруші жеткізу бағасын өзі ұсынады, ал курьер бұл ұсынысты қабылдайды немесе өз бағасын айта алады.

Жеткізу сервистері қалай жұмыс істейді?

Wolt пен Glovo мейрамханалар мен дүкендерден тапсырыс жеткізумен қатар, құжаттар, сыйлықтар немесе жеке заттар сияқты сәлемдемелерді де жеткізуді ұсынады. Wolt Қазақстанның 25-тен астам елді мекенінде жұмыс істейді. Glovo компаниясы қызмет көрсететін қалалар саны туралы жаңартылған дерек жарияламаған, дегенмен  2024 жылы бұл сервис 16 қалада жұмыс істеген. inDrive.Курьері Қазақстанда 2020 жылдан бері қолжетімді. Ол екі мекенжай арасында сәлемдеме жіберуге, сондай-ақ  дүкендерден тауар жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

inDrive.Курьері арқылы дүкеннен тауар алдыру үшін жіберу және жеткізу мекенжайларын көрсету қажет. Компанияның 2026 жылғы қаңтар-маусым айларындағы деректеріне сәйкес, Қазақстанда ең танымал жеткізу санаттары тамақ өнімдері мен сусындар (38,3%), киім және аяқкиім (22,1%), гүлдер мен сыйлықтар (10,4%) болған. Пайдаланушылар көбіне гүл шоқтары мен шоколадты құлпынай жіберген.

Жеткізу құны неден құралады?

Wolt пен Glovo платформаларында жеткізу құны әр тапсырыстың ерекшеліктеріне байланысты есептеледі. Бағаға қашықтық, таңдалған орын, тапсырыс беру уақыты және қосымша алымдар әсер етуі мүмкін. Wolt сервисінің қызмет көрсету алымы тауар құнының 5%-ын құрайды, бірақ 349 теңгеден аспайды. Glovo-да сәлемдеме жеткізу құны қашықтыққа қарай есептеледі. Ал мейрамханалар мен дүкендерден тапсырыс жеткізу шарттары нақты ұйымға байланысты өзгеруі мүмкін.

Жеткізу сервистеріне жазылу қызметті жиі пайдаланатын клиенттерге шығынды азайтуға мүмкіндік береді, дегенмен бұл ұсыныстар жеке сәлемдемелерді жіберуге қолданылмайды. Wolt+ жазылымының бағасы – айына 1 199 теңге немесе жылына – 9 588 теңге. 4 шақырым радиуста  жеткізу тегін, сонымен қатар ең төменгі тапсырыс сомасы мейрамханалар үшін –  2 500 теңге, дүкендер үшін – 3 000 теңге, ал супермаркеттер үшін 5 000 теңге болып белгіленген. Бағдарлама аясында арнайы акциялар мен сервис алымына жеңілдіктер де қарастырылған. Glovo Prime-ға бір айға жазылу бағасы – 1 499 теңге.

inDrive.Курьері сервисінде бекітілген тариф жоқ. Қосымша жеткізуге ұсынылатын бағаны көрсеткенімен, тапсырыс беруші өз бағасын ұсына алады. Курьер ұсынысты қабылдауы немесе өз бағасын ұсынуы мүмкін. Мысалы, жақын жерге шағын сәлемдеме жібергенде төменірек баға ұсынуға, ал шұғыл жеткізу қажет болғанда курьердің тезірек жауап беруі үшін төлем мөлшерін арттыруға болады.

Жеткізу мерзімі, қолайлылығы және бақылау

Wolt пен Glovo қосымшаларында тапсырыс рәсімдеу тәртібі ұқсас: пайдаланушы жеткізу мекенжайын көрсетеді, мекемені таңдайды, себетке қажет тауарларды қосып, ақысын төлейді. Екі қосымшада да сәлемдеме жеткізуге арналған жеке бөлімдер бар.

inDrive.Курьері сервисінде сәлемдеменің сипаттамасын жазып, жеткізу бағасын ұсыну және жауап берген курьерлердің бірін таңдау қажет. Таңдау кезінде курьердің бағасын, рейтингін және көлік түрін ескеруге болады. Жеткізу жаяу, велосипедпен, мотоциклмен немесе автокөлікпен жүзеге асырылады.

Сервистердің мүмкіндіктері тапсырыс түріне қарай ерекшеленеді. Мысалы, Glovo дайын сәлемдемені жеткізіп қана қоймай, курьерге белгілі бір тауарды сатып алуды тапсыруға мүмкіндік береді. Ал құжаттар мен жеке заттарды жібергенде курьерге алдын ала дайындалған сәлемдеме тапсырылады. Тауарды сатып алу мен жеткізу ақысын төлеуді тапсырыс рәсімдеу кезінде нақтылау қажет.

Үш сервисте де жеткізу барысын бақылау мүмкіндігі бар. Wolt пен Glovo тапсырыстың қабылданғаны, курьердің жолға шыққаны және межелі жерге жақындағаны туралы хабарламалар жібереді. inDrive қосымшасында курьердің қозғалысын картадан нақты уақыт режимінде бақылауға және оның орналасқан жері туралы сілтемені алушыға бөлісуге болады.

Қауіпсіздік мәселесі қалай шешілген?

Wolt, Glovo және inDrive.Курьері жеткізу қауіпсіздігін бақылауға арналған құралдарды ұсынады. Wolt Packages қызметінде жөнелтуші мен алушы сәлемдеменің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылай алады. Кейбір жағдайда сәлемдемені қабылдау PIN-код арқылы расталады. Glovo да курьердің қозғалысын бақылауға және мәселе туындаған жағдайда қолдау қызметіне жүгінуге мүмкіндік береді.

inDrive.Курьері сервисінде курьерлердің құжаттарын тексеру, фотосуретін, рейтингін және орындалған тапсырыстарының тарихын көру мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, жеткізу процесін бақылауға арналған қосымша тетіктер бар. Курьер жеткізу нүктесінен 300 метрден астам қашықтықта болса, «Мен келдім» батырмасы іске қосылмайды. Курьер сәлемдемені алғаннан кейін тапсырысты клиенттің растауынсыз тоқтата алмайды. Жеткізуді аяқтау үшін жөнелтуші мен алушыда болатын арнайы кодты енгізу қажет.

Сервис шарттарына сәйкес, сәлемдеме ішіндегі заттардың ұсынылатын ең жоғары құны – 25 000 теңге. Жеткізілетін жүктің ең жоғары салмағы көлік түріне байланысты: автокөлікпен – 20 келіге дейін, велосипед және мотоциклмен – 10 келіге дейін, жаяу курьермен –   5 келіге дейін. Компанияның хабарлауынша, құны 25 000 теңгеге дейінгі сәлемдемелерді сақтандыру бизнес-тапсырыстар үшін қарастырылған.

Шағын және орта бизнеске арнайы

Wolt, Glovo және inDrive.Курьері шағын және орта бизнеске жеткізуді ұйымдастырудың түрлі жолдарын ұсынады. Wolt пен Glovo кәсіпкерлерге өз тауарларын маркетплейстер арқылы сатуға және жаңа сатып алушылар тартуға мүмкіндік береді. Ал жеке клиенттік базасы бар бизнеске арналған арнайы шешімдер де қарастырылған. Олардың қатарында Wolt Drive, Glovo On-Demand және inDrive.Курьері қызметтері бар.

Wolt пен Glovo нақты шарттарын өтінім берілгеннен кейін ұсынады, дегенмен  бірқатар мәлімет бар. Alatau City Bank мәліметінше, Wolt әр тапсырыстан шамамен 25-30% комиссия алады. Glovo-да өз курьерлерімен жеткізу кезінде комиссия шамамен – 30%, ал өзі алып кететін жағдайда 15%-ға жуық болады. Wolt қызметіне қосылу үшін ақы алынбайды. Ал Glovo тапсырыстардан түсетін комиссиядан бөлек, тұрақты төлемдер де алады. Қызметті белсендірудің бір реттік төлемі шамамен  65 000 теңге + ҚҚС құрайды, сонымен қатар ай сайын шамамен 4 500 теңге және Prime аудиториясына қол жеткізу үшін әр тапсырысқа 170 теңгеге дейін қосымша төлем қарастырылған.

Wolt Drive тапсырысты шамамен 60 минут ішінде орындауға бағдарланған «соңғы милядағы» жеткізуді ұсынады, Glovo On-Demand кәсіпкерлерге Glovo платформасынан тыс қабылданған тапсырыстарды жеткізуге мүмкіндік береді. Ал inDrive.Курьері сервисінде бизнес жеткізу бағасын өзі ұсынады. Курьер бұл бағаны қабылдай алады немесе өз ұсынысын білдіреді.

inDrive.Курьері қызметінің тағы бір ерекшелігі – ұзақмерзімді келісімшарт жасаудың қажеті жоқ. Кәсіпкерлер жеткізуге тапсырысты қажетіне қарай бере алады. Мысалы, маусымдық акциялар, мерекелер немесе бір реттік жарнамалық таратылымдар кезінде пайдалануға болады. Веб-нұсқасы арқылы бір уақытта 100 жеткізілімге дейін басқаруға мүмкіндік бар. 

Қай сервисті таңдаған дұрыс?

– Мейрамхана тағамдарын, азық-түлік немесе дәрі-дәрмекке тапсырыс беру үшін Wolt пен Glovo қызметтерін пайдалануға болады. Ал дүкеннен тауар алдыру немесе алдын ала сатып алынған заттарды жеткізу үшін inDrive.Курьері де қолайлы. Wolt пен Glovo маркетплейс ретінде жұмыс істеп, жеткізу құнын өздері есептейді және соңғы соманы тапсырыс себетінде көрсетеді. Қызметті жиі пайдаланатындарға жазылу шарттарын қарастырған жөн.

– Құжаттарды, кілттерді немесе сыйлықтарды бір мекенжайдан екіншісіне жіберу үшін Wolt, Glovo немесе inDrive.Курьері сервистерін таңдауға болады. Алғашқы екі платформа бағаны өз тарифтері бойынша есептейді. inDrive.Курьері қызметінде тапсырыс беруші жеткізу құнын өзі ұсынып, оны курьермен келіседі.

– Кәсіпкерлердің Wolt, Glovo немесе inDrive.Курьері арасынан таңдауы бизнестің мақсатына байланысты. Егер жаңа сатып алушылар тарту қажет болса, Wolt пен Glovo маркетплейстері арқылы тауар сатуға болады. Ал тұрақты клиенттері бар бизнеске өз тапсырыстарын жеткізу үшін Wolt Drive, Glovo On-Demand немесе inDrive.Курьері қызметтері қолайлы болуы мүмкін. Соңғысы жеткізу бағасын өз бетінше келісуге және ұзақмерзімді келісімшартсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.