Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қаладағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөліміне барып, сарбаздардың тұрмыс-тіршілігімен және бөлімнің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Облыс басшысын әскери бөлім командирі, подполковник Ернар Жантасов қарсы алып, әскери қызметтің негізгі бағыттары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Болат Оралұлы әскери бөлімнің қару-жарағы мен техникасын көріп, далалық оқу орталығын аралады. Сондай-ақ сарбаздар тұратын казарма, асхана және автопарк жағдайымен танысты.
Кездесу кезінде әскери бөлім аумағында сарбаздарға арнап салу жоспарланған жаңа ғимараттың жобасы да таныстырылды. Облыс әкімі жобаны қарап, болашақ нысанның қолайлылығы мен тиімділігін арттыруға қатысты өз ұсыныстарын айтты.