Тоқаев ауыл шаруашылығын тек пайда көзіне айналдырған кәсіпкерлерге қатысты заң жүзінде шара қабылдауды ұсынды

Бұл туралы Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығынан табыс тауып, бірақ ауылдың дамуына үлес қоспайтын кәсіпкерлерге қатысты заң жүзінде шара қабылдау қажет екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

– Мемлекет туған жерінің өркендеуіне үлес қосатын, ауылдастарының игілігін ойлайтын адал фермерлер мен іскер шаруаларға әрдайым қолдау көрсетеді. Алайда жерден пайда тауып жүргенімен үлкен қалада немесе шетелде тұратын бизнесмендер де бар. Олар тіпті өздерінің шаруашылықтарына бармайды, көбіне әлеуметтік жауапкершілік танытуға құлықты емес, отандастарына жаны ашымайды, адамдардың мұң-мұқтажын түсіне бермейді.

Осы орайда заңды сауал туады. Бізге жер қадірін білмейтін, халықтан алыс, ауыл шаруашылығын тек пайда табудың жолы ретінде қарастыратын адамдар қажет пе? Меніңше, жауабы анық. Қажет емес. Ендеше заң жүзінде шаралар қабылдау керек.

Бұл салада кәсіппен айналысатындардың бәрі, ең алдымен, ауылдағы тұрмыс сапасын жақсартуды ойлауға тиіс. Аграрлық сектор – мемