Бестөбеде алтын іздеген адам қаза тапты

Ақмола облысының Бестөбе кентіндегі шахтада тағы бір адам көз жұмды.

Заңсыз кен іздеумен айналысқан азамат тау жыныстарының опырылуы салдарынан үйінді астында қалып, оқиға орнында жан тапсырған. Қазір қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға Бестөбе кентіндегі шахталардың бірінде болған. Қорғалатын нысанға заңсыз кірген алтын іздеушінің үстіне тас құлап, ол ауыр жарақат алған. Алайда оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

- Қорғалатын нысанға заңсыз кіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, бұл Бестөбе кентіндегі шахталар аумағында тіркелген алғашқы қайғылы жағдай емес. Бұған дейін де бір шахтаның аумағынан екі ер адамның мәйіті бір күн аралатып табылған болатын. Одан бөлек, бұған дейін Ақмола облысындағы Бестөбе кенішінде заңсыз кен іздеумен айналысқан тағы екі адам қаза тапқан. Сол кезде де ер адамдарды шахта ішінде тау жыныстары басып қалғаны хабарлаған едік. Осылайша, Бестөбе кеніштеріндегі заңсыз кен іздеу әрекеттері адам өміріне төнетін үлкен қауіптің бірі екенін кезекті қайғылы оқиға тағы бір мәрте көрсетті.

Қазір полиция тергеу жүргізіп, оқиғаның нақты себептері мен өзге де мән-жайларын анықтап жатыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.