Қазақстанға сырттан төнетін қатерден гөрі, елді іштен ірітетін жат пиғылдылар мен бұқараның несібесін тартып алатын, зорлық-зомбылық жасайтын қылмыскерлер мен жемқорлардан көбірек қауіп төнетін тәрізді. Еліміздің қорғаныс және ішкі тәртіпті сақтауға бюджеттен бөліп отырған қаржысына көз салған адам осындай ойда қалады. Қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған қаржы көлеміне қарап, «япыр-ау, біз сондай тәртіпсіз елміз бе?» дегің келеді. Бірақ біздің пайымдауымызша, мәселенің өзге де қыры мен сыры бар. Енді әңгіменің тоқетеріне көшсек, 2020 жылға арналған мемлекеттік бюджетте еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға 681 млрд 358 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ал қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметі үшін 735 млрд 983 млн 685 мың теңге бөлініпті. Яғни, ел ішіндегі тәртіпті қадағалау және қылмыспен күрес үшін бөлінген қаржы 54 млрд теңгеге көп. Бәлкім, айырмашылық тым көп те емес шығар, бірақ осынау деректерге назар аударған кезде біз еліміз үшін қандай әмселенің өзекті екенін аңғарамыз.
ҚЫЛМЫС АЗАЙҒАНЫМЕН, ӨЗГЕ ҚАТЕР ЖОҚ ЕМЕС
Жалпы, елдің ішкі тыныштығын қамтамасыз ету, сепаратизмге жол бермеу, «гибридті күрес» тәсілдерін пайдалана отырып, мемлекеттің тұрақтылығына нұқсан келтіретіндердің жолын кесу, қылмысты азайту өзекті екенін екінің бірі біледі. Бәлкім, содан да шығар, ішкі қауіпсіздік үшін бюджеттен мол қаржы бөлініп отыр. Алайда соңғы жылдары елімізде қылмыс мөлшері азайып келе жатқаны байқалады. Мәселен, 2019 жылдың қаңтары мен қарашасына дейін Қазақстанда 230 мың 710 қылмыс тіркелген. Бұл 2018 жылғы сол кезеңмен салыстырғанда 15,9 пайызға аз. Ал адамдардың белгілі бір тобына шағып есептесек, былтыр 10 мың адамның 136-сы құқық бұзыпты. Өкініштісі, бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Сол жылы 10 мың адамның ішінен 83 қылмыс тіркелген. Дегенмен 2015-2017 жылдармен салыстырсақ, біршама аз. Бірақ ішкі тәртіпті сақтауға бөлінген қаржы 2018 жылы 536 млрд теңгеден, 2019 жылы 684 млрд теңгеден асқан. Яғни, қылмыс азайғанмен, қоғамдық тәртіпті сақтауға бөлінетін қаржы өсіп келеді. Сырт көз үшін қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыспен күресуде тәуір нәтижеге мол қаржының арқасында қол жетіп жатқанға ұқсайды. Әлде полицейлер мен тергеушілердің біліктілігі артты ма, жоқ, бұқараның да қылмысқа жол бермеудегі қырағылығы артты ма, оған әзірге жауап беру қиын. Дегенмен көкейде күмәніміз көп. Бірақ бұл біздің қаржы есептеуге қатысты әңгімемізден бөлек тақырып. Енді қайтадан әлгі қаржы мәселесіне оралсақ, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік бағытындағы шараларға қарастырылған қаржының басым бөлігі ҰҚК-інің еншісіне тигенін атап өту керек. 