Қазақстанда минералды тыңайтқыш пайдалану деңгейі алғаш рет 65 пайызға жетті – Президент

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөз қылды.

Қазақстанда минералды тыңайтқыш пайдалану деңгейі алғаш рет ғылыми негізделген қажетті мөлшердің 65 пайызына жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

– Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі осы стратегиялық салаға тікелей тәуелді. Бұл белгілі жайт. Сондықтан біз үшін егіннен мол өнім алу және әр гектарға шаққанда оның өзіндік бағасын төмендету өте маңызды. Бұл түйткілді шешу жолы түсінікті деп ойлаймын.

Еске сала кетейін, бұған егістіктің рационалды құрылымы, сапалы тұқым, қолжетімді тыңайтқыш, ғылыми дәлдікке негізделген егіншілік және суды үнемді пайдалану есебінен жетуге болады. 2023 жылдан бері бидайдың бітік шығуына тәуелділікті азайтып, пайдасы әлдеқайда жоғары дақылдардың үлесін көбейту бағытында жоспарлы жұмыс жүріп жатыр.

Топырақ пен климат жағдайын, сондай-ақ өңдеуші кәсіпорындардың сұранысын ескере отырып, егістікті әртараптандыруды одан әрі жалғастырған жөн. Биыл диқандарымыздың минералды тыңайтқыш пайдалану деңгейі алғаш рет ғылыммен негізделген қажетті мөлшердің 65 пайызына жетті. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай жетістік. Бірнеше жыл бұрын аталған көрсеткіш небәрі 20 пайызды құраған еді, – деді Мемлекет басшысы.