Сирек металдар: стратегиялық қазынаға жаңа көзқарас

Мемлекет басшысы Жолдауда Үкіметке түсті және сирек жер металдарының қорын құру жөнінде тарихи маңызы бар міндет жүктеді.

Бұл – жер қойнауындағы байлықты игеруге деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін жаңа бастама. Өйткені кеңес кезінде, одан кейінгі Тәуел­сіздік жылдары өндіруші кәсіпорындар мол көлемді металдар­ды ғана алып, сирек жер металдарын жинап алуды мұрат тұтпайтын. Енді мұндай олқылыққа жол берілмеуге тиіс. Президенттің тың тапсырмасы қалай орындалмақ? Бұл салада қандай кедергілер туындап жатыр?

Қазба байлықтың құны

Қазақстан – шикізатқа бай мемлекет. Бұл – ата-бабамыздан қалған ұлы мирас, зор игілік. Бірақ соны мемлекет ұтымды иге­ріп, ұқсатып жұмсай алып отыр ма? Олай деу қиын. Сол себепті Президент Жол­дауда геологиялық барлау тәсілдерін тү­бегейлі өзгерту міндетін қойды. Оның пайымдауынша, жаңа кен орындарын бұ­рынғы заманның әдістерімен іздеу тиім­ділік әпермейді. Ендеше шашыранды эле­менттерді табу үшін қазақстандық гео­­логия жоғары технологиялық салаға ай­налуға тиіс. 

– Қазір айрықша маңызды метал­дар­дың рөлі артып келеді. Халықаралық тә­жі­рибеге сүйеніп, бізге де осындай метал­дар­дың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет. Аталған жүйеде тау-кен са­ласындағы жобаларды ұзақмерзімді қар­жыландыруға мүмкіндік беретін нақты те­­тіктер болуға тиіс. Ұлттық түрлі-түсті жә­­не сирек кездесетін металдардың қо­рын қа­лыптастыру керек. Түпкі мақсат – елі­мізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу, – де­ген Қ.Тоқаев Үкіметке бұл салада да­мыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуды жүктеді. 

Осы орайда Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Мемлекет бас­шысының Жолдауында берген тап­сыр­малары ел өнеркәсібін дамытудың ба­сым іс-шаралары саналатынын жет­кіз­ді. 

«Стратегиялық маңызы бар материал­дар саласын дамытуға қатысты өзекті мә­селелерді шешу үшін Үкімет деңгейінде ар­найы комиссия құру қарастырылған. Комиссия бірыңғай өлшемшарттарды айқындап, сирек және сирек жер метал­дарының тізбесін қалыптастырады. Бұған қоса, Қазақстанды жаһандық өндірістік тізбектерге интеграциялау және Астанада аса маңызды шикізат материалдары са­ла­сындағы Ұлттық зертхананы құру көзделіп отыр. Бұл шикізат базасын игерудің ба­сым бағыттарын айқындауға және им­порт­қа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады И.Шархан.

Мемлекет басшысы сирек жер метал­да­рын «қазіргі заманның мұнайы» деп ата­ған-тын. Жалпы, сирек жер металдары (СЖМ) – химиялық қасиеттері ұқсас, та­би­ғатта шашыраңқы таралған 17 химия­лық элементтің жалпы атауы. Оларға лан­т­ан (La), церий (Ce), празеодим (Pr), нео­дим (Nd), прометий (Pm), самарий (Sm), еуропий (Eu), гадолиний (Gd), тер­бий (Tb), диспрозий (Dy), гольмий (Ho), эр­бий (Er), тулий (Tm), иттербий (Yb), лю­теций (Lu) сияқты периодтық жүйедегі 15 лантаноид элементі, сондай-ақ скан­дий (Sc) мен иттрий (Y) жатады.

СЖМ заманауи технологияларда, ЖИ мен роботты техникада, электромобиль мен гибридті көлік өндірісінде, жел электр стансалары генераторларында, смарт­­­фон, компьютер және басқа элект­ро­­ника өн­дірісінде, оптикалық талшықтар мен ла­зер­лік технологияларда, қорғаныс өнер­кә­сібі мен аэроғарыш саласында, ак­кумуляторлар мен жоғары қуатты маг­нит­тер жасауда кең қолданылады. 

Мұның сыртында вольфрам, литий, висмут, кадмий, бериллий, ниобий және тан­­­тал сирек немесе стратегиялық маңыз­ды металдар санатына кіреді. Бүгінде Қа­зақстанда металдың 9 мыңнан астам ке­н орны тіркелсе, соның 100-ден аста­мын­да ғана сирек және сирек жер эле­мент­тері бар. Елдің шикізат базасының ерек­шелігі сол, сирек элементтердің едәуір бөлігі уран, түсті және асыл метал­дар­ды өндіру кезінде қосымша компонент ре­тінде алынады. Бұл кешенді түрде өң­деу­ді және заманауи технологияларды ен­­­гізуді талап етеді.

Өнеркәсіп ведомствосының мәлі­ме­тіне сәйкес, биыл пайдалы қазбалардың перс­пективалы жаңа учаскелерін анық­тауға бағытталған 25 жоба қолға алынған. Оның шеңберінде жүргізілетін геоло­гия­лық зерттеулердің жалпы ауданы 100 мың шаршы шақырымды құрайды.

Зерттеулер барысында сирек жер ме­тал­дары, литий, вольфрам, молибдені болуы мүмкін аумақтарға баса мән бері­леді. Президент тапсырмасына сай, бұл жұ­мыстар кезінде аэрогео­фи­зи­ка­лық жә­не геохимиялық әдістер, жерді қа­шық­тықтан зондтау және талдаудың за­манауи зертханалық әдістері пай­да­л­а­ны­лады. Соның нәтижесінде, мемлекет ми­­нералды-шикізат әлеуетін дәлірек ба­ғалайды, ал инвесторлар игеруге бо­ла­тын аумақтар туралы құрылымды ақпарат алмақ. Осы перспективалы учаскелерде сирек кездесетін металдардың 935,4 мың тон­на болжамды ресурстары қазірден анық­талды.

Даланың дара байлығы

Жалпы, Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистр­лігінің мәліметінше, Қазақстандағы вольфрам қоры 2,4 миллион тоннаны құ­рай­ды. Висмут қоры – 280 мың, литий – 226,9 мың, кадмий – 74,8 мың, бериллий қоры – 70,7 мың тонна. Ал ниобий қоры 28 мың тоннаға, тантал – 4,6 мың, герма­ний – 4,3 мың және галлий қоры 3,3 мың тоннаға жетеді.

Атап айтқанда, вольфрам Қараоба кен ор­нында бар. Литий бойынша ең ірі ны­сандарға Қарағайлыақтас, сондай-ақ Ах­мет пен Ахмиров жатады. Молибденнің ірі кен орындары Қарағанды облысында шо­ғыр­ланған: Көктенкөл, Жоғарғы Қай­рақты жә­не Солтүстік Қатпарлы. Абай об­лысында маңызды нысандардың бірі – Айдарлы.

Бүгінде сирек және сирек жер метал­дарын зерттеу бағдарламаға енгізілген 11 учаскеде аяқталды. Қарағанды облысын­дағы Күйректікөл учаскесі ең перспек­ти­валы деп танылды. Жүргізілген жұмыс­тар­дың нәтижесінде мұнда La, Ce, Nd және Y сирек жер металдардың жоғары бол­­­­жамды қоры – 935,4 мың тоннасы анықталды. Екінші орында Ырғыз алаңы бойынша С2 санатындағы 795,8 мың тон­на қор орналасты. Кеңқұдық, Ржавая Соп­ка, Миролюбовский, Боқай учаске­ле­рін­де де сирек және сирек жер метал­дары­ның әлеуеті байқалады.

EUobserver Орталық Азия бойынша тәуелсіз талдаушысы Маркус Шнайдердің ай­туынша, электр көлігі, энергетикалық тех­нологиялар, ЖИ, цифрлық инф­ра­құры­лым мен заманауи өнеркәсіптің да­муы сирек жер элементтерінің стра­те­гия­лық маңызын күрт арттырды.

– Орталық Азияда бұл тұрғыда мине­рал­дық-шикізат базасы жөнінен де, сон­дай-ақ өнеркәсіптік даму деңгейі бойын­ша да Қазақстан көш ілгері. Бірақ Қазақ­стан үшін ендігі маңызды міндет – осы аса қат әрі құнды металдардың тек экс­порт көлемін арттыру емес, қосылған құн­ның басым бөлігін өз экономикасында сақ­тап қалу болмақ. Осы орайда АҚШ, Қы­тай мен Еуроодақ Қазақстанмен осы са­лад­­ағы әріптестігін геологиялық барлау, ғы­лыми зерттеулер, өңдеу және мамандар даярлау салаларына тарата бастады, – деді М.Шнайдер.

Негізгі өндірістік қуаттарын жаңа қа­лыптастырып жатқан елдерге қарағанда  Қа­зақстанның өндірістік кәсіпорындары, ин­женерлік кадрлары және инвестиция құю әлеуеті оған артықшылық әкелді. Әйт­кенмен сарапшы Президенттің мұн­дағы олқылықты меңзегеніне назар ау­дарт­­ты: сирек жер металдарын барлау жә­не өңдеу саласында заманауи, озық, төл технологияларын дамыту қажет.  

Болашақтағы даму перспективалары кен­ді терең өңдеумен, тазартылған метал­дар өндірісін дамытумен, ілеспе элемент­тер­ді мұқият бөліп алумен және нақты ма­те­риалдар жасаумен байланысты. Қа­зақ­стан өндірісті арттырумен шектелмеуге тиіс: ел үшін жергілікті өңдеудің үлесін ұл­ғайту, технологияларды жергіліктендіру жә­не кәсіпорындарды коммерциялық орын­дылығы мен тұрақтылығы бойынша бағалау маңызды.

Өнеркәсіп министрлігінің дерегінше, Қа­зақстанның металлургия құрылымында си­рек және сирек жер металдарын өндіру не­бәрі 2,4%-ды құрайды. 2018 жылдан бері салаға 67 млрд теңге қаржы салынған.

Қазіргі кезде Қазақстанда бериллий, тантал, ниобий, скандий, титан, рений, осмий өндірілсе, оның барысында висмут, су­рьма, селен және теллур алынады. Сон­дай-ақ министрлік елімізде галлий мен индийді бөліп алу технологиялары барын хабарлады.

Саланың болашағы зор бағыттарына ак­кумулятор-батарея материалдарын, ыс­тыққа төзімді қорытпаларды өндіру жә­не өңдеу, жартылай өткізгіш материал­дар өндірісі және тұрақты магниттерді қайта өңдеу жатқызылыпты. Үкімет сала­ны дамыту үшін 2028 жылға дейінгі «Си­рек және жерде сирек кездесетін металдар са­ласын дамытудың кешенді жоспарын» жү­зеге асырып жатыр. Ол кемінде 5 жаңа өн­дірісті іске қосуды, қолданыстағы кә­сіп­орындарды жаңғыртуды және ши­кі­зат­ты кешенді түрде өндіріп алу техноло­гия­ларын енгізуді көздейді.

Қазақстанда сирек металдардан өнім­нің жекелеген түрлерін шығару үшін қа­зірдің өзінде базалық өнеркәсіптік инф­ра­құрылым қалыптасқан және ол да­мы­тылғалы жатыр. Шығыс және Орталық Қа­зақстан ең перспективалы өңірлер са­налады. Үлбі металлургия зауыты атом энер­гетикасы мен электроникада сұра­ныс­қа ие металдар – бериллий, ниобий жә­не танталды өңдеумен айналысады. 

Жезқазғанда «Жезқазғансирекметалл» РМК-сі жоғары температуралы қорыт­па­ларды, химия өнеркәсібінде қолданы­ла­тын рений мен осмийді шығарады. Оның си­рек металдар цехын жаңғыртуға қара­жат бөлінді. Инвесторларды тарту үшін оларға геологиялық ақпарат, сирек және сирек жер металдарының дерекқоры қолжетімді етіліпті.

Бұдан бөлек, Қызылорда облысында «Ба­лауса» фирмасы» ЖШС ванадий кон­центратын өндірсе, Алматы облысындағы «Жетісу Вольфрамы» ЖШС вольфрам кен­дерін игерумен айналысады. Тұтастай ал­ғанда, бұл кәсіпорынның бәрі сирек ме­талдарды бастапқы өңдеудің негізін құрай­ды. Алайда олардың қуаты мен тех­ноло­гиялық деңгейі әзірге елде терең өң­деудің толық циклін түзуге мүмкіндік бер­­­мейді.

Технологиялардың жетіспеушілігі мен тех­никалық базаның әлсіздігі салдарынан Қазақстан әзірге осы аса құнды метал­дарды шетелге шикізат түрінде өткізуге көбірек бағдарланған. Сондықтан сарап­шы­лар айтқандай, ендігі басты мұрат – өз технологиямызды дамыту, өңдеу қуат­та­рын салу және ел ішінде толық өндірістік циклді қалыптастыру.

ERG қатысуымен жылына 15 тонна қуа­ты бар галлий өндіру желісін іске қосу жос­парланған. Литий-ионды батарея­лар­дың қалдықтарын өңдеу жобасы пы­сық­талады. «Сарытоған» графит жобасы да­мытылып жатыр. Сондай-ақ Ақсу қала­сын­да электролитті марганец пен марга­нец диоксидін өндіруге бағытталған мар­ганец хабы қалыптасу үстінде.

Қорыта айтқанда, Президент айқын­дап берген міндеттер жүйелі жүзеге асып, геологиялық барлаудан бастап терең өң­деу мен дайын өнім шығаруға дейінгі то­лық өндірістік тізбек қалыптасса, Қа­зақ­стан жаһандық технологиялық ин­дустрияның маңызды ойыншысына ай­на­лып, ата-баба мұрасын келер ұрпақтың экономикалық қуатына айналдыра алады.

Айхан ШӘРІП