Ұлттық ұлан командасы MILITARY DRONE CHALLENGE турнирінде жүлделі орын иеленді

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының командасы күштік құрылымдар арасында өткен MILITARY DRONE CHALLENGE турнирінде үздік үштіктің қатарына енді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Майлан» далалық оқу орталығында пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдану бойынша  MILITARY DRONE CHALLENGE  турнирі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ауқымды сайыста еліміздің күштік құрылымдары мен мемлекеттік органдарының командалары өзара бақ сынасып, заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және оларға қарсы іс-қимыл жасау бағытындағы кәсіби даярлықтарын көрсетті.

Турнирді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі  Ashyq Aspan Foundation  қоғамдық қорының техникалық қолдауымен ұйымдастырды.

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері турнир барысында шынайы жағдайларға барынша жақындатылған арнайы тапсырмаларды орындап, пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдану бойынша өздерінің практикалық дағдыларын сынға салды. Тартысты бәсеке қорытындысында ұландықтар жүлделі үшінші орынға ие болды.

Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің командасы иеленсе, екінші орын Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командасына бұйырды.

Аталған жарыстың басты мақсаты – пилотсыз авиациялық жүйелерді қолдану және оларға қарсы іс-қимыл тәсілдерін жауынгерлік әрі кәсіби даярлық жүйесіне енгізу, күштік құрылымдардың техникалық әлеуетін арттыру және ведомствоаралық тәжірибе алмасуды дамыту.

Бүгінде ұшқышсыз авиациялық жүйелерді тиімді пайдалану әскери даярлықтың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай турнирлерге қатысу Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің тәжірибесін шыңдауға, жаңа технологиялық шешімдерді зерделеуге және жауынгерлік даярлық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.