Қазақстанда ипотеканың бастапқы жарнасы 10 пайызға дейін төмендеуі мүмкін

Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.

Қазақстанда ипотеканың бастапқы жарнасын 10 пайызға дейін төмендету мәселесі қарастырылып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір «Отбасы банкімен» бірлесіп жаңа ипотекалық тетіктің қаржылық моделі әзірленіп жатыр. Басты мақсат – баспана алғысы келетін азаматтардың бастапқы қаржылық жүктемесін жеңілдету.

– Қазір бастапқы жарнаны төмендетуді көздейтін тетікті пысықтап жатырмыз. Қаржылық модельді Отбасы банкімен бірлесіп әзірлеудеміз. Шамамен 2027 жылға қарай жаңа тетіктерді таныстырамыз, – деді Бақытжан Жүнісбеков.

Комитет төрағасының сөзінше, жаңа тетік аясында ипотеканың бастапқы жарнасын 10 пайызға дейін азайту жоспарланып отыр.

Әзірге бағдарламаның нақты шарттары, несие мөлшерлемесі мен оған кімдер қатыса алатыны белгісіз. Жаңа ипотекалық тетіктерді 2027 жылы таныстыру көзделген.