ҚазҰУ студентінің өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды

Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаға жоғары курс студенттері тарапынан жасалған әлімжеттік себеп болуы мүмкін екенін айтады. Олардың сөзінше, 2-курста оқитын 8 студент 1-курстың 2 студентін бөлмеге шақырып, күш қолданған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс студенті Дауыл Бәкіртайдың қаза табуына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаға жоғары курс студенттері тарапынан жасалған әлімжеттік себеп болуы мүмкін екенін айтады. Олардың сөзінше, 2-курста оқитын 8 студент 1-курстың 2 студентін бөлмеге шақырып, күш қолданған.

Дауылдың туысы Ұлдана Егізбай студентті электршокермен ұрып құлатқанын, кейін соққыға жыққанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға кезінде екінші студентті Дауылдың аяғын көтеріп ұстап тұруға мәжбүрлеген. Туыстары бұл мәліметтерді полиция бөлімінде естігенін жеткізді.

Марқұмның жақындары мәйітхана мамандары Дауылдың жүрек тұсына бірнеше соққы тигенін айтқанын да мәлімдеді. Сондай-ақ студенттің бұған дейін жатақханадағы жоғары курс студенттері тарапынан қысым көргені туралы айтқаны белгілі болды. Бұл мәліметтер әзірге тергеу органдары тарапынан ресми расталған жоқ.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Бостандық аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстаған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Студенттің қазасынан кейін университеттің проректоры мен факультет деканы қызметінен босатылып, тағы бірнеше қызметкер жұмыстан шеттетілді. Оқу орны тергеу органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Айта кеткен жөн, бұл – ҚазҰУ-да соңғы 10 күн ішінде тіркелген екінші студент өлімі. Бұған дейін, 6 қарашада журналистика факультетінің 1-курс студенті қаза тапқан болатын.