«Той жасайтын жағдай болмады»: Азамат Сатыбалды мен Назгүл Қарабалина үйленген кездерін еске алды (видео)

Айтуынша, шаңырақ көтерген кезде той жасауға да, баспана жалдауға да жағдайы болмаған.

 

Актер Азамат Сатыбалды мен жұбайы, актриса Назгүл Қарабалина отбасы құрған кезін еске алды, – деп жазды Aikyn.kz. 

Айтуынша, шаңырақ көтерген кезде той жасауға да, баспана жалдауға да жағдайы болмаған. Назгүл Қарабалина сүйген жарымен барлық қиындықты бірге көтеріп, оған қолдау көрсетіп отырған.  

«Бізде той болған жоқ. Азамат сол кезде той жасайтын жағдайы жоқ екенін, отбасында бір жағдай болып жатқанын айтты. Мен той жасаудың қажеті жоқ екенін айттым. Содан кейін өмірдің барлық қиындығын бірге өткердік», – дейді Назгүл Қарабалина.

Актер Азамат Сатыбалды жұбайының сол кездегі қолдауы өзіне шабыт бергенін айтты.

«Жігіт болған соң намыстанатынмын. Назгүлдің әпкесінің үш бөлмелі үйі болды. "Әпкеңнің үйіне барып, тұра тұршы. Маған екі ай уақыт берші, аяғымнан тұрып алайын. Содан кейін жатақханадан орын аламыз" дейтінмін. Ол бірден бас тартты. "Азамат, мен ешқайда бармаймын. Сен қайда болсаң да қасыңда боламын. Жертөле болса – жертөле, театр болса – театр" деді. Бір рет екеуіміз вокзалға да түнедік. Оның қолдауынан кейін менде мотивация пайда болды. Аянбай еңбек етіп, оның жағдайын жасауым керек деп ойладым. Аллаға шүкір, қазір қалаған көлігін мініп, қалаған жеріне барып жүр», – дейді Азамат Сатыбалды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.