«Дрондар шабуылдап, кепілдегі адам құтқарылды»: Қазақстанда ерекше әскери сайыс өтті

Еліміздің мемлекеттік органдарының командалары пилотсыз авиациялық жүйелерді (ҰАЖ) және пилотсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл құралдарын қолдана отырып, шынайы жағдайларға барынша жақындатылған жағдайда арнайы тапсырмалар орындайды.

Қазақстанда күштік құрылымдар арасында «MILITARY DRONE CHALLENGE» турнирі өтіп, үздік команда анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

17 қарашада Мемлекеттік күзет қызметінің «Майлан» далалық оқу орталығында өткен сайысқа еліміздің мемлекеттік органдарынан 15 команда қатысты. Әр команда бес адамнан жасақталған.

Қатысушылар пилотсыз ұшу аппараттарын басқару, әуеден барлау жүргізу, нысаналарды анықтау және дрондарға қарсы әрекет ету бойынша шеберліктерін көрсетті. Барлық тапсырма шынайы жағдайларға барынша жақындатылған ортада орындалды.

Турнир төрт кезеңнен тұрды. «Шабуыл» жаттығуында командалар дрондардың көмегімен ғимаратқа барлау жүргізіп, кепілге алынған адамды босату операциясын орындады. «Барлау – қону – жүк тастау» кезеңінде FPV-дронды қозғалыстағы тіркемеге қондырып, оқу жүгін белгіленген нысанаға дәл түсіруден сынға түсті.

Ал «Ашық аспан» кезеңінде қатысушылар арнайы кешендер арқылы дрондарды анықтап, олардың жұмысын тоқтату және атып түсіру тапсырмаларын орындады. Соңғы «Командалық эстафета» жаттығуында жылу камерасымен жабдықталған дрон арқылы ғимарат ішіндегі шартты қарсыласты іздеп, шектеулі көріну жағдайында нысаналарды жою шеберлігін көрсетті. Шабуылдау тапсырмаларында страйкбол қаруы қолданылды.

Тартысты өткен сайыс қорытындысында бірінші орынды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің командасы жеңіп алды. Екінші орын Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командасына бұйырды. Үздік үштікті Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының командасы түйіндеді.

Турнирді Мемлекеттік күзет қызметі «Ashyq Aspan Foundation» қоғамдық қорының техникалық қолдауымен ұйымдастырды. Жарыстың мақсаты – күштік құрылымдардың пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдану және оларға қарсы іс-қимыл жасау дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ ведомстволар арасында тәжірибе алмасу.