Қазақ ұлттық университетінде тағы да шу шықты

Алматыда студент қыздың өзіне дене жарақатын салуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Әлеуметтік желіде оқиға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болғаны туралы ақпарат тарағанымен, оқу орны бұл мәліметті жоққа шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

19 қарашада заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында ҚазҰУ студентінің өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы ақпарат түскенін жазды. Дегенмен заңгер бұл мәліметтің ресми түрде расталмағанын атап өтті.

Алматы қалалық Полиция департаменті студент қыздың өзіне дене жарақатын салғанын растады.

«Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне жеңіл дене жарақатын салу фактісі тіркелді. Оған медициналық көмек көрсетілді», – деп хабарлады полиция.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары оқиғаның нақты қай оқу орнында болғанын және оның мән-жайын әзірге жариялаған жоқ. Ал ҚазҰУ өкілдері әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарған.

Айта кетейік, қараша айының басынан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде екі студент қайтыс болды.

6 қарашада журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды. Ал 16 қарашада география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің қаза тапқаны белгілі болды. Екінші оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды.

Осы жағдайлардан кейін университеттің проректоры мен факультет деканы қызметінен кетті. Ғылым және жоғары білім министрлігі оқу орнына кешенді тексеру жүргізілетінін хабарлады.