«Балық қоры азайып, итбалық саны кеміді»: депутат Каспийдегі экологиялық бақылауды күшейтуді талап етті

Депутаттық сауалда «Каспий теңізі» ғылыми-зерттеу институтының қаржыландыру мәселесі де қозғалды. Арман Хайруллин институттың Каспийдің экологиялық сезімталдық картасын әзірлеу және ғылыми-зерттеулерді тұрақты жүргізу үшін тиісті ресурстармен қамтамасыз етілуі маңызды екенін атап өтті.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Арман Хайруллин Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа Каспий теңізінің экологиялық жағдайы, биоалуантүрлілікті сақтау және теңіздегі экологиялық мониторингті күшейту мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың айтуынша, соңғы 25 жылда Каспий теңізінің акваториясы 16 мың шаршы шақырымға қысқарған. Теңіздің тартылуы Солтүстік Каспий аумағында шаңды дауылдардың жиілеуіне және тұзды шаңның таралуына әсер етуде.

«Каспий теңізінің тартылуы экологиялық әрі ауқымды экономикалық дағдарысқа айналды. Тартылған Солтүстік Каспийде шаңды дауылдар жиілеп, тұзды тозаң «балшық жауыны» болып түсуде. Осыған байланысты Арал тәжірибесі негізінде кепкен аумақтарға фитомелиоранттар егу қажет. Әлихан Бөкейхан атындағы институт Атырау өңірін шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеу үшін 222,9 млн теңге бөлуді ұсынып отыр. Алайда бұл жобаны қаржыландыру мәселесі әзірге қаралмаған», – деді Арман Хайруллин.

Депутат Каспийдің биологиялық ресурстарының азаюына да назар аударды. Оның келтірген мәліметтері бойынша, теңіздің қазақстандық бөлігінде бекіре тұқымдас балықтардың биологиялық сыйымдылығы 1 миллион тоннадан 5,9 мың тоннаға дейін азайған. Ал кәсіпшілік қара балық көлемі соңғы алты жылда 29 пайызға азайған. Каспий итбалығының саны да өткен ғасырдың басындағы 1 миллионнан қазіргі 270 мыңға дейін қысқарған.

Арман Хайруллин браконьерлікпен қатар, теңіз қайраңындағы көмірсутектерді өндіру жұмыстарының экологиялық әсерін бақылау қажеттігіне де тоқталды.

«Каспий балығы – азық-түлік қоры, әрі мемлекетіміз үшін маңызды экспорт көзі. Алайда оның биологиялық алуантүрлілігі апатты деңгейге түсті. Кәсіпшілік қара балық көлемінің азаюы мен Каспий итбалығы санының қысқаруы теңіз экожүйесіне қатысты мәселелерді жүйелі қарастыру қажеттігін көрсетеді. Сондықтан теңіздегі өндірістік қызмет пен табиғи ресурстардың жағдайына тұрақты экологиялық бақылау жүргізілуі тиіс», – деп атап өтті депутат.

Арман Хайруллин экологиялық мониторинг жүйесінің жеткіліксіздігін де сөз етті. Оның мәліметінше, Каспийде ауа мен су сапасын бақылайтын стационарлық мемлекеттік стансалар жоқ, ал «Қазгидромет» бақылауды жағалаудағы 50 нүктеде жүргізеді. Осыған байланысты ірі мұнай-газ кен орындарының, соның ішінде мұнай өндіруші аралдардың айналасына мемлекеттік экологиялық бақылау бекеттерін орнату ұсынылды.

Сонымен қатар депутат ірі табиғат пайдаланушы компаниялардың экологиялық жауапкершілігі мен міндетті сақтандыру көлеміне қатысты ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін көтерді.

Депутаттық сауалда «Каспий теңізі» ғылыми-зерттеу институтының қаржыландыру мәселесі де қозғалды. Арман Хайруллин институттың Каспийдің экологиялық сезімталдық картасын әзірлеу және ғылыми-зерттеулерді тұрақты жүргізу үшін тиісті ресурстармен қамтамасыз етілуі маңызды екенін атап өтті.

Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясының депутаттары Үкіметке төрт ұсыныс жолдады:

  • Солтүстік Каспийде фитомелиорация арқылы шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеу және жүзеге асыруды қаржыландыру.
  • Каспий теңізіндегі кен орындарының айналасында мемлекеттік стационарлық экологиялық бақылау бекеттерін орнату бағдарламасын әзірлеу.
  • Ірі компаниялардың экологиялық сақтандыру сомаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, экологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету.
  • 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттен «Каспий теңізі» ғылыми-зерттеу институтын тұрақты әрі тиісті деңгейде қаржыландыру.

Депутаттардың пікірінше, аталған шаралар Каспий теңізінің экологиялық жағдайын бақылауды жетілдіруге, табиғи ресурстарды сақтауға және өңірдегі экологиялық тәуекелдерді азайтуға бағытталған.