«РобоШаңырақта» бас қосты

Шымкентте алғаш рет бүлдіршіндер мен ата-аналарды ортақ шығармашылыққа біріктірген отбасылық робототехника жарысы өтті. «РобоШаңырақ» деп аталған бұл бастама заманауи технологияны меңгертумен қатар, отбасындағы өзара қолдау, бірлік пен ынтымақтастық құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.

Қоғамның берік негізі – отбасы. Бала тәрбиесі, оның дүниетанымы мен азаматтық ұстанымының қа­лып­тасуы ең алдымен отбасындағы қа­рым-қатынасқа, ата-ананың өне­гесі мен балаға бөлген уақытына бай­ланысты. Осы тұрғыдан алғанда, ата-ана мен баланы ортақ мақсатқа жұ­мылдыратын, бірге ізденіп, бірге үй­ренуге мүмкіндік беретін баста­малардың маңызы зор. Шымкентте RoboPark робототехника мектебінің ұйымдастыруымен өткен алғашқы «РобоШаңырақ» отбасылық жары­сы осы бағыттағы мазмұнды жоба­лар­дың бірі болды. Сайысқа 3-5 жас ар­алығындағы бүлдіршіндер мен олар­дың ата-аналарынан құралған 30 команда қатысты. Қатысушылар LEGO WeDo 2.0 конструкторының кө­ме­гімен робот құрастырып, оған бағ­дарлама жасап, өз жобаларын көп­шілік назарына ұсынды.

Жарыстың ерекшелігі мұнда ба­ланың ғана емес, ата-ананың да бел­­сенділігі маңызды болды. Әке­лер мен аналар бүлдіршіндеріне ба­ғыт-бағдар беріп, тапсырмаларды бір­ге орындады. Бірі роботтың құ­ры­лымын құрастыруға көмектессе, ен­ді бірі бағдарламалау мен жобаны та­ныстыруға атсалысты. Осылайша, тех­нологиялық сайыс отбасылық қа­рым-қатынасты нығайтатын ор­тақ шығармашылық алаңға айнал­ды.

Жарыс қорытындысында 30 ко­манданың барлығына І орын бері­ліп, әр бала бірдей медальмен мара­пат­­талды. Бұл шешімнің де өзіндік тәр­биелік астары бар. Ұйымдас­тыру­шылар жеңімпаз бен жеңілгенді бөліп-жарудан гөрі, әр баланың талпынысын, белсенділігін және ата-анасымен бірге атқарған еңбегін ба­ғалауды көздеген. Нәтижесінде, жа­рыс бәсекеден бұрын ынтымақ­тас­тық пен ортақ жетістіктің мере­ке­сіне айналды.

Мемлекет саясатының маңызды ба­ғытының бірі – отбасылық инс­ти­­­­тутты нығайту, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікті арттыру және ба­лаға қолайлы орта қалыптастыру. Бұл міндеттер тек әлеуметтік қолдау ша­раларымен шектелмей, қоғамда ата-ана мен бала арасындағы бай­ла­нысты күшейтетін осындай маз­мұнды жобалар арқылы да жүзеге асу­ға тиіс.

Ең маңыздысы – ата-ана мен ба­ланың бір мақсатқа жұмылып, бір­ге ізденіп, бірге қуана білуі. Өйт­кені технологиялық тұрғыдан да­мы­ған қоғамның да берік іргетасы – тәр­биелі ұрпақ пен ынтымағы жа­рас­қан отбасы.

Назгүл НАЗАРБЕК, 

Шымкент қаласы