Ботамойнақ ауылының тұрғыны Ерсейіт Миятбектің денесін әкесі ауылдағы спорт алаңының маңынан тапқан. Қазір күдікті ретінде 11-сынып оқушысы қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Дегенмен бұл мәселенің ауқымын бір оқиғамен өлшеуге келмейтіндей.
Ресми мәліметке сүйенсек, жұма күні түнгі сағат 22.00 шамасында жасөспірімдер арасында жанжал туып, нәтижесінде 2011 жылы туған Ерсейіт кеудесіне тиген соққыдан көз жұмған.
– Бұл қылмыстық іске қатысты күдікті ретінде танылған азамат қамауға алынды. «Біреудің денсаулығына қасақана зиян келтіріп, адам өмірін қию» бабы бойынша қазір қылмыстық іс қозғалды. Барлық жағдай құзырлы органдар тарапынан жан-жақты зерделенуде, – дейді облыстық Білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков.
Ал марқұмның әкесі Ертай Қонысбаев ұлы мен достарын жинап алып, үлкен сыныптың оқушылары соққыға жыққанын айтады.
– Баламды достарымен жинап алып, бәрін ұрған. Ең соңында менің балам тұрған. Балам телефон қарап тұрған екен. Өзі арық, ұзын бойлы, жіңішке бала болатын. Көкірегінен ұрған кезде шалқасынан құлаған. Бұлар талып қалды ма деп көршінің үйінен су алып келіп, су шашқан. Отырғызған, тұрғызған. Балам оянбаған. Сөйтіп, жарыққа шығарған да, «стадионда құлап қалды» деп жедел жәрдем шақырып, қашып кеткен, – дейді.
Ерсейіттің әкесі оқиға орнына жеткенде баласының денесі әлі жылы болғанын, оны көтеріп, есін жиғызуға тырысқанын айтып отыр. Алайда келген жедел жәрдем қызметкерлері оның қайтыс болғанын хабарлаған.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, балалар сол күні футбол алаңына жиналған. Қараңғы түскенде жоғары сынып оқушылары кішілерді жинап, кезекпен ұра бастаған. Осылайша, үлкен сыныптың оқушылары кіші балаларға күш көрсетіп, «тәрбиелемек» болған көрінеді.
Марқұмның анасы Айгүл Абзалиеваның айтуынша, ұлы момын, IT саласына ерекше қызыққан екен. Сол күні ана баласын футбол алаңына жібергісі келмепті.
– Ұлым сол күні үйде теледидар көріп отырған. Бір кезде футбол алаңына барып ойнап келуге сұранды. Мен жібергім келмегенімен, әкесінен рұқсат алып үйден шығып кетіпті. Соның артынша көп ұзамай баламның қазасын естідім. Маған баламды көрсетпеді. Қайғылы оқиғадан кейін ауыл ақсақалдары үйге жиналып, күдікті баланың ата-анасы кешірім сұрады. Негізі ауыл ақсақалдары бұрыннан осылай жүріп, жастарға бас-көз болса, мұндай болмас па еді?! Ауыл ақсақалдары үйіме келіп кешірім сұрағанша, ауыл жастарының тәрбиесіне көңіл бөлсе дұрыс болар еді, – дейді жүрегі қан жылаған ана.
Марқұмның ата-анасы қамауға алынған жасөспірімді жақсы таниды. Оның мінез-құлқын оң бағалап отыр. Сондықтан Ерсейіттің ата-анасы кешірім беруге дайын.
– Мен күдікті баланы аяп отырмын. Көрші тұрамыз. Әке-шешесін де жақсы танимын. Сондықтан кешірім беруге дайынбыз, – дейді Айгүл Абзалиева.
Иә, ана жүрек баласынан айырылса да ұлына қастандық жасады деген баланы да аяп отыр.
Жалпы, кейінгі жылдары неге осындай оқиғалар жиілеп кетті? Мұндай жағдайлардың қалай алдын аламыз? Ардагер ұстаз Есенкүл Қохаеваның айтуынша, баланы балабақшадан бастап тәрбиелеу керек.
– Негізі қазір кез келген баланың мінез-құлқы балабақшадан байқалады. Егер бала бөбекжайда ашуланшақ, шатақ мінезді болса, ол сол мінезді мектепке алып келеді. Содан ол бала балабақшада істегенін мектепте де істейді. Әр бала бір үйдің еркесі болғаннан кейін қазір балабақшадағы тәрбиешілер оған сөйлей алмайды. Бұзықтығын көріп тұрса да еш ескерту жасамайды. Ата-анасына да айтпайды. Үйде баланың бұзықтығын анасы әкесінен жасырады. Содан барып біз мектепке бұзық, өз айтқанын істететін баланы тәрбиелеп апарамыз. Ол балабақшадан көргенін енді мектептегі сыныптастарына істейді. Қазір балаға «ой, әлі бала ғой» деп қарауға болмайды. Әр баланы балабақшадан бастап тәрбиелеу керек. 2 жасар баладан агрессивтік мінез-құлықты байқадың ба, оны бірден тиісті мамандарға көрсету керек. Сонда ғана біз әдепті, тәрбиеге көнетін баланы тәрбиелеп шығарамыз, – дейді ардагер ұстаз.
Ал талай жылғы өмірін білім саласына арнаған Айман Садыққызының айтуынша, бар мәселе мектеп әкімшілігінде екен.
– Қазір мектеп басшылығы бұзық баланың ата-анасын жиынға салмақ түгілі оқушының теріс қылықтарын жасырады. Мектеп директоры да, ұстаздар да «оқу орнының атына нұқсан келеді» деп оқушылардың бұзақылық әрекеттерін жасырумен әлек. Ал бұзықтығы жазасыз қалған бала одан әрі күшейе түседі. Оның арты Байзақ ауданындағыдай қайғылы оқиғаға апаруда. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дейді дана қазақ. Сондықтан жастардың бұзақылығын жасырмай, дер кезінде қолға алса, орны толмас қайғылы оқиғалар болмас еді, – дейді Айман Садыққызы.
Ал облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлованың айтуынша, Байзақтағы қылмыстық іс департамент басшысының тікелей бақылауында. Тергеу амалдары жүріп жатуына байланысты басқа ақпарат айтылмайды. Десе де, облыстық прокуратура облыс көлемінде тексеру жұмыстарын жүргізіп, мектеп қабырғасында «система» деп аталатын бейресми құрылым әлі де әрекет ететінін хабарлады.
– Зерделеу барысында ауыл мектептерінің оқушылары арасында өзіндік иерархиясы, мінез-құлық және бағыну қағидалары, сондай-ақ жазалау тәртібі бар «система» деп аталатын бейресми құрылым әрекет еткені анықталды, – деп жазылған хабарламада.
Прокуратураның тексерісі мен алаңдауы орынды. Себебі өткен жылы дәл осы Байзақ ауданындағы әжетханада мектеп оқушысы кеудесінен алған соққыдан көз жұмған еді. Сол кезде де үлкен сыныптың оқушыларының әлімжеттігі туралы айтылған. Тіпті мектептерде «старшак», «смотрящий», «положенец» сынды билік үстемдігін құратын құрылымдардың әрекет ететіні көтерілген. Алайда Байзақтағы мектеп оқушысының сол қазасы жауаптыларға сабақ болмаған секілді. Себебі араға жыл салмай жатып тағы бір мектеп оқушысы әлімжеттіктен көз жұмып отыр. Демек, бұл Байзақ қана емес, тұтас Жамбыл облысының білім саласының кем тұсын көрсетіп отыр. Сондықтан Білім басқармасы, аудандық білім бөлімі, мектеп басшылығы құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп, мектептердегі әлімжеттіктің алдын алғаны жөн. Әйтпесе, ай-күннің аманында ел ертеңі саналған жастарымыз қаза тауып, бармақ тістей беруіміз мүмкін.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы