ҚазҰУ студентінің қазасынан кейін проректор мен факультет деканы қызметінен босатылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі оқу орны студентінің қазасына байланысты ресми мәлімдеме жариялады.

Университет басшылығы орын алған қайғылы жағдайға орай марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, оқиға бойынша шұғыл тәртіптік және ұйымдастырушылық шаралар қабылданғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ресми ақпаратқа сәйкес, тәрбие жұмысын ақсатқаны және жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты қатаң шешімдер шығарылған.

Болған оқиға – университет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды.
Орын алған қайғылы жағдайға байланысты университет басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қабылданды: тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылды.
Жатақханада сол күні кезекшілікте болған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, әрекеттеріне құқықтық баға берілуде.
Қазаның отбасы үшін қаншалықты ауыр екенін терең сезініп, ата-ана мен жақындарының қайғысына ортақтасамыз. Университет отбасымен байланыста және қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын.
Қазіргі таңда барлық жатақханаларда кешкі бақылау күшейтіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілді.
Университет бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайды, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетуде және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты жариялай алмағанымызбен, қоғам мен марқұмның жақындары үшін барлық жаңалықтар туралы шынайы түрде хабарлап отырамыз, – делінген университет баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.