Цифрлық зорлық: баланы виртуалды кеңістікте кім қорғайды?

Смартфон арқылы алақанға сыйған әлемнің мүмкіндіктері мол болғанымен, оның қауіп-қатері де орасан екені күн өткен сайын ай­қындала түсуде.

Әсіресе цифрлы кеңістікте балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар көбейіп, виртуалды әлемнің көлеңкелі тұстары алаңдата бастады. Дегенмен балаға төне­тін қауіптің бәрі бірдей көзге көріне бермейді. Солардың бірі – киберфлешинг. Яғни әлеуметтік желілер, мессенджерлер немесе өзге де цифрлық арналар арқылы адамның келісімінсіз ин­тимдік сипаттағы суреттер мен бейнематериалдардың экран­нан көрініс беруі. Әсіресе мұндай әрекеттің кәмелетке толмаған ба­лаларға бағытталуы мәселені тереңдете түседі.

Ал қазіргі балалар мен жасөспірімдердің бос уақытының көбі онлайн кеңістікте өтетінін ескерсек, бала қауіпсіздігін қорғау қаншалықты күрделі екенін аңғару қиын емес. Мәселен, Kazakhstan Kids Online әлеуметтік зерттеуіне сүйенер болсақ, балалардың 46%-дан астамы интернетті алғаш рет 5-8 жас аралығында қолдана бастайды, ал жоғары сынып оқушыларының 95%-дан астамының әлеуметтік желілерде аккаунттары бар. Балалардың шамамен 60%-ы интернетті оқу мақсатында пайдаланса, ал 66%-ы әлеуметтік желілерде қарым-қатынас жасау үшін қолданады. Аталған зерттеу ұл балалардың 12,4%-ы және қыздардың 10,1%-ы интернетте танысқан адамдармен офлайн кездескенін, балалардың 7,4%-ы айына кемінде бір рет желіде жыныстық сипаттағы бейнелерді көретінін, 7,1%-ы жыныстық мазмұндағы хабарламалар алатынын көрсеткен.

Мемлекет басшысының бастамасымен кейінгі жылдары балалардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында заңдар қабылданып, реформалар іске асырылуда. Сонымен қатар жасөспірім­дердің құқықтары мен заңды мүдделерін қор­ғау мемлекеттік саясаттың басым бағыт­тарының бірі саналады. Балаларды зиянды ақпараттан қорғау «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасы заңымен реттеледі, онда мемлекеттік органдардың балаларды теріс ақпараттың әсерінен қорғау саласындағы құзыреттері және олардың ведомствоаралық өзара іс-қимылы қарастырылған. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті де құрылды.

Заң цифрлық қауіпсіздікті толық қамтамасыз ете ала ма?

Алайда заңнамалық кепілдіктердің болуы баланың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмауы мүмкін. Өйткені интернеттегі зорлық-зомбылықтың сипаты күрделі. Ал оны анықтау мен жолын кесу оңай емес. Мәселенің тағы бір күрделі тұсы – балалардың көп жағдайда мұндай әрекеттерге тап болғанын ата-анасына айтуға қорқуы. Бірі ұялады, енді бірі өзіне кінә артады, ал кейбірі интернеттегі бейтаныс адамның қоқан-лоқысына сеніп, үнсіз қалуға мәжбүр болады.

Сондықтан «Заңнамалық кепілдіктердің болуы баланың цифрлық кеңістіктегі қауіп­­сіздігін толық қамтамасыз ете ала ма? Жалпы, баланы цифрлық зорлықтан қорғаудың құ­қық­тық, технологиялық және тәрбиелік тетік­тері қаншалықты тиімді?» деген сұрақ туады. 

ІТ саласының сарапшысы, журналист Мейіржан Әуелханұлының айтуынша, заң жалғыз өзі баланың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмайды.

– Заң «не істеуге болмайды» деген шекараны белгілейді және кінәліні жазалайды, бірақ зиянның алдын толық ала алмайды. Интернетте қылмыскер көбіне басқа елде отырады, жалған аккаунт қолданады, ал контент бірнеше секундта таралып кетеді. Іс сотқа жеткенше бала психологиялық жарақат алып үлгереді. Сондықтан заң – іргетас, бірақ тұтас «үй» емес. Ал құқықтық тетіктер қаншалықты тиімді екенін айтатын болсақ, заң екі жағдайда жақсы жұмыс істейді. Біріншісі – жаза сөзсіз болғанда, яғни шағым тез қаралып, кінәлі нақты табылғанда. Екіншісі – заң тек жеке адамды емес, плат­форманы да міндеттегенде. Әлемде бұл ерікті шарадан міндетке айналып жатыр. Мысалы, Ұлыбританияда киберфлешинг қылмыс болып саналады, ал платформалар мұндай контенттің алдын алуға міндетті, орындамаса, әлемдік табысының 10 пайызына дейін айыппұл төлейді. Бізде әзірге негізгі назар жасқа қатысты шектеуге ауып тұр, ал мессенджерлер мен платформаның «әдепкі қорғаныс» міндеті назардан тыс қалып отыр. Яғни елімізде 16 жасқа дейінгі балаларды әлеуметтік желіге тіркеуді шектеу енгізілмек, бірақ ол мессенджерлерге қатысты емес. Менің ойымша, бұл – олқылық, себебі балалармен байланыс көбіне дәл мессенджер арқылы басталады, – деді маман.

Дегенмен қазіргі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде пайдаланушыларды қажетсіз интимдік материалдардан қорғайтын  бірқатар тетіктердің бар екенін айтуымыз керек. Мә­селен, Instagram-да жасөспірім аккаунт­та­рын­да жалаңаштық күдігі бар сурет әдепкі бо­­йын­ша бұлдырланып көрсетіледі, пайда­ланушы оны ашу-ашпауды өзі таңдайды. Apple құрылғыларында да сурет немесе видеоларды бала көрмей тұрып тоқтата алатын функция бар, сурет телефонның өзінде тексеріледі. Одан бөлек, бейтаныс адамның хат жазуын шектеу, ЖИ арқылы күдікті мінез-құлықты анықтау тетіктері жұмыс істеп тұр. Маманның сөзінше, бірақ мұндай қорғаныс тетіктерінің де шегі бар. Себебі бала жасын жалған көрсетсе, қорғаныс өшіп қалады. ЖИ қателесуі мүмкін және ол әлі де қазақ тіліндегі мәтінді нашар түсінеді.

– Технология жиналмалы қорғаныс сияқты: көп нәрсені ұстайды, бірақ бәрін емес. Менің ойымша, ең ұзақ әрі ең сенімді әсер беретін құрал, ол – тәрбие тетіктері. Заң мен технология сыртқы қоршау болса, тәрбие – баланың ішкі иммунитеті. Бала бейтаныс адамның «манипуляциясын» таныса, жеке шекарасын білсе және ең бастысы, ұрыс естимін деп қорықпай ата-анасына айта алса, көп қауіп басталмай жатып тоқтайды. Көп жағдайда бала ұяттан немесе жазалаудан қорқып үндемейді, ал қылмыскер дәл осыған сенеді. Сондықтан ата-ана мен мұғалімнің сенімді қарым-қатынасы кез келген сүзгіден күшті, – деді Мейіржан Әуелханұлы.

Оның айтуынша, үш тетіктің ешқайсысы жалғыз жеткіліксіз, олар тек бірге жұмыс істегенде нәтиже береді. Заң платформаларды міндеттеуі керек, технология қауіпті алдын ала тоқтатуы керек, ал тәрбие баланың өзін саналы етуі керек. Бір сөзбен айтқанда, заң жазалайды, технология тоқтатады, тәрбие сақтандырады.

Әлем елдерінің сақтық тәжірибесі қандай?

Сондай-ақ соңғы жылдары әлемде плат­­формалардың жауапкершілігін арттыру ерікті шарадан міндетке айналып келеді. Мәселен, Аустралияда 2025 жылғы 10 желтоқсаннан бастап әлеуметтік платформалар 16 жасқа толмаған балалардың аккаунт ашуына немесе бұрынғы аккаунтын сақтап қалуына жол бермеу үшін шаралар қабылдауға міндеттелді. Бұл талап Facebook, Instagram, TikTok, Snapchat, X, YouTube және Reddit сияқты платформаларға қатысты. Австралиядағы алғашқы нәтижелерге сәйкес, желтоқсан айының ортасына қарай платформалар 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі деп анықталған шамамен 4,7 млн аккаунтқа шектеу қойған. Кейін жүргізілген зерттеуде әлеуметтік желіде жеке аккаунты бар 16 жасқа толмаған балалардың үлесі 52,4%-дан 42,1%-ға дейін төмендеген.

Әлемде балалардың әлеуметтік желіні пайдалануын реттеудің басқа да тәсілдері бар. Мысалы, Meta АҚШ-тың 52 бас про­курорымен жасөспірімдердің Facebook пен Instagram-ды пайдалану тәртібін өзгерту жөнінде келісім жасаған. Онда әлеуметтік желіні пайдалануға уақыт бойынша шектеу қою және түнгі уақытта кей функцияларды бұғаттау сияқты талаптар қарастырылған. Қытайда да кәмелетке толмағандарға арналған арнайы режим қолданылады. Ал Еуропалық Одақ балаларды платформаларда ұзақ уақыт ұстап тұруы мүмкін функцияларды шектеуге басымдық беріп отыр. Олардың қатарында push-хабарламалар, бейнелерді автоматты түрде ойнату және пайдаланушыны сервисті ұзақ қолдануға ынталандыратын өзге де функциялар бар. Яғни бала қауіпсіздігін қорғауда әртүрлі  елдің тәжірибесі бір ғана шарадан гөрі бірнеше тетікті қатар қолданудың маңызын көрсетеді. Жалпы, бұл бағыттағы шаралар тізбегі әлеуметтік желіні пайда­ланушының жасын тексеру, қолжетімділікті шектеу, платформалардың жауапкершілігін арттыру және балалардың цифрлық сауат­тылығын күшейту секілді басты міндеттерді құрайды.

Нақты әрі пәрменді шаралар қажет

Қазақстанда да осы бағыттағы шаралар біртіндеп қалыптасып келеді. «Қазақстан балалары – 2026-2030» тұжырымдамасында 1-сыныптан бастап цифрлық білім беруді енгізу қарастырылған. Оның аясында киберқауіпсіздік, цифрлық гигиена, сыни ойлау және медиасауаттылық негіздерін оқыту жоспарланған. 

Президенттің онлайн-платформа­ларға зиянды контент таратқаны үшін жауапкершілік жүктеу және балалар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру тура­лы тапсырмасына сәйкес, қазір жасөспі­рімдерге арналған интернет пен мобильді сервистерге қолже­тімділіктің арнайы баптауларын енгізу, контентті сүзгілеу және ата-ана бақылауын күшейту мәселелері талқыланып жатыр.

16 қарашада жасөспірімдерге ресми түрде әлеуметтік желі қолдануға тыйым салатын заң жобасы Құрылтай депутаттарының қарауына түсті. Айбек Дәдебайдың төраға­лығымен өткен бюро «Онлайн-платформа және масс-медиа туралы» заң жобасын алдағы Құрылтай жиындарының күн тәрбіне енгізді.

Атап айтқанда, түзетулерде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу, онлайн-платфор­малардың өкілдіктерін міндетті түрде есепке қою, білім беру курстарын әзірлеушілерге қойылатын талаптарды белгілеу және басқа да шаралар қарастырылған. Құжатта БАҚ жұмысына қатысты да бірқатар жаңа өзгеріс енгізу жоспарланған. 

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Әсел Баденова цифрлық ортада балалар қауіпсіздігін қорғау мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, балаларды зорлық-зомбылықтан және өзге де құқық бұзушылықтардан қорғау шаралары тек нақты өмірдегі қауіпсіздікпен шектелмеуі керек. Бүгінде цифрлық орта күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ендеше балалардың қауіпсіздігі бұл кеңістікте де қамтамасыз етілуге тиіс.

– Балаларды қорғауға бағытталған заңнамалық шаралар бар. Алайда кибер­флешинг әрекеті үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Президенттің айтуынша: «Құқықбұзушы­лықтың алдын алу жұмыстарын күшейту керек. Қылмыс себептерін анықтап, жойып отыру қажет».

Қазіргі таңда елімізде балаларды зорлық-зомбылықтан, жыныстық сипаттағы тиісуден және өзге де құқықбұзушылықтардан қор­ғаудың заңнамалық тетіктері қалыптасқан. Алайда бұл тетіктер тек физикалық кеңістікте ғана емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған цифрлық ортада да жұмыс істеуі қажет, – деді депутат.

Сонымен қатар депутат «Қазақстан балалары 2026-2030» тұжырымдамасына негіз болған зерттеулерге сәйкес, балалардың 7,1%-ы сексуалдық сипаттағы хабарламалар алатыны, ал 7,4%-ы интернеттен интимдік бейнелерді айына кемінде бір рет көретіні туралы айта келіп, мұндай жағдайларға мемлекет тарапынан ден қоюдың нақты тетігі болуы, сондай-ақ балалар мен ата-аналардың көмек сұрап, қорғана алуы маңызды екеніне назар аударды.

– Осы орайда маңызды бір сұрақ туын­дайды: кәмелетке толмаған балаға оның келісімінсіз интимдік сипаттағы материалдарды қасақана жіберу әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болмаса, мұндай әрекетке қандай құқықтық баға беріледі? Қазіргі уақытта цифрлық ортадағы мұндай қауіптер жеке есепке алынбайды. Құ­қықтық статистика комитетінің мәлі­ме­тін­ше, цифрлық арналар арқылы сексуалдық си­паттағы материалдарды адамның келісімінсіз алу фактілері, олар бойынша қабылданған шешімдер мен берілген құқықтық бағалар бөлек тіркелмейді. Қолда бар деректер тек осыған ұқсас қылмыстық құқықбұзу­шылықтарға қатысты, – деді депутат.

Депутат осы мәселеге байланысты аталған құқықтық олқылықты жою мақсатында  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу, атап айтқанда, адамның рұқсатынсыз немесе келісімінсіз жыныстық мазмұндағы материалдарды жіберуге қатысты 434-4-бапты енгізу бастамасын көтерді. Оның сөзінше, бұл бап қылмыстық құқық­бұзушылық белгілері болмаған жағдайда, нақты бір адамға оның келісімінсіз интимдік материалдарды қасақана жібергені үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеуді көздейді.

– Осыған байланысты  Ішкі істер министр­лігінен аталған құқықтық олқылыққа және қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болмаған жағдайда мұндай әрекеттер үшін жеке әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесіне қатысты министрліктің ұстанымын білдіруді сұраймын. Балалардың цифрлық ортадағы жыныстық қолсұғылмаушылығын уақытылы қорғау үшін нақты әрі пәрменді шаралар қажет, – деді депутат.

Әрине, депутаттың сауалына құзырлы орган өкілдері белгіленген тәртіппен жауап берері, атқарылған істер мен жоспарлар жайлы мәліметтер ұсынары сөзсіз. Дегенмен біздің пайымдауымызша, киберфлешингтен қорғауда нақты технологиялық шешімдер мен елде жұмыс істейтін платформаларды кәмелетке толмағандарға қорғанысты әдепкі түрде қосуға міндеттеу, шектеулерді мессенджерлерге де қолдану, жеке деректерді платформаға бермей, жасты eGov арқылы растау, отандық мамандардың күшімен қазақ тіліндегі қауіпті хаттарды анықтайтын ЖИ модельдерін жасау, бала мен ата-ана бір батырма арқылы шағым түсіре алатын біртұтас жүйе құру, мектептегі цифрлық сауаттылық сабақтарында киберфлешинг тақырыбын нақты мысалдармен түсіндіру секілді нақты тетіктерді іске қосу керек болады. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