Келесі жылы «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» аясында ірі құрылыс науқаны басталады – Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтық құрылыс» кезінде салынатын әрбір нысан, әрбір ғимарат жұртымыздың игілігіне қызмет етеді».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық бағдарламасының стратегиялық маңызына тоқталып, алдағы жылдары бүкіл ел аумағында жүзеге асырылатын ауқымды жобаларды атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бір мезетте бүкіл аймақты және барлық саланы қамтитын мұндай кең ауқымды құрылыс бұрын-соңды болмаған. Мемлекет басшысы «Құрылыс және тағы да құрылыс» қағидаты Қазақстанның жалпыұлттық ұранына айналатынын мәлімдеді.

«Жалпы, осы күнге дейін еліміз көптеген табысқа қол жеткізді. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әрдайым биік мақсаттарға ұмтыламыз.
Мен биылғы Жолдауымда «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық бағдарламасын жарияладым.
Алдағы жылдарда тұтас ел аумағында көптеген балабақша, мектеп, емхана, спорт кешендері, оңалту мекемелері, жастарға арналған шығармашылық орталықтары, театрлар, әуежайлар, вокзалдар, жолдар және басқа да маңызды нысандар салынады.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бір мезетте бүкіл аймақты, барлық саланы қамтитын мұндай ауқымды құрылыс бұрын-соңды болған жоқ.
Бұл бірегей бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, экономиканы өркендетуге айрықша серпін бермек.
Қысқаша айтқанда, бұл – «барша жұртымызға арналған нағыз халықтық жоба, яғни, кең ауқымды құрылыс».
Себебі «Халықтық құрылыс» кезінде салынатын әрбір нысан, әрбір ғимарат жұртымыздың игілігіне қызмет етеді. Өндіріс орындары мен кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндіктер пайда болады. Жұмыс орындары ашылады.
Қысқасы, «Құрылыс және тағы да құрылыс» қағидаты Қазақстанның жалпыұлттық ұранына айналады.
Бағдарлама аясында әлеуметтік нысандармен қатар, атом, су және жылу электр стансалары, деректерді өңдеу орталықтары салынады», - деді Президент.