Тоқаев: қазіргі бұлыңғыр заманда ғалымдардың халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды

Президент айтулы жиында соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанда тарихымызда бұрын-соңды болмаған ауқымды реформалар жүзеге асырылды деді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде жаһандық цифрландыру дәуіріндегі ғылым мен білімнің маңызына, сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясындағы тарихи жетістіктерге ерекше тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент ғылымның барша адамзатқа ортақ игілік екенін атап өтіп, әлем қауымдастығы азаматтардың сапалы тұрмысы мен жарқын болашағы үшін ғылым-білімдегі әр жетістікті саналы түрде кәдеге жаратуы тиіс екенін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, Стратегиялық серіктестер форумының негізгі мақсат-міндеті де дәл осы бағытты көздейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде ғылым-білімнің әлем өркениетіндегі орны айрықша»
Ғылым – барша адамзатқа ортақ игілік. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек.
Стратегиялық серіктестер форумының негізгі мақсат-міндеті де осы деп күмәнсіз айтуға болады».

Сонымен қатар Президент: 
«Жер жүзінің ең зияткер тұлғаларын ортақ мүддеге жұмылдырған бұл алқалы жиын еліміз үшін тарихи сәтте өтіп жатыр.
Биыл Қазақстанның дербес мемлекет болғанына – 35 жыл.
Еліміз қасиетті Тәуелсіздігіміздің мерейлі межесіне халықаралық беделі биік, экономикалық әлеуеті зор, болашағы жарқын ел, сондай-ақ аймақта көш бастап тұрған және дүние жүзінде жаппай мойындалған озық мемлекет ретінде жетіп отыр.
Халқымыз осы жылдар ішінде көптеген белесті табысты еңсерді.
Біртұтас жұртымыздың бірлігі күшейіп, мемлекеттігіміз нығайды. Осылайша, Ұлы даладағы бірегей өркениетіміз қайта жаңғырды.
Соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Бұл да – тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға.
Аталған өзгерістер тұтас халқымыздың өміріне, бүкіл қоғамның болмысына оң ықпал етуде десек, артық болмас», - деді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.