Бүгінде жасанды интеллектінің заманауи технологиялары адам ешқашан айтпаған сөздерді айтатын, ешқашан жасамаған әрекеттерді жасайтын және шын мәнінде болмаған оқиғалардың қатысушысына айналатын кескіндер, бейнелер мен аудиожазбалар жасауға мүмкіндік береді. Әсіресе, фотосурет немесе дауыс жазбасын пайдалану бұрынғыдай күрделі емес. Бұл адамның жеке өміріне, ар-намысына мен беделіне, сондай-ақ дербес деректің қорғалуына қатысты жаңа мәселелерді алға шығарды.
Қазақстанда адамның бейнесі мен дауысын ЖИ арқылы заңсыз пайдаланудан қорғайтын заңнамалық база болғанымен, іс жүзінде қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні әлі де өзекті. Мысалы, біреудің қазасын жандандырып, қайтыс болған жанды тірілткені марқұмның отбасы мен жақындарына құрметсіздік ретінде бағаланып, қоғамның наразылығын тудырды. Ал актер Шәріп Серік пен Қуандық Бишімбаевтың бейнелері қолданылған дипфейк қоғамда басқа сипаттағы пікірталасқа себеп болды. Екі жағдайда да жасанды интеллект арқылы жасалғанымен, контенттің мақсаты мен қоғамның қабылдауы әртүрлі.
Бейне жасау мен оны заңсыз пайдаланудың аражігі қай кезде ажырайды?
Adjunct Professor, Maqsut Narikbayev University, Digital Rights Center Qazaqstan директоры Дана Утегеннің айтуынша, еліміздегі қабылданған заңдық нормаға сәйкес азаматтардың құқығы қорғалуы тиіс. Әйткенмен кез келген дипфейкті заңсыз деп тануға болмайды. Әр бейнероликтің түпкі идеясы, көтерген мәселесіне қарау қажет.
– Қазақстанда азаматтарды қорғаудың құқықтық негіздері бар. Азаматтық кодекстің 145-бабы адамның өз бейнесіне құқығын, ал 143-бабы ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорғайды. Сонымен қатар «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң да қолданылуы мүмкін.
2026 жылғы қаңтарда күшіне енген «Жасанды интеллект туралы» заңның маңызды жаңалығы – синтетикалық контентті міндетті түрде таңбалау талабы. Яғни, пайдаланушы фото, видео немесе аудиоматериалдың жасанды интеллект арқылы жасалғанын түсінуі тиіс. Алайда кез келген дипфейкті заңсыз деп қарастыру дұрыс емес. Мұнда контенттің мақсаты мен контексті маңызды, – деді Дана Утеген.
Оның айтуынша, актер Шәріп Серік пен Қуандық Бишімбаевтың бейнелері қолданылған дипфейк осы екі мәселенің арақатынасын көрсетеді. Актер өзінің бейнесі келісімінсіз пайдаланылғанына және беделіне нұқсан келгеніне шағымданған. Ал ролик авторы оны тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудартатын сатиралық туынды ретінде түсіндірген. Полиция тексеру нәтижесінде құқықбұзушылық құрамын анықтамаған.
– Бұл жағдай адамның өз бейнесіне құқығы мен сөз бостандығы, шығармашылық еркіндігі арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Оның үстіне, ролик жаңа заң күшіне енгенге дейін жасалған, – дейді ол.
Дипфейк алаяқтық құралына айналғанда
Дипфейктің қаупі тек адамның бейнесін келісімінсіз пайдаланумен шектелмейді. Жасанды интеллектіні қылмыстық мақсатта пайдалануы адам өміріне қауіп төндіруі де мүмкін.
Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлерінің жалған суреттері мен дауыстары бар алаяқтық схемалар туралы ескерткен. «Әділет» партиясы фракциясы депутаттарының мәліметінше, осындай дипфейк-роликтің бірі 240 мыңнан астам қаралымға дейін жинаған.
Дана Утегеннің айтуынша, дипфейк технологиялары ойын-сауық, әзіл немесе шығармашылық мақсатта ғана емес, жалған ақпарат таратып, алаяқтық әрекеттер үшін де пайдаланып отыр.
– Дипфейк дегеніміз – жасанды интеллект көмегімен адамның шынайы бейнесіне немесе дауысына ұқсатып жасалған синтетикалық фото, бейне немесе аудиоконтент. Мұнда адамның бет-әлпеті, дауысы, мимикасы сияқты биометриялық белгілері пайдаланылуы мүмкін. Әсіресе, адамды сәйкестендіру үшін өңделген жағдайда биометриялық дербес деректерді қорғау мәселесі де туындайды.
Мәселен, Қазақстанда танымал тұлғалардың бейнесі мен дауысын пайдаланып, азаматтарды жалған инвестициялық жобаларға, криптовалютаға немесе белгілі компаниялардың акцияларына ақша салуға шақыратын бейнероликтер таралып жатады. Адамдар танымал тұлғаға сеніп, алаяқтардың шоттарына ақша аударуы мүмкін. Мұндай әрекеттер адамның өз бейнесіне құқығын, жеке өміріне қол сұғылмау құқығын, ар-намысы мен іскерлік беделін, сондай-ақ дербес деректерінің қорғалуына қатысты құқығын бұзуы мүмкін, – деді ол.
Сол себепті дипфейк мәселесі тек жеке адамның құқығын қорғаумен шектелмейді. Ол ақпараттық қауіпсіздік, қаржылық алаяқтықтың алдын алу және цифрлық ортадағы қоғамдық сеніммен де тығыз байланысты.
Жәбірленуші қайда жүгінуі керек?
Дипфейктің құрбаны болған азамат ең алдымен заңсыз контентті таратуды тоқтату және өз құқығын қорғау үшін қандай қадам керегін білуі тиіс.
Дана Утегеннің түсіндіруінше, азамат заңсыз жарияланған контенттің дәлелдерін сақтап, әлеуметтік желіге оны жою туралы шағым түсіре алады. Сондай-ақ сот арқылы өз бейнесін заңсыз пайдалануды тоқтатуды, шындыққа сәйкес келмейтін және беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығаруды, негіз болған жағдайда моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы.
– Егер дипфейк алаяқтық, бопсалау немесе өзге қылмыстық мақсатта пайдаланылса, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Мысалы, адамның дауысын жасанды интеллект арқылы көшіріп, оның туыстарына ақша аударуды сұрайтын жалған хабарлама жіберілуі мүмкін. Мұндай жағдайда мәселе тек дербес деректерді қорғаумен шектелмейді, алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік те туындауы мүмкін.
Жауапкершілік тек контент авторына ғана қатысты емес. Онлайн-платформалардың да заңсыз ақпараттың таралуына қарсы әрекет ету жөніндегі заңда белгіленген міндеттері бар. Бірақ платформаның жауапкершілігі әр жағдайдағы нақты әрекетіне және заңдық міндеттеріне байланысты бағалануы тиіс, – деді ол.
Халықаралық тәжірибе де тұлғаны қорғауды күшейту бағытында дамып келеді. Франция мен Ұлыбританияда дипфейктерді заңсыз пайдаланудың жекелеген түрлері үшін жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, АҚШ-та адамның келісімінсіз интимдік суреттерді, оның ішінде ЖИ көмегімен жасалғанын, жәбірленуші жүгінгеннен кейін 48 сағат ішінде жоюдың арнайы тәртібі бар.
Заңды іске асыратын нақты тетік қажет
Депутаттардың пікірнше, цифрлық кеңістікте адамның құқығын қорғау тек заң қабылдаумен шектелмеуі керек. Ендігі міндет – сол заңдардың іс жүзінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Осыған байланысты олар бірнеше бағыт бойынша нақты ұсыныс білдірді.
Біріншіден, заңнаманы бірізді қолдану тәртібін қалыптастыру. Адамның фотосуретін, дауысын және цифрлық бейнесін заңсыз пайдаланған жағдайда азаматтардың өтінішін қабылдау, цифрлық дәлелдемелерді тіркеу, құқық бұзушылықтың жолын кесу және кінәлілерді жауапкершілікке тарту тәртібін нақтылау. Осы жұмысты үйлестіретін мемлекеттік органдарға ортақ бірыңғай алгоритм әзірлеу.
Екіншіден, онлайн-платформалардың жауапкершілігін күшейту. Instagram, TikTok және басқа да әлеуметтік желілерде таралған заңсыз синтетикалық контентті жедел анықтап, жою бойынша мемлекеттік органдар мен платформалардың өзара іс-қимылын күшейту. Әсіресе алаяқтыққа пайдаланылатын дипфейктерге, интимдік сипаттағы жалған материалдарға, кәмелетке толмағандар мен қайтыс болған адамдардың бейнесін заңсыз қолдануға назар аудару.
Үшіншіден, ЖИ арқылы жасалған жалған фото, видео және аудиоматериалдарды анықтау мен тергеу сапасын жақсарту. Ол үшін цифрлық криминалистика зертханасын құру, сараптама әдістерін дамыту және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру арқылы құқық қорғау органдарының техникалық мүмкіндігін көтеру керегін ұсынды.
Төртіншіден, заңдардың орындалуын бақылау. Дипфейкке қатысты азаматтардан қанша өтініш түскенін, қанша құқық бұзушылық анықталғанын, қанша адам жауапкершілікке тартылғанын және заңсыз контенттің қанша уақытта жойылғанын талдау. Осы мәліметтер негізінде проблемаларды шешуге бағытталған нақты шаралар қабылдау.
Құқықты қорғау мен еркіндіктің тепе-теңдігі
Adjunct Professor Дана Утеген де Қазақстанда адамның цифрлық бейнесі мен дауысын қорғаудың нақты құқықтық тетіктерін жетілдіру қажеттігін көтерді.
– Біріншіден, адамның бет-әлпетін, дауысын және басқа да биометриялық белгілерін жасанды интеллект арқылы көшіру мен пайдаланудың құқықтық шекарасын нақтылау маңызды. Әсіресе, адамның келісімінсіз оның атынан жарнама жасауға, жалған мәлімдемелер таратуға немесе қаржылық операцияларға тартуға қатысты талаптар айқын болуы керек.
Екіншіден, онлайн-платформаларға құқықтарды бұзатын дипфейктер туралы шағымдарды жедел қарау және негізді шағымдар бойынша контенттің таралуын шектеу жөніндегі тиімді рәсімдер қажет.
Үшіншіден, синтетикалық контентті таңбалау талабын іс жүзінде орындауды бақылау маңызды. Мысалы, танымал адамның бейнесімен жасалған инвестициялық жарнамада оның жасанды интеллект арқылы жасалғаны анық көрсетілуі тиіс. Бірақ таңбаның болуы адамның бейнесін келісімсіз пайдалануды өздігінен заңды етпейді.
Сонымен бірге сатира, пародия, журналистика және қоғамдық маңызы бар пікір білдіру еркіндігін шектемеу қажет. Негізгі мақсат – жасанды интеллект технологиясына тыйым салу емес, оны адамның құқығына зиян келтірмейтіндей пайдалану ережелерін қалыптастыру, – деді Дана Утеген.
Осылайша, дипфейк дәуірінде адамның цифрлық бейнесі мен дауысын қорғау үшін заңнамалық нормалардың болуы жеткіліксіз. Азаматтың шағымынан бастап заңсыз контентті жою мен құқық бұзушыны жауапқа тартуға дейінгі тетіктер нақты әрі тиімді жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар бұл ретте сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндіктің шекарасы да ескерілуі тиіс.