Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарагөз Сүлейменова әкесі, көрнекті жазушы Асқар Сүлейменов пен әдебиеттанушы Әлия Бөпежановаға қатысты бұрын айтылмаған жайттарды бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сұхбат барысында Қарагөз Сүлейменова әкесінің шығармашылық мұрасына қатысты мәселе көтерді. Оның сөзінше, жазушы қайтыс болғаннан кейін қолжазбалары мен жеке қағаздары өзіне берілген. Кейін Әлия Бөпежанова оларды реттеп, кітап етіп шығару үшін сұрап алған.
Әнші әкесінің еңбектерін жинақтап, жарыққа шығарғаны үшін әдебиеттанушыға алғысын білдірді. Дегенмен қолжазбалардың түпнұсқалары өзіне қайтарылмағанына ренішін жасырмады.
«Эфирде айту керек, ол кісіге ризамыз. Әкемнің қағаздарын реттеп, кітап қылып шығарғаны үшін. Әрине, барлық жерде “құрастырған Әлия Бөпежанова” деп тұрады. Әрине, ол кісі баспалармен сөйлесті. Өйткені ол өмір бойы кітап төңірегінде жүрген адам, оған ризашылығымыз шексіз!», – деді Қарагөз Сүлейменова.
Бірақ кейін әкесінің қолжазбаларын қайтарып беруді сұрағанда, олардың аз ғана бөлігі қалғанын айтқан.
«100%-дың бәлкім 10%-ы қалған шығар, оның үстінде ксерокстан өткен дүниелер. Сонда бұл менің ешқандай жаман ойламағаным ғой. Маған ол қағаздар қайтқан жоқ, күні бүгінге дейін ол кісіге осы үшін наразымын. Ол менің әкемнің қағазы, оны сізге берген жоқ. Менің қолымнан алған дүниені маған неге қайтарып бермейсіз? Себебі, ол сізге керек болып тұр. Жазушының зайыбы болып сіз көрсетуіңіз керек. Бірақ адами тұрғыдан бұл дұрыс емес», – деді әнші.
Осылайша, Қарагөз Сүлейменова Әлия Бөпежанованың әкесінің шығармаларын жарыққа шығаруға қосқан еңбегін жоғары бағалайтынын, бірақ жазушының жеке мұрағатына қатысты реніші әлі басылмағанын жеткізді.
Айта кеткен жөн, Қарагөз Сүлейменова – жазушы Асқар Сүлейменов пен қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанованың қызы.