Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу және білім беру мен ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ауқымды жұмыстардың алғашқы кезеңі сәтті өткенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Қазір ауқымды ұйымдастыру жұмыстарының бірінші кезеңінен өттік деп айтуға болады. Осыған байланысты министр Саясат Нұрбекке ризашылығымды білдіремін.
Әлемнің жетекші оқу орындарымен жемісті серіктестік орнатып, көптеген шетелдік университеттің филиалдарын аштық. Білім беру мен ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды жаңғырту басталды.
Елімізде М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеп келеді.
Оқу орны Қазақстан мен Ресейдің білім-ғылым саласындағы тиімді ынтымақтастық алаңына айналды. Жақында аталған филиалдың ашылғанына 25 жыл болды.
Мерейтойлық датаға орай білім ошағына барынша қолайлы, маңызды міндеттерді орындауға бейімделген жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді.
Былтыр Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы есігін айқара ашты.
Іргелі оқу орнының өкілдігі дипломатия, экономика мен цифрлық технология бағыттарында сұранысқа ие мамандар даярлауға кірісіп кетті. Астана қаласында институтқа арналған жаңа ғимарат салу қолға алынды», - деді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.