Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білімге негізделген экономиканы қалыптастырудың конституциялық маңызына тоқталып, жоғары білім мен ғылымды қолдау бағытындағы соңғы жылдардың басты көрсеткіштерін жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, білімге негізделген экономика құру азаматтарымыздың ұзақмерзімді конституциялық міндетіне айналды және оны қазіргі әрі одан кейінгі үкіметтер тиісті деңгейде орындауы қажет.
«Білімге негізделген экономика құру азаматтарымыздың ұзақмерзімді конституциялық міндетіне айналды. Қазіргі және одан кейінгі үкіметтер оны тиісті деңгейде орындауға тиіс.
Бүгінде Қазақстанда 132 университет бар. Онда 800 мыңнан астам студент білім алады.
Соңғы жеті жылда Үкімет білім беру гранттарына бөлген қаржының көлемі екі есе көбейіп, 3,4 миллиард долларға жетті. Сондай-ақ ұдайы артып келе жатқан сұранысты өтеу үшін елімізде 281 студент жатақханасы бой көтерді. Бұл шаруа алдағы уақытта да жалғасады.
Бұдан бөлек, соңғы жылдары еліміздегі ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, 590 миллион долларға жетті», - деді Президент.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.