АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында American Film Market халықаралық кинонарығы өтті. Оған әлемнің жетекші кинокомпанияларының өкілдері, продюсерлер, дистрибьюторлар мен кино саласының өзге де мамандары қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Халықаралық іс-шараға Қазақстан атынан Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының мамандары қатысты. Олар киностудияның фильмдерін, сондай-ақ Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген киножобаларды таныстырды.
Іс-шара аясында киностудияның халықаралық ілгерілету бөлімінің басшысы Ольга Хлащева мен бөлімнің жетекші маманы Гулизада Курбанова шетелдік дистрибьюторлармен және киноиндустрия өкілдерімен іскерлік кездесулер өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар қазақстандық фильмдерді халықаралық прокатқа ұсыну, жаңа нарықтарға шығу, фильмдерді тарату жүйесін дамыту және ынтымақтастықты жалғастыру мүмкіндіктерін талқылады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, American Film Market кинонарығына қатысу отандық киноны әлемге танытуға, халықаралық кәсіби байланыстарды кеңейтуге және қазақстандық фильмдерді шетелдік көрерменге кеңінен ұсынуға бағытталған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.