17 желтоқсаннан бастап Атырау арқылы Астрахан мен Ташкент арасында халықаралық жолаушылар пойызы қатынайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өзбекстан Көлік министрлігінің мәліметінше, №149/150 пойыз аптасына бір рет қатынайды. Жаңа бағыт Атырау тұрғындарының Өзбекстанға теміржол арқылы қатынауына қосымша мүмкіндік береді.
№150 пойыз 17 желтоқсаннан бастап әр бейсенбі күні сағат 18:00-де Ташкенттің орталық теміржол вокзалынан шығып, сенбі күні сағат 19:00-де Астраханға жетеді.
Ал кері бағыттағы №149 пойыз алғашқы рейсін 20 желтоқсанда орындайды. Ол әр жексенбі күні сағат 02:01-де Астраханнан аттанып, сейсенбі күні сағат 04:35-те Ташкентке келеді.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, пойыз Ақсарай, Ганюшкино, Атырау, Бейнеу және Самарқанд стансалары арқылы өтеді. Екі қаланың арасындағы жол шамамен екі тәулікке созылады.
Билеттер пойыз жөнелетін күнге 45 тәулік қалғанда сатылымға шығарылады.
Жаңа халықаралық бағыт Қазақстан, Өзбекстан және Ресей арасындағы теміржол қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді.