Соңғы жеті жылда азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті – Президент

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында мәлімдеді.

Қазақстанда соңғы жеті жылда агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты екі есе артып, 7 миллиард долларға жуықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

– Жалпы, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында жемісті нәтижелерге қол жеткіздік. Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті. Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды. Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады. Соның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті.

Былтыр елімізде соңғы жиырма жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілді. Санақ кезінде цифрлық технологиялар қолданылды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды.

Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор. Басты міндет – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, уақытты созбай, белсенді түрде жұмысқа кірісу керек, – деді Мемлекет басшысы.