Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы 3 алтын, 6 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Бірінші орынды Өзбекстан құрамасы иеленсе, үшінші орынды Тәжікстан спортшылары алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында әлемнің 70-тен астам елінен келген 500-ге жуық спортшы бақ сынады.
Чемпионат аясында Халықаралық кураш қауымдастығының XXII конгресі өтті. Жиынға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Өзбекстан спорт министрі Адхам Икрамов, Өзбекстан Ұлттық Олимпиада комитеті төрағасының орынбасары Отабек Умаров, Өзбекстан Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Ойбек Касимов және Халықаралық кураш қауымдастығының бас хатшысы Реза Нассири қатысты.
Конгресс барысында қауымдастықтың қызметі, кураш күресін әлемде дамыту, ұлттық және құрлықтық федерациялармен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ халықаралық жарыстарды ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланды.
Кураш күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғұмар Қырғызбаев жарыс қорытындысына көңілі толатынын жеткізді.
«Біз жігіттерден бір алтын, қыздардан бір алтын медаль аламыз деп жоспарлаған едік. Алайда нәтиже біз күткеннен де жоғары болды. Қыздарымыз екі алтын медаль жеңіп алды. Бұған өте қуаныштымыз! Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Енді алдағы халықаралық жарыстарға дайындықты бірден бастаймыз», – деді бас бапкер Ғұмар Даниярұлы.
Ерлер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде Миразат Айбатыр жеңіс тұғырынан көрінсе, әйелдер арасында Назерке Тілеуханова (87 кг) мен Альбина Бахиева (+87 кг) ел намысын абыроймен қорғап, алтын медаль иеленді.
«Кураш күресі Азия ойындарының бағдарламасына енгендіктен, бұл спорт түрінде белгілі бір жүйе қалыптасқан. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Әлем чемпионатына қатысқан спортшылардың барлығы жақсы дайындықпен келген. Олардың арасында Азия және әлем чемпиондары да бар. Дегенмен біз намысты қолдан бермеуге тырыстық. Өз елімізде өткендіктен, жауапкершілік те жоғары болды. Бар күшімізді салып, елімізге алтын жүлде сыйлағанымызға қуаныштымын», – деді жарыс жеңімпазы Миразат Айбатыр.
Күміс жүлдегерлер қатарында Асылжан Орынбасарова, Әділет Ахметғали, Ақбота Қыдырали, Темірлан Сағындықов, Зарина Сарипова және Ғалымжан Крикбаев бар. Ал Данил Федоров пен Бейбарыс Нұғманов қола медаль иеленді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.