Ескі кәрізге – жаңа құжат

Атырауда орталықтандырылған кәріз жүйесін дамытуға арналған жаңа жол картасы бекітілді. Құжатқа сәйкес, 2027 жылдан бастап бірнеше шағынауданда кәріз желілерінің құрылысы басталып, алдағы жылдары қаланың бірқатар аумағы инженерлік инфрақұрылыммен қамтылмақ.

Осыдан екі жыл бұрын Атырау облысында болған су тасқыны кезінде облыс орталығындағы «Жұлдыз», «Мирас», «Химзавод» және басқа да аумақтарда жерасты суының көтерілуі, аулаларды су басу, тұрғын үйлердің іргетасына зақым келу, үйдің құлауы сияқты мәселелерді көзбен көрген болатынбыз. Жерасты суларының көтерілуі, оған көктемгі тасқынның қосылуы салдарынан зардап шеккен тұрғындар аз болмады. Енді жаңа бағдарлама осы проблеманы болдырмауға атсалыса ала ма?

Шаһардың басым бөлігінде жүйе жоқ

Қаладағы кәріз инфрақұрылымының жағ­дайы көптен бері тұрғындарды алаңдатып ке­леді. Бұған дейінгі ресми мәліметке сәйкес, Атырау қаласының 80 пайызы орта­лық­тан­дырылған кәріз жүйесіне қосылмаған. Олар­дың көпшілігі қала маңындағы шағын ауыл­дар. Орталық кәріз желісінің болмауы тек тұр­мыстық қолайсыздық туғызып отырған жоқ. Жаңбыр жауып, қар еріген кезде жерас­ты суының деңгейі көтеріліп, кей жерлерде жер бетіне шығады. Салдарынан аулалар суға толып, үйлердің іргетасы отырады, қабыр­ға­лар­да жарық пайда болады. Бұл бір маусымда ғана байқалатын құбылыс емес. Кейбір тұр­ғындар мұндай жағдаймен бірнеше жылдан бері күресіп келеді.

Жерасты суы мен су бұру инфрақұрылы­мы­на қатысты мәселе «Химзавод» аумағы үшін де маңызды. Көктемгі жауын-шашын мен су тасқыны кезеңінде бұл аумақта да тұр­ғын­дар су жиналуына байланысты қиындық­тарға тап болып келеді. Сондықтан «Химза­вод» шағынауданының 2028 жылға жоспар­лан­ған кәріз құрылысы тізіміне енгізілуі – жер­гілікті халық үшін маңызды жаңалық. Де­­­генмен мұнда бір жайтты ескеру қажет, кә­різ жүйесі мен дренаждың атқаратын қыз­меті екі бөлек. Кәріз құбырлары тұрмыстық ағын суды әкетсе, дренаж жүйесі жерасты суы­ның деңгейін реттеуге арналған. Ал нө­сер­лік су бұру желілері жауын-шашыннан кейін жиналған суды әкетеді. Демек, «Хим­по­селокте» тек кәріз құбырларын тарту тұр­ғын­дарды су басу қаупінен толық қорғайды деу­ге болмайды.

Облыс әкімдігі Атырау қаласының су бұру жүйе­сін дамытуға арналған жол картасын бе­кіт­ті. Сонымен қатар облыс әкімінің орын­ба­сары жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл мәселе облыс әкімі Болат Ақ­шо­­лақовтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде талқыланды.

«Атырау облысы Су Арнасы» КМК бас­шы­сы Мейірім Қалауидің мәліметінше, бағ­дар­ламаның алғашқы кезеңінде 2027 жылы же­ті жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 

– Жаңа кәріз желілері «Мирас», «Геолог», «Жұл­дыз» және «Береке» шағынаудандарында, сон­дай-ақ Еркінқала ауылдық округі бағы­тын­да салынады. 2028 жылы құрылыс жұмыс­та­ры «Балауса», «Нұрсая», «Лесхоз» шағы­нау­дандарын, «Ет комбинаты», «Құрсай», «Хим­завод» және «Көкарна» аумақтарын қамтиды. Кейінгі кезеңдерде «Мұнайшы», СМП-136, СМП-163 шағынаудандары, Талғайран ауы­лының бағыты және «Ерік Мостовой» арна­сының бойында су бұру инфрақұрылымын дамыту көзделген. Бұдан бөлек, қолданыстағы кәріз-сорғы станcаларын жаңғырту жоспар­ланып отыр, – деді Мейірім Қалауи. 

Жоспарға қосымша қаржы керек

Жол картасында дренаж жүйесін дамытуға және жерасты суының деңгейін реттеуге де ба­­сымдық берілген. Облыс әкімі Болат Ақ­шо­лақов мамандарға гидрогеологтармен бір­лесіп, архивтік мәліметтерді зерделеуді жә­не Астананың дренаж жүйесін салу мен пай­далану тәжірибесін зерттеуді тапсырды. Мұн­дағы мақсат – тиімді техникалық шешім­дерді Атыраудың табиғи және геологиялық ерекшеліктеріне бейімдеу. 

Бұрын белгілі гидрогеолог Едіге Сабуров тас­қын кезінде берген сұхбаттарының бірінде Аты­рау қаласы мен оған жақын елді мекен­дердегі жерасты суының тұздылығы жоғары екенін айтқан еді. Сондықтан маман суды жай ғана сорып шығару мәселені түбегейлі шеш­пейтінін, жерасты суының көтерілу се­беп­тері анықталып, оның деңгейін реттеудің ғы­лыми негізделген тәсілі таңдалуы қажет еке­нін айтып кеткен еді. 

Облыс басшылығы кәріз жүйесін дамыту­ға арналған бесжылдық мерзімнің тым ұзаққа созылуы мүмкін екенін де ескеріп отыр. Сон­дықтан жобаларды жеделдету үшін қосымша қаржы көздерін қарастыруда. Атап айтқанда, Болат Ақшолақов жұмысшы топқа мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке инвесторларды тарту және халықаралық даму институттарынан ұзақмерзімді қаржылан­дыру мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды. Сонымен бірге қаладағы кәріз желілері мен құдықтарды толық түгендеу көзделіп отыр. Мамандар олардың орналасқан жерін, те­х­никалық параметрлері мен қазіргі жағдайын анықтап, бірыңғай дерекқор қалыптастырмақ. Облыс әкімі Болат Ақшолақов орталық­тан­дырылған су бұру жүйесін дамытуға қа­тыс­ты қажетті шешімдер қабылданғанын айтып, жобалық құжаттаманы әзірлеуді жеделдетуді және жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді тапсырды.

Қалай алғанда да, Атырау үшін кәріз жүйе­сін дамыту – жай ғана коммуналдық жо­ба­ның бірі емес, тұрғындардың қауіпсіз­дігіне, баспанасының сақталуына және қала­ның болашақ дамуына тікелей әсер ететін мә­селе. Ендігі кезекте бесжылдық жоспардың қа­ғаз жүзінде қалмай, тұрғындар күткен нақ­ты нәтижеге айналуы маңызды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы