Конституциялық сот шешімімен 40 миллион теңге қайтарылып, 46 лауазымды тұлға жауапқа тартылды – Эльвира Әзімова

Қазір Конституциялық соттың 91 нормативтік қаулысының 70 пайызы орындалған. 

Қазақстанда Конституциялық соттың нормативтік қаулылары негізінде азаматтарға 40 миллион теңгеден астам заңсыз өндіріп алынған қаражат пен зейнетақы төлемдері бойынша берешек қайтарылды. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова Құрылтай отырысы барысында жасаған баяндамасында мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдары прокуратура органдарының жұмысында да қолданыс тапқан. Соттың нормативтік қаулылары негізінде прокуратура органдары 85 қадағалау және ден қою актісін енгізген.

«Мыңнан астам азаматтың құқығы қалпына келтірілді, заңсыз өндіріп алынған қаражат пен зейнетақы төлемдері бойынша берешектің 40 миллион теңгеден астамы қайтарылды, 46 лауазымды адам тәртіптік жауаптылыққа тартылды», – деді Эльвира Әзімова.

Конституциялық сот төрағасы шешімдердің орындалуы тек даулы нормаларды өзгертумен шектелмеуі керегін атап өтті. Оның сөзінше, соттың құқықтық ұстанымдары сот тәжірибесінде де қолданылуға тиіс.

Қазір Конституциялық соттың 91 нормативтік қаулысының 70 пайызы орындалған. Тағы 17 шешімді Құрылтай депутаттарының заң шығару бастамасы аясында іске асыру жоспарланып отыр.