Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Қытай делегациясының өкілдерімен кездесуінде өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары, оның ішінде CAR-T және CAR-NK заманауи жасушалық технологияларын қолдану мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кездесуде жасушалық иммунотерапияны онкологиялық аурулардың жекелеген түрлерін емдеуде қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Бұл технологиялар пациенттерді емдеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен бірге оларды одан әрі ғылыми тұрғыдан зерделеу, сараптамалық бағалау және Қазақстанның клиникалық тәжірибесіне енгізу мүмкіндіктерін айқындау қажет.
Тараптар сондай-ақ молекулалық және генетикалық диагностиканы дамыту, скринингтік бағдарламаларды жетілдіру және онкологиялық ауруларды ерте анықтау тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша алдағы ынтымақтастықтың мынадай бағыттары айқындалды:
- инновациялық медициналық технологияларға бірлескен сараптамалық бағалау жүргізу және оларды Қазақстанда қолдану мүмкіндіктерін зерделеу;
- жасушалық иммунотерапия, молекулалық және генетикалық диагностика салаларындағы ғылыми зерттеулерді дамыту;
- онкологиялық ауруларды, оның ішінде өкпе обырын ерте анықтау бағдарламаларын жетілдіру бойынша тәжірибе алмасу;
- қазақстандық және қытайлық мамандардың арасында бірлескен білім беру бағдарламаларын, тағылымдамалар мен кәсіби тәжірибе алмасуды ұйымдастыру.
«Қытайдың жетекші ғалымдарымен және медициналық орталықтарымен өзара ынтымақтастық отандық онкология ғылымы мен практиканың дамуына қосымша серпін беріп, Қазақстанның инновациялық шешімдерді енгізу жөніндегі өңірлік алаң ретіндегі әлеуетін нығайта түсетініне сенімдімін», – деп атап өтті ведомство басшысы.