Ал клиент тауардың не қызметтің ақысын сол картаға аударса, ол кәсіптің табысы болып есептеледі. 10 қарашадан бастап мобильді аударымдарды бақылаудың ақшалай шегі 1 млн 557 мың теңгеге көтерілді. Жаңа меже банк жеке шоттағы түсім туралы мәліметті салық органына қандай жағдайда беретінін айқындайтын болады.
Мемлекеттік кірістер комитеті өкілінің сөзінше, 2026 жылғы 10 қарашадан бастап мобильді аударымдарды бақылауда қолданылатын ақшалай меже 1 млн 557 мың теңгеге жетті. Бұған дейін ол 1 млн 20 мың теңге еді. Үш айдағы түсімге қойылатын шек осылайша 537 мың теңгеге, яғни 52,6 пайызға өсті. Жаңа меже айлық есептік көрсеткішпен есептелмек.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынованың айтуынша, банк жеке шотқа қанша ақша түскенін де, оны қанша адам жібергенін де есепке алады. Жіберушілер саны қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысы бойынша жеке саналады. Ал ақша көлемін анықтағанда осы үш айдағы түсім қосылады.
– Өздеріңіз білесіздер, жеке тұлғаға қатарынан үш ай бойы ай сайын 100 түрлі адамнан мобильді аударым түссе, бұл аударымдар бақылауға алынады. Бұған дейін үш айда түскен ақшаның жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуға тиіс еді. Енді сол межені 360 айлық есептік көрсеткішке ауыстырдық. Яғни шекті сома 1 020 000 теңгеден 1 557 000 теңгеге өсті, – деді Дина Құсайынова.
Айталық, анасы баласына бір ай бойы күн сайын ақша жіберді. Банк сол айдағы жіберушілерді санағанда, анасы бір адам болып есептеледі. Ал қазанда 120, қарашада 110, желтоқсанда 150 бөлек адамнан ақша түссе, үш айдың әрқайсысында жіберушілер санына қойылған талап орындалады. Сонда банк осы кезеңде шотқа түскен қаражаттың жалпы сомасын қарайды. Ол белгіленген межеден асса, мәлімет салық органына беріледі.
Неліктен 360 АЕК?
Құсайынова ақшалай меженің өзгеруін Кәсіпкерлік кодексіндегі түзетулермен байланыстырады. Комитет өкілінің түсіндіруінше, мобильді аударымдарды бақылау тәртібіндегі ақшалай өлшем кәсіпкерді міндетті тіркеуге қатысты кодексте көрсетілген мөлшерге сәйкестендірілген.
– Бұл өзгеріс Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген түзетулерге байланысты. Кодекске сәйкес, кәсіпкерлік қызметтен түскен жылдық табысы 360 АЕК-тен асқан жеке тұлғалар дара кәсіпкер ретінде міндетті түрде тіркелуге тиіс, – деді ол.
Екі жағдайда да 360 АЕК көрсетілгенімен, есептелетін мерзім мен қаражаттың сипаты бөлек. Банк мәлімет жолдау шарттарын қарағанда жеке шотқа қатарынан үш айда түскен ақшаны есептейді. Ал Құсайынова сөз еткен міндетті тіркелу талабында бір жыл ішінде кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс ескеріледі. Сондықтан банк мәлімет жолдай ма деген сұраққа үш айдағы түсім мен жіберушілер саны арқылы жауап берілсе, кәсіпкер ретінде тіркелуге қатысты бұл талапты бағалағанда жылдық табысқа қарайды.
Құсайынованың айтуынша, бақылау тауардың, атқарылған жұмыстың немесе көрсетілген қызметтің ақысын жеке шотына алып жүрген азаматтарды анықтауға бағытталған. Комитет өкілі кәсіпкер клиентпен QR-код арқылы да, қолма-қол да есеп айырыса алатынын түсіндірді. Екі жағдайда да төлем тіркелуге тиіс.
– Кәсіпкерлер өз қызметі үшін төлемді кәсіпкерлік шот арқылы қабылдауға тиіс. Клиент QR-код арқылы төлесе, ақша кәсіпкерлік шотқа түсуі керек. Ал қолма-қол есеп айырысқанда бақылау-касса машинасы арқылы чек берілуі қажет. Тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін жасалған барлық төлем тіркелуге тиіс, – деді Дина Құсайынова.
Ал жеке картаға түскен қызмет ақысы үш айда 1 млн 557 мың теңгеге жетпесе, оны қалай есепке алады? Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова мұны шебердің табысы мысалында түсіндірді.
– Мобильді аударымдардың бақылау шегінің жоғарылауы – ең алдымен, салықтық әкімшілендіру критерийлерінің бірін жеңілдету. Бұл азаматтарды салық төлеуден босату немесе тауарлар мен қызметтер үшін төлемді жеке банк картасына қабылдауға рұқсат беру деген сөз емес, – деп атап өтеді Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова.
Банк мәліметті қай кезде береді?
Қаржыгердің түсіндіруінше, банк кәсіпкерлікке арналмаған жеке шотқа қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында кемінде 100 бөлек адамнан ақша түсіп, сол кезеңдегі жалпы сома 360 АЕК-тен асқанда мәліметті салық органдарына жолдайды. Есепке үш айдағы түсімнің жиынтығы алынады. Ал ақша жіберген адамдардың саны әр ай бойынша жеке есептеледі.
Сөз басындағы шебердің жағдайын алайық. Үш айдың әрқайсысында оған жүз түрлі клиент ақша аударды. Демек, адам санына қатысты шарт орындалды. Бірақ үш айдағы 1,2 млн теңге бұрынғы межеден асқанымен, жаңа шекке жетпейді. Қаржыгердің айтуынша, бұл ақшаның көрсетілген қызмет үшін төленгені оның табыс ретіндегі сипатын айқындайды.
Екінші мысалда жеке шотқа үш айда 1,6 млн теңге түседі. Сома межеден асып тұр, бірақ айлардың бірінде ақша жібергендер саны 80 адам болған. Мұндайда банк осы тәртіп бойынша мәлімет бермейді. Үшінші мысалда да түсім 1,6 млн теңге. Бұл жолы үш айдың әрқайсысында кемінде жүз бөлек адам ақша аударған. Екі шарт та орындалған соң банк мәліметті салық органына жолдайды.
– Жаңа критерий салық салынбайтын шекті соманы белгілемейді, тек ықтимал кәсіпкерлік қызметті анықтау механизмін айқындайды. Халық арасында енді 1,557 млн теңгеден аспайтын кез келген төлемді бизнесті тіркемей-ақ жеке картаға қабылдауға болады деген қате түсінік қалыптастырмау маңыз-ды, – деп түсіндіреді сарапшы.
Туыстың жіберген ақшасы, қайтарылған қарыз немесе ортақ сыйлыққа жиналған қаражат жеке картаға түскені үшін ғана кәсіпкерлік табысқа жатпайды. Ал тауардың не қызметтің ақысы белгіленген межеге жетпесе де табыс болып қала береді. Кәсібін тіркеген адам да түсімін жеке картасына қабылдаса, жоғарыдағы шарттар орындалған кезде банк сол шот туралы мәліметті салық органына береді. Мұнда қаражаттың қай шотқа түскені ескеріледі.
Хабарлама келсе, қайтеміз?
– Белгіленген критерийлерге сәйкес келу бірден тексеру жүргізіледі немесе банк шоты бұғатталады дегенді білдірмейді, – деп атап өтеді қаржыгер. – Қаржы министрлігінің түсіндірмесіне сәйкес, алдымен салық органы ақпараттық хабарлама жібереді. Кейін негіз болған жағдайда камералдық бақылау жүргізілуі мүмкін. Егер оның нәтижесінде сәйкессіздіктер анықталып, хабарлама жолданса, азамат түсініктеме беруге немесе оларды жоюға мүмкіндік алады. Белгіленген критерийлерге сәйкес келудің өзі шот бойынша операцияларды тоқтата тұруға негіз бола алмайды.
Тілеуленованың бағалауынша, шектің өсуі жеке картасына түскен шағын аударымдар жөнінде түсініктеме беруге тура келетін жағдайларды азайтуы мүмкін. Кәсібін енді бастаған адамдарға түсетін әкімшілік салмақ та жеңілдеуі ықтимал. Сонымен бірге кей сатушылар «түсімім осы межеге жеткенше тіркелмей жұмыс істей берсем болады» деп ұғуы мүмкін. Қаржыгер осы тұста кәсіпті ресімдегеннен кейін оны жүргізуге қандай жағдай жасалғанына назар аударады.
– Шағын бизнестің көлеңкелі экономикадан шығуы үшін тек бақылау тетіктері ғана емес, жұмыс істеуге қолайлы жағдайлар да қажет. Атап айтқанда, тіркеудің қарапайым тәртібі, түсінікті салық режимі, есеп жүргізуге арналған қолжетімді цифрлық құралдар, құны төмен бизнес-шоттар мен эквайринг қызметтері, сондай-ақ есептілікке қатысты болжамды әрі тұрақты ережелер болуға тиіс, – деп есептейді қаржыгер.
Сарапшы өзгерістің нәтижесін екі көрсеткішке қарап бағалауды ұсынады. Бірі – жеке аударымдарға қатысты қате жіберілген хабарламалар санының азаюы. Екіншісі – түсіндіру жұмыстарынан кейін кәсібін ресми тіркеген адамдардың саны. Ал экономикалық тиімділікті бағалағанда, кәсіптің ресімделуінен бюджетке қанша қосымша кіріс түскені және сол нәтижеге жету үшін мемлекет қанша шығын жұмсағаны қатар есепке алынады.
– Мен экономикалық тиімділікті заңдастырылған бизнестен түсетін қосымша салық түсімдері мен мемлекеттің құқықбұзушылықтарды анықтауға, банктік ақпаратты өңдеуге және бақылау шараларын жүргізуге жұмсайтын шығындарының арақатынасы арқылы бағалар едім, – деп қорытындылады сарапшы.
Кәмила ДҮЙСЕН