Қазақстанда 2030 жылға дейін су үнемдеу технологиялары қолданылатын егіс алқаптарының көлемін кемінде 1 миллион 300 мың гектарға жеткізу міндеті қойылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Тағы бір міндет – суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру. Бұл аса маңызды мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Осы тақырып төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Қазіргі таңда 700 мың гектар суармалы алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылады. Бұл жалпы ауданның жартысына да жетпейді. 2030 жылға дейін кемінде 1 миллион 300 мың гектар жерді қамту міндеті тұр.
Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Үкіметке аталған шаруаны тұрақты күн тәртібіне енгізуді, яғни, күнделікті жұмыс ретінде қарауды тапсырамын. Бүгінде 4,6 мың шақырым суару арнасына реконструкциялау мен жөндеу жұмыстары басталды. Мың шақырымға жуығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 200 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарады.
Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, суармалы жерлерді кеңейту жоспарын су жеткізу мүмкіндіктерімен, арналардың жағдайымен және энергия желілерінің қуатымен ұштастырғаны абзал. Егін шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану үшін озық ғылыми тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізуге күш салуымыз керек. Өздеріңізге мәлім, жер қателікті көтермейді. Бірақ аялап, ұқыпты қараса, көл-көсір пайдаға кенелтеді. Мұны сіздер жақсы білесіздер, – деді Мемлекет басшысы.