Жиында Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Зәкиева бүгінде Қазақстанда 7 миллионға жуық бала бар екенін, бұл ел халқының үштен бірін құрайтынын айтты. Ол балалардың құқығын қорғау, олардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы балаларды қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған ауқымды реформаларға бастамашы болып, бұл мәселеге ерекше назар аударып келеді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы жылдың басында қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы балалар құқығын қорғау саласындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Бағдарлама әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім беру және қауіпсіздік салаларында балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғаудың қолданыстағы тетіктерін біріктіреді. Тұжырымдама жоспарында баланың бірыңғай цифрлық маршрутын енгізуден бастап, қиын өмірлік жағдайға тап болған, жетім, сонымен қатар ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 111 ұйымның 44-іне күрделі жөндеу жүргізуге дейінгі шаралар қарастырылған, – деді Динара Зәкиева.
Сонымен қатар Құрылтай Төрағасы орынбасарының айтуынша, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының міндеттерін іске асыру мақсатында депутаттар үш заң жобасын әзірледі. Соның бірі – «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасы. Айта кетейік, бұл – заңнамалық тұрғыда ойлау қабілетіне ие жасанды интеллект кіріктірілген AI-Quryltai цифрлық интеллектуалды ортада әзірленген алғашқы заң жобасы. Аталған жүйе балалардың цифрлық және ақпараттық ортадағы қауіпсіздігіне қатысты қазіргі жағдайды терең талдауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жаңа қауіп-қатерлер мен технологиялардың дамуын ескере отырып, кешенді шаралар ұсынылған. Бұл ретте AI-Quryltai-дың көмегімен әзірленген барлық ұсынысты депутаттар, шақырылған ақпараттық және цифрлық қауіпсіздік саласының сарапшылары мен заңгерлер тексеріп, қосымша пысықтаған.
Жаңа шаралардың қатарында онлайн ойындарды қоса алғанда, цифрлық және ақпараттық өнімдердің ықтимал қатерлерін көрсете отырып, оларды міндетті түрде таңбалауды енгізу, мұндай өнімдерді уәкілетті мемлекеттік органның верификациялауынан өткізу, балаларға қауіп төндіретін контентті мониторингтеу және бұғаттау, сондай-ақ белгіленген талаптарды бұзғаны үшін платформалар иелерінің жауапкершілігін белгілеу бар. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың маркетплейстерде тауар сатып алуын реттеу, барлық цифрлық платформада «ата-ана бақылауы» функциясы мен баланың жеке басын сәйкестендіру және оның цифрлық ортадағы өзара әрекеттесу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін фотосуреті бар балалардың ID-картасын енгізу көзделген. Барлығы 120-дан астам түзету әзірленіп отыр.
Қазіргі уақытта заң жобасы тиісті қорытынды алу үшін Үкіметке жолдануда. Оны пысықтау жұмысы Құрылтайдағы жұмыс тобы шеңберінде жалғасады.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасының 2026-2030 жылдарға арналған іс-шараларын жүзеге асыру барысы мен алдағы міндеттер туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады. Ол Тұжырымдаманы іске асыру қорытындысы бойынша балалардың әл-ауқат индексін 68 балға дейін арттыру, мамандардың 100 % салалық білім иесі болуын қамтамасыз ету және балалардың құқықтық қорғалу деңгейін 97%-ға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Баяндамада білім беру сапасын арттыруға және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік жүйені дамытуға ерекше назар аударылды.
– Мемлекет басшысының 2026 жылғы 12 мамырдағы Жарлығына сәйкес, қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту үшін жасанды интеллект орта білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізілуде. Бірінші кезеңде 500 пилоттық мектеп қамтылды, 2028 жылға қарай барлық 2,6 мың шағын жинақты мектепті қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша еліміздің 20 өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды, онда 200-ге жуық маман жұмыс істейді. Сонымен қатар әр 5 мың балаға кемінде бір маманды қарастыратын норматив енгізілді, бұл институционалдық мүмкіндіктерді нығайтуға мүмкіндік берді, – деді Оқу-ағарту министрі.
Қосымша баяндама жасаған Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру барысында ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, ол іс-шаралардың формалды түрде орындалу қаупіне, ведомствоаралық үйлестірудің жеткіліксіздігіне, сондай-ақ нақты нәтижелер үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту қажеттігіне назар аударды. Депутаттың айтуынша, атқарылған іс-шаралардың санын ғана емес, нақты өзгерістерді де бағалау маңызды. Яғни балалардың көмекті қаншалықты уақытылы алатынын, оңалту мерзімдерінің қысқаруын және олардың қауіпсіздік деңгейінің артуын ескеру қажет.
Бұған қоса, комитет төрағасы өзекті мәселелер қатарында балаларды тұрмыстық қауіп-қатерлерден, буллингтен және цифрлық ортадағы тәуекелдерден қорғау шараларының жеткіліксіздігін, ерте диагностика мен оңалту мәселелерін, сондай-ақ ауылдық жерлерде үйірмелер мен секциялардың қолжетімділігін атап өтті. Сонымен қатар ол өңірлік іс-шараларды қаржыландырудың атаулылығын арттыру және бағдарламалық құжаттың тиімділік көрсеткіштерін жетілдіру қажеттігіне ерекше тоқталды.
Талқылау барысында Құрылтай депутаттары «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға қатысты бірқатар мәселені көтерді. Олардың қатарында балалардың әл-ауқаты индексін бағалау критерийлерін жетілдіру, балалардың қауіпсіздігін арттыру үшін цифрлық биометриялық тетіктерді енгізу, инклюзивті білім беруді дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ балалар еңбегін заңсыз пайдалану жағдайларын анықтау және олардың алдын алу мәселелері бар. «Баланың цифрлық маршруты» платформасын мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялауға және оның проактивті жұмысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
«Әділет», «Ауыл», ЖСДП және Respublica партиялық фракцияларының өкілдері де өз пікірлерін білдірді. Депутаттар тарапынан түскен барлық сұрақ пен ұсыныс жинақталып, ұсынымдар түрінде Үкіметке жолданады.
Бұл ретте, ұсынымдардың жеке бір бөлігі Оқу-ағарту министрлігіне бағытталған. Басым міндеттердің қатарында балаларға арналған инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне назар аударылды. Атап айтқанда, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар базасында балаларға арналған үйірмелерді жаңғырту және ашу жоспарларын әзірлеу, балалардың бос уақытын өткізу мүмкіндіктерін кеңейту, техникалық шығармашылық, робототехника және цифрлық дағдылар бойынша заманауи үйірмелерді дамыту, сондай-ақ жетім балаларға арналған ұйымдар мен арнаулы білім беру ұйымдарын жөндеу және жаңарту көзделген.
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Журналистердің сұрақтарына Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов, Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева мен Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков жауап берді.