2018 жылы елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ҰҚК бюджеті 210 млрд теңге болса, 2019 жылы 303 млрд теңгеден асты. Биыл 350 млрд теңге қарастырылды. Ал қоғамдық тәртіпке тікелей жауапты ІІМ 2018 жылы бюджеттен 176,3 млрд, 2019 жылы 202 млрд теңге алған. Биыл ішкі істер органдарының еншісіне 195 млрд 385 млн теңге тимекші. Демек, қоғамдық елдегі тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне келгенде ішкі істер органдарынан гөрі ҰҚК қызметкерлеріне көбірек міндет жүктелген тәрізді. Бәлкім, содан да шығар, соңғы кездері ҰҚК қызметкерлері сыбайлас жемқорлықпен айналысқан лауазымды тұлғаларды жиі ұстап жатыр. Сонымен қатар терроризм мен экстремизмге бүйрегі бұрып тұратындарды да анықтап, құрықтауда. Жаңа жылдан бері ҰҚК Павлодар облысының әкімін, Түркістан облыстық сотының судьясын, қылмыстық топтың жетекшісі мен сыбайластарын, Қарағанды мен Таразда деструктивті діни ағымның өкілдерін тұтқындады. Былтыр ҰҚК терроризмге қатысы бар 31 шетелдік азаматты ұстаған. Биылдың өзінде комитет қызметкерлері трансұлттық қылмыстық топқа ақша жөнелтіп отырған шетелдік азаматты тауып, қолға түсірді. ҰҚК-ге қарасты Антитеррорлық орталық былтыр елімізде үш терактінің алдын алған. 7 радикалды топ пен 34 экстремистің жолы кесіліпті. Егер осы деректерге көз салсақ, ҰҚК бюджетінің өсуін түсінуге болады. Әрі ҰҚК құрамына сыртқы барлау қызметі де қосылғанын ескерсек, аталған құрылымға бөлінетін қаржының артуы заңды тәрізді көрінетіні рас. Дегенмен кейде күш құрылымдарының арасында өзара бәсеке бар сияқты болып көрінетінін де жасыра алмаймыз.«ГИБРИДТІ КҮРЕС» ДЕЙТІН БАР
Иә, сөз басында тікелей қорғаныс саласына бөлінетін қаржының ішкі тәртіпке жауапты құрылымдардан аз екенін айттық. Бірақ келер жылы қорғанысқа көбірек ақша бөлінеді. 2021 жылы қорғанысқа 761,6 млрд, 2022 жылы 789,7 млрд теңге қарастырылған. Демек, «әскеріміз әлсіремей ме?» деп қауіптенуге негіз жоқ. Бірақ сол әскерилеріміз басшылыққа алатын бір құжатта ел қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін өзге бір мәселе жайлы айтылған. Ол «гибридті күрес» деген ұғымнан бастау алады. 2017 жылдың 29 қыркүйегінде бекітілген «Қазақстан Республикасының әскери доктринасында «гибридті күрес» әдістері – қарсы күресетін мемлекет аумағындағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін әскери күшті (оның ішінде қарсы тұрған тараптың аумағындағы арнайы операциялар, жекеменшік әскери, күзет компанияларының күштерін), әскери емес құралдарды кешенді қолдану, сондай-ақ басқа мемлекеттердің, террористік, экстремистік ұйымдар мен сепаратистік қозғалыстардың әлеуетін пайдалану арқылы әскери-саяси және әскери-стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу тәсілдері» деп сипатталған. Әрі аталған құжатта еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар мен факторлардың бірі ретінде де осы «гибридті күрес» аталыпты. Құжатта: «Қазіргі заманғы жағдайлар мен факторларды талдау нәтижелеріне сүйенсек: 1) мемлекеттердің, халықтардың, әлеуметтік топтардың Қазақстан Республикасына қарсы, оның ішінде «гибридті күрес» әдістерін пайдалану арқылы әскери күш қолдануы немесе қолдану ниеті; 2) мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыруға, конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған құрылымды бұзатын күштердің әрекеті; Қазақстан Республикасына әскери қатер төндіруі мүмкін» делінген. Мұның өзі сыртқы қорғаныстан гөрі ел ішінің тыныштығына көңіл аудару маңызды екенін байқатады. Егер елімізде түрлі оқиғаларды сараптайтын болсақ, «гибридті күрес» тәсілдері үшін қосазаматтықты, түрлі ұйымдарды, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді пайдалану ықтималдығы бар екені анық.ТӨҢІРЕКТЕГІ ЕЛДЕР ҚОЛДАНҒАН ТӘСІЛ
Айталық, рұқсат етілген немесе етілмеген митинг ұйымдастырылған кезде көшеге шыққандардың ішінде өзге елдің азаматы болып, оған сойыл «бата тимей, қате тисе» халықаралық жанжал туындауы да мүмкін. Мәселен, Ресейдің 2008 жылы Грузияға соқтығуы тура «азаматымызды қорғаймыз» деген сылтаумен басталған. Онда басты рөлді қосазаматтығы бар тұлғалар ойнаған еді. Әлеуметтік желілер арқылы халықтың билікке деген сенімін шайқалту да осынау заманауи текетірес тәсілдерінің біріне айналған. Әскери сарапшылар, Ұлттық қорғаныс университетінің ғалымдары С.Байсыйықов пен А.Мерекеевтің тұжырымына сүйенсек, «гибридті күрестің» саяси бопсалау, елдің тыныштығын бұзатын әрекеттер ұйымдастыру, халықаралық санкциялар, наразы топтың қатарын көбейтуге тырысу, стратегиялық және ерекше қорғауға алынған нысандарда диверсия ұйымдастыру, ақпараттық шабуыл мен үгіт-насихат, «түрлі түсті төңкерістер», мемлекеттік органдардың елдегі шынайы жағдайдан хабардар болуына кедергі келтіретін айлалар, ел қауіпсіздігіне жауапты тұлғаларға ықпал ету тәрізді сансыз тәсілдері бар. Өкінішке қарай, елімізде осы айтылғандардың кейбір көріністері байқалып қалады. Тіпті, кейде қарапайым болып көрінетін тәсілдер де «гибридті күрес» тәсілі болуы мүмкін. Журналист ретінде біз еліміздегі балаларға арналған демалыс лагерьлерінің ішінде әскери-патриоттық сипаттағы құрылымдар қатарының өскенін байқадық. Былтыр жазда көптеген лагерьлердің жарнамасы әлеуметтік желілерде таратылған. Олар тікелей милитаристік идеологияға тәрбиелейтіні байқалады. Кейбір «әскери-спорттық» деген атауы бар құрылымдарда қару-жарақтың бар екені де айтылып жүр. Одан бөлек, сепаратистік пиғылды анық байқататын белгілерді көліктеріне тағып жүретіндер де кездеседі. Сонымен қатар шетелдегі әскери қимылдарға қатысқан азаматтардың да елімізде еркін жүргенін әлеуметтік желілер арқылы көргенбіз. Ал Қылмыстық кодекс бойынша олар жауапқа тартылуы керек. Өзгенің еліндегі соғысқа қатысқаны үшін 2015 жылдан бері бірнеше адам сотталған. Демек, қауіпсіздікті сақтауға арналған қаржының көп бөлігі ішкі тыныштыққа бағытталғанына түсіністікпен қарауға болатын сыңайлы. Бірақ мол қаржы күш құрылымдарының астыртын текетіресінің салдарынан бірінде өсіп, келесісінде азайып отырса, әңгіме бөлек.P. S.
Елімізде әр 100 мың адамға 471 полицейден келеді. БҰҰ нормасы бойынша, 300 болуы керек. Былтыр ІІМ саласында реформа басталып, қызметкерлер санын қысқарту жүргізілген. Сөйтіп, 159 мыңнан астам қызметкер саны 149 мыңға түскені бар. Бірақ саладағы осыншама қызметкердің 33 мыңы Республикалық ұлан жауынгерлері екенін ескерсек, елдегі полицейлер саны 100 мыңнан асады деген сөз. Мұныңыз Қарулы Күштердің жеке құрамынан, онда да Республикалық ұлан мен Шекара әскерлерін қосқандағы мөлшерден көп. Алайда қызметкерлер санына қатысты мәселе мүлдем басқа тақырып.