Қазақстанның Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағыттау бастамасы шетелдік басылымдардың назарын аударды. Еуропалық EU Reporter басылымында жарияланған «Build! Once again – build! Kazakhstan accelerates infrastructure development» атты мақалада «Халықтық құрылыс» бағдарламасы және табиғи ресурстардан түсетін кірісті елдің ұзақмерзімді дамуына пайдалану мәселесі қарастырылған, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мақала авторы Қазақстанның бұл қадамын мемлекеттік жинақтарды тек қаржылық актив ретінде сақтап қана қоймай, олардың бір бөлігін халыққа ұзақ жылдар бойы қызмет ететін қоғамдық инфрақұрылымға айналдыру тәсілі ретінде бағалайды. Сонымен қатар Индонезия мен Норвегияның тәжірибесін мысалға келтіріп, мұндай инвестициялардың экономикалық және әлеуметтік тиімділігіне назар аударады.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасына 6,5 триллион теңге бөлінеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған үш жылдық «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. Қаражатты мектеп, аурухана, емхана, спорт нысандары, көпір және автомобиль жолдарын салуға жұмсау жоспарланып отыр.
Мұндай шешімнің негізгі себептерінің бірі – демографиялық өсім мен инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артуы. EU Reporter дерегінше, соңғы жеті жылда Қазақстан халқының саны 2 миллионнан астам адамға көбейген. Қалалардың аумағы кеңейіп, жаңа тұрғын аудандары қалыптасқан сайын білім беру және медициналық мекемелерге деген сұраныс та артып келеді.
Инфрақұрылым құрылысы тек жаңа ғимараттар салу емес, халық саны мен елді мекендердің даму қарқынына сай қоғамдық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету міндетімен байланысты.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде жалпы құны 3 млрд доллардан асатын жобалар мақұлданған. Олардың қатарында білім беру және денсаулық сақтау мекемелерімен бірге мәдениет, спорт және туризм нысандары, инженерлік желілер мен жол құрылысы жобалары бар.
Жалпы, бұл бастама Қазақстанның әлеуметтік инфрақұрылымға бағытталған бұрынғы инвестицияларын толықтырады. EU Reporter мәліметінше, соңғы жеті жылда елде әлеуметтік саланы дамытуға шамамен 198 млрд доллар жұмсалған. Оның ішінде 75 млрд доллар білім беру саласына, 35 млрд доллар денсаулық сақтауға бағытталған. Осы қаражат есебінен қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де мыңдаған мектеп, балабақша және медициналық мекеме ашылған.
Халықаралық тәжірибе
EU Reporter мақаласында Қазақстанның бастамасы халықаралық тәжірибемен салыстырылады. Автор, әсіресе, табиғи ресурстардан түсетін кірісті әлеуметтік инфрақұрылымға инвестициялаудың ұзақмерзімді нәтижелеріне назар аударған.
Мысалы, Индонезия 1970 жылдардағы мұнай табысының бір бөлігін INPRES бағдарламасы арқылы бастауыш мектептер салуға бағыттаған. Алты жыл ішінде елде 61 мыңнан астам мектеп салынған.
Бұл бастаманың нәтижесін кейін экономист, Нобель сыйлығының лауреаты Эстер Дюфло зерттеген. Оның 2001 жылы American Economic Review журналында жарияланған зерттеуіне сәйкес, әрбір мың балаға шаққанда қосымша салынған бір мектеп білім деңгейінің жоғарылауына және ересек жастағы табыстың 1,5–2,7 пайызға өсуіне ықпал еткен.
Бұл мысал білім беру инфрақұрылымына салынған қаражаттың әсері құрылыс аяқталған сәтпен шектелмейтінін көрсетеді. Мектептер ондаған жыл бойы жұмыс істеп, кейінгі ұрпақтың білім алуына және еңбек нарығындағы мүмкіндіктеріне ықпал етеді.
Тағы бір мысал ретінде Норвегияның мемлекеттік жинақтарды басқару тәжірибесі келтірілген. Елдің бюджет қағидалары мемлекеттік шығыстарды мұнай қорынан күтілетін ұзақмерзімді нақты кірістілікпен байланыстырады. Қазір бұл бағдар 3 пайыз деңгейінде белгіленген.
Бұл модельдің ерекшелігі – жинақтарды толықтай жұмсауға жол бермей, қордың негізгі капиталын сақтай отырып, оның инвестициялық кірісінің бір бөлігін қоғамдық қажеттіліктерге пайдалану.
Мақалада Сингапурдың The Straits Times басылымында жарияланған экономист Теренс Хоның пікірі де келтірілген. Ол Қазақстандағы балаларға арналған жинақ шоттарын мұнай кірісін адами капиталды дамытуға бағыттаудың бір тетігі ретінде қарастырған. Ал «Халықтық құрылыс» осы мақсатқа басқа жолмен жетуді көздейді: табиғи ресурстардан түскен қаражаттың бір бөлігін білім беру, медицина және көлік инфрақұрылымына инвестициялау.
Инвестиция тиімділігі қалай өлшенеді?
Мақаланың негізгі назар аудартатын тұстарының бірі – мемлекеттік инвестициялардың нәтижесін бағалау мәселесі. Автордың пайымдауынша, салынған ғимараттар мен пайдалануға берілген шаршы метрлердің саны қаражаттың тиімділігін толық көрсете алмайды.
Білім беру мен медициналық көмектің сапасы, олардың халық үшін қолжетімділігі, сондай-ақ өмір сүру жағдайының жақсаруы адам капиталының дамуына тікелей әсер етеді. Ал бұл ұзақмерзімді перспективада еңбек өнімділігі мен халық табысының өсуіне негіз болуы мүмкін.
Бұл бағыттағы әлеуетті UNICEF-тің 2025 жылғы «Generation 2050» баяндамасы да көрсетеді. Ұйымның бағалауынша, Орталық Азияда халықтың жартысынан астамы 30 жасқа толмаған. Балалардың денсаулығына, біліміне және дамуына қосымша инвестициялар салу 2050 жылға қарай өңірдегі жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімді базалық болжаммен салыстырғанда 6–14 пайызға арттыруы ықтимал.
Ал БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы есебінде Қазақстан адам дамуы индексі бойынша 193 ел мен аумақтың арасында 60-орынға ие болған. Елдің көрсеткіші – 0,837. Бұл Орталық Азиядағы ең жоғары нәтиже.
БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катажина Ваверня елдің өмір сүру деңгейі, адам дамуы және цифрлық трансформация бағыттарында «нақты ілгерілеуге» қол жеткізгенін атап өткен.
Алайда бұл көрсеткіштерді тек инфрақұрылымдық инвестициялардың нәтижесі ретінде қарастыру дұрыс болмас еді. Адам дамуы көптеген экономикалық және әлеуметтік факторларға тәуелді. Сондықтан жаңа бағдарламаның тиімділігі де салынған нысандардың санымен ғана емес, олардың сапасымен, қызмет көрсету деңгейімен және халықтың нақты қажеттіліктеріне сәйкестігімен бағалануға тиіс.
Негізгі мәселе – қаражаттың тиімді жұмсалуы
Қазақстанның Ұлттық қор қаражатын инфрақұрылымға бағыттау тәжірибесі мемлекеттік жинақтарды басқарудағы маңызды мәселелердің бірін алға шығарады: табиғи ресурстардан алынған табыстың қанша бөлігі болашақ ұрпақ үшін сақталып, қаншасы қазіргі қоғамның қажеттіліктеріне жұмсалуы керек?
Бұл тұрғыда «Халықтық құрылыс» бағдарламасының нәтижесі бөлінген қаражаттың көлеміне ғана емес, жобаларды іріктеу сапасына, құрылыс шығындарының негізділігіне, нысандардың уақытылы аяқталуына және кейінгі пайдалануға дайындығына байланысты болады.
Мәселен, жаңа мектеп салу білім беру инфрақұрылымын жетілдіреді. Бірақ оның толыққанды жұмыс істеуі үшін мұғалімдермен қамтамасыз ету, оқу сапасын сақтау және қажетті материалдық жағдай жасау да маңызды. Сол сияқты аурухана мен емхана құрылысы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруы үшін білікті мамандар мен қажетті жабдықтар болуы қажет.
Демек, бағдарламаның түпкі нәтижесін бағалауда құрылыс жұмыстарының орындалуымен қатар, жаңа нысандардың халыққа қаншалықты пайда әкелгеніне де назар аудару қажет.
EU Reporter жарияланымының негізгі тұжырымы – табиғи ресурстардан түсетін табысты ұзақмерзімді қоғамдық активтерге айналдыру мүмкіндігі. Қазақстанның «Халықтық құрылыс» бағдарламасы осы тәсілдің бір үлгісін ұсынады. Оның нақты тиімділігі алдағы жылдары салынған нысандардың сапасы, қызмет көрсету мүмкіндігі және қоғамға әкелген пайдасы арқылы айқындалмақ.