Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалардың нақты нәтижесін тексеру қажет екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Жалпы, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Тиісті министрліктің мәліметі бойынша тек былтырдың өзінде «Ауыл – ел бесігі» бастамасымен 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны – 173 миллиард теңге. Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды.
Енді осы жұмыстың нәтижесін тексеру керек сияқты. Неге мен бұл мәселені арнайы қозғап, қазбалап айтып тұрмын? Себебі бұрын бәріміз адамдарды қуантатын «керемет, тіпті мінсіз» ақпаратты көп тыңдадық. Соның бәріне қуандық. Сосын дұрыс статистикалық мәлімет берілмеді деп сылтау тауып, мәселені «алыс сөреге» ысырып қоя салатын едік. Біз мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент:
«Бұл орайда ауылдардың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарға айрықша назар аудару қажет. Әсіресе, ірі шаруа қожалықтары орналасқан аудандардағы инженерлік желілерді жетілдіріп, олардың сапалы жұмысына қажетті кіреберіс жолдар салу керек»,-деді.