Тәртіптің құны неге қымбат?
Тәртіптің құны неге қымбат?
Қазақстанға сырттан төнетін қатер­ден гөрі, елді іштен ірітетін жат пиғыл­ды­лар мен бұқараның несібесін тартып ала­тын, зорлық-зомбылық жасайтын қыл­мыс­керлер мен жемқорлардан көбірек қауіп тө­­нетін тәрізді. Еліміздің қорғаныс және ішкі тәр­­тіпті сақтауға бюджеттен бөліп отырған қар­жы­сына көз салған адам осындай ойда қалады. Қоғам­дық тәртіпті сақтауға бағытталған қаржы көле­міне қарап, «япыр-ау, біз сондай тәртіпсіз елміз бе?» де­гің келеді. Бірақ біздің пайымдауымызша, мәселенің өзге де қыры мен сыры бар. Енді әңгіменің тоқетеріне көшсек, 2020 жылға арналған мемлекеттік  бюджетте еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға 681 млрд  358  млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ал  қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметі үшін 735 млрд 983 млн 685 мың теңге бөлініпті. Яғни, ел ішіндегі тәртіпті қадағалау және қылмыспен күрес үшін бөлінген қаржы 54 млрд теңгеге  көп. Бәлкім, айырмашылық тым көп те емес шығар, бірақ осынау де­рек­тер­ге назар аударған кезде біз еліміз үшін қандай әмселенің өзекті екенін аңғарамыз.  

ҚЫЛМЫС АЗАЙҒАНЫМЕН, ӨЗГЕ ҚАТЕР ЖОҚ ЕМЕС

Жалпы, елдің ішкі тыныштығын қамта­масыз ету, сепаратизмге жол бермеу, «гиб­ридті күрес» тәсілдерін пайдалана отырып, мемлекеттің тұрақтылығына нұқсан келтіретіндердің жолын кесу, қылмысты азайту өзекті екенін екінің бірі біледі. Бәлкім, содан да шығар, ішкі қауіпсіздік үшін бюджеттен мол қаржы бөлініп отыр. Алайда соңғы жылдары елімізде қылмыс мөлшері азайып келе жатқаны байқалады. Мәселен, 2019 жылдың қаңтары мен қарашасына дейін Қазақстанда 230 мың 710 қылмыс тіркелген. Бұл 2018 жылғы сол кезеңмен салыстырғанда 15,9 пайызға аз. Ал адамдардың белгілі бір тобына шағып есептесек, былтыр 10 мың адамның 136-сы құқық бұзыпты. Өкініштісі, бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Сол жылы 10 мың адамның ішінен 83 қылмыс тіркелген. Дегенмен 2015-2017 жылдармен салыстырсақ, біршама аз. Бірақ ішкі тәртіпті сақтауға бөлінген қаржы 2018 жылы 536 млрд теңгеден, 2019 жылы 684 млрд теңгеден асқан. Яғни, қылмыс азайғанмен, қоғамдық тәртіпті сақтауға бөлінетін қаржы өсіп келеді. Сырт көз үшін қоғамдық тәртіпті сақтап, қыл­мыс­пен күресуде тәуір нәтижеге мол қаржының арқасында қол жетіп жатқанға ұқсайды. Әлде полицейлер мен тергеу­ші­лердің біліктілігі артты ма, жоқ, бұқараның да қылмысқа жол бермеудегі қырағылығы артты ма, оған әзірге жауап беру қиын. Дегенмен көкейде күмәніміз көп. Бірақ бұл біздің қаржы есептеуге қатысты әңгіме­мізден бөлек тақырып. Енді қайтадан әлгі қаржы мәселесіне оралсақ, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік ба­ғы­тындағы шараларға қарастырылған қар­жы­ның басым бөлігі ҰҚК-інің еншісіне тиге­нін атап өту керек. 2018 жылы елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ҰҚК бюджеті 210 млрд теңге болса, 2019 жы­лы 303 млрд теңгеден асты. Биыл 350 млрд теңге қарастырылды. Ал қоғамдық тәртіпке тікелей жауапты ІІМ 2018 жылы бюджеттен 176,3 млрд, 2019 жылы 202 млрд теңге алған. Биыл ішкі істер органдарының еншісіне 195 млрд 385 млн теңге тимекші. Демек, қо­ғамдық елдегі тәртіп пен қоғам­дық қауіп­сіздік мәселесіне келгенде ішкі істер орган­дарынан гөрі ҰҚК қызметкер­леріне көбірек міндет жүктелген тәрізді. Бәлкім, содан да шығар, соңғы кездері ҰҚК қызметкерлері сыбайлас жемқорлық­пен айналысқан лауазымды тұлғаларды жиі ұстап жатыр. Сонымен қатар терроризм мен экстремизмге бүйрегі бұрып тұратын­дарды да анықтап, құрықтауда. Жаңа жылдан бері ҰҚК Павлодар облысының әкімін, Түр­кістан облыстық сотының судьясын, қыл­мыстық топтың жетекшісі мен сыбайлас­тарын, Қарағанды мен Таразда деструктивті діни ағымның өкілде­рін тұтқындады. Былтыр ҰҚК терроризмге қатысы бар 31 шетелдік азаматты ұстаған. Биылдың өзінде комитет қызметкерлері трансұлттық қыл­мыстық топқа ақша жө­нелтіп отырған шетелдік аза­матты тауып, қолға түсірді. ҰҚК-ге қа­расты Антитер­рор­лық орталық былтыр елімізде үш терактінің алдын алған. 7 радикалды топ пен 34 экс­тремистің жолы кесіліпті. Егер осы деректерге көз салсақ, ҰҚК бюджетінің өсуін түсінуге болады. Әрі ҰҚК құрамына сыртқы барлау қызметі де қосылғанын ес­керсек, аталған құрылымға бөлінетін қаржының артуы заңды тәрізді кө­рінетіні рас. Дегенмен кейде күш құры­лым­дарының арасында өзара бәсеке бар сияқты болып көрінетінін де жасыра алмаймыз.  

«ГИБРИДТІ КҮРЕС» ДЕЙТІН БАР

Иә, сөз басында тікелей қорғаныс са­ласына бөлінетін қаржының ішкі тәртіпке жауапты құрылымдардан аз екенін айттық. Бірақ келер жылы қорғанысқа көбірек ақша бөлінеді. 2021 жылы қорғанысқа 761,6 млрд, 2022 жылы 789,7 млрд теңге қа­растырылған. Демек, «әскеріміз әлсіре­мей ме?» деп қауіп­тенуге негіз жоқ. Бірақ сол әскерилеріміз басшылыққа алатын бір құжатта ел қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін өзге бір мәселе жайлы айтылған. Ол «гибридті күрес» деген ұғымнан бастау алады. 2017 жылдың 29 қыркүйегінде бекітіл­ген «Қазақстан Республикасының әскери доктринасында «гибридті күрес» әдістері – қарсы күресетін мемлекет аумағындағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін әскери күшті (оның ішінде қарсы тұрған тараптың аумағындағы арнайы операциялар, жекеменшік әскери, күзет компания­лары­ның күштерін), әскери емес құралдарды кешенді қолдану, сондай-ақ басқа мемле­кет­тердің, террористік, экстремистік ұйымдар мен сепаратистік қозғалыстардың әлеуетін пайдалану арқылы әскери-саяси және әскери-стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу тәсілдері» деп сипатталған. Әрі аталған құжатта еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар мен фактор­лардың бірі ретінде де осы «гибридті күрес» аталыпты. Құжатта: «Қазіргі заманғы жағдайлар мен факторларды талдау нәти­желеріне сүйенсек: 1) мемлекеттердің, халықтардың, әлеу­меттік топтардың Қазақстан Республика­сына қарсы, оның ішінде «гибридті күрес» әдістерін пайдалану арқылы әскери күш қолдануы немесе қолдану ниеті; 2) мемлекеттегі жағдайды тұрақсыз­дандыруға, конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге, Қазақстан Республи­касының аумақтық тұтастығын бұзуға ба­ғытталған құрылымды бұзатын күштердің әрекеті; Қазақстан Республикасына әскери қатер төндіруі мүмкін» делінген. Мұның өзі сыртқы қорғаныстан гөрі ел ішінің тыныштығына көңіл аудару маңыз­ды екенін байқатады. Егер елімізде түрлі оқиғаларды сараптайтын болсақ, «гибридті күрес» тәсілдері үшін қосазаматтықты, түрлі ұйымдарды, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді пайдалану ықтимал­дығы бар екені анық.  

ТӨҢІРЕКТЕГІ ЕЛДЕР ҚОЛДАНҒАН ТӘСІЛ

Айталық, рұқсат етіл­ген немесе етіл­ме­ген митинг ұйымдас­ты­рылған кезде көшеге шыққандардың ішінде өзге елдің азаматы болып, оған сойыл «бата тимей, қате тисе» халықаралық жанжал туындауы да мүмкін. Мәселен, Ресейдің 2008 жылы Грузияға соқтығуы тура «азаматымызды қорғаймыз» деген сылтаумен басталған. Онда басты рөлді қосазаматтығы бар тұлғалар ойнаған еді. Әлеуметтік желілер арқылы халықтың билікке деген сенімін шайқалту да осынау заманауи текетірес тәсілдерінің біріне айналған. Әскери сарапшылар, Ұлттық қорғаныс универ­ситетінің ғалымдары С.Байсыйықов пен А.Мерекеевтің тұжыры­мына сүйенсек, «гибридті күрестің» саяси бопсалау, елдің тыныштығын бұзатын әре­кеттер ұйым­дастыру, халықаралық санк­циялар, нара­зы топтың қатарын көбейтуге тырысу, стратегиялық және ерекше қор­ғауға алынған нысандарда диверсия ұйым­дас­тыру, ақпараттық шабуыл мен үгіт-насихат, «түрлі түсті төңкерістер», мемле­кеттік ор­гандардың елдегі шынайы жағ­дайдан ха­бардар болуына кедергі келтіретін айлалар, ел қауіпсіздігіне жауапты тұлға­ларға ықпал ету тәрізді сансыз тәсілдері бар. Өкінішке қарай, елімізде осы айтыл­ғандардың кейбір көріністері байқалып қалады. Тіпті, кейде қарапайым болып көрінетін тәсілдер де «гибридті күрес» тәсілі болуы мүмкін. Журналист ретінде біз еліміздегі балаларға арналған демалыс лагерьлерінің ішінде әскери-патриоттық сипаттағы құрылымдар қатарының өскенін байқадық. Былтыр жазда көптеген лагерь­лердің жарнамасы әлеуметтік желілерде таратылған. Олар тіке­лей милитаристік идеологияға тәрбие­лей­тіні байқалады. Кейбір «әскери-спорттық» деген атауы бар құрылымдарда қару-жа­рақтың бар екені де айтылып жүр. Одан бөлек, сепаратистік пиғылды анық байқа­татын белгілерді көліктеріне тағып жүре­тін­дер де кездеседі. Сонымен қатар шетелдегі әскери қимыл­дарға қатысқан азаматтардың да елімізде еркін жүргенін әлеуметтік желілер арқылы көргенбіз. Ал Қылмыстық кодекс бойынша олар жауапқа тартылуы керек. Өзгенің еліндегі соғысқа қатысқаны үшін 2015 жылдан бері бірнеше адам сотталған. Демек, қауіпсіздікті сақтауға арналған қаржының көп бөлігі ішкі тыныштыққа бағытталғанына түсіністікпен қарауға болатын сыңайлы. Бірақ мол қаржы күш құрылымдарының астыртын текетіресінің салдарынан бірінде өсіп, келесісінде азайып отырса, әңгіме бөлек.  

P. S.

Елімізде әр 100 мың адамға 471 полицей­ден келеді. БҰҰ нормасы бойынша, 300 бо­луы керек. Былтыр ІІМ саласында реформа басталып, қызметкерлер санын қысқарту жүргізілген. Сөйтіп, 159 мыңнан астам қыз­меткер саны 149 мыңға түскені бар. Бірақ саладағы осыншама қызметкердің 33 мыңы Республикалық ұлан жауынгерлері екенін ескерсек, елдегі полицейлер саны 100 мың­нан асады деген сөз. Мұныңыз Қарулы ­Күш­тердің жеке құрамынан, онда да Респуб­ли­калық ұлан мен Шекара әскерлерін қосқан­дағы мөлшерден көп. Алайда қыз­меткерлер санына қатысты мәселе мүлдем басқа тақырып.

   width=Амангелді ҚҰРМЕТ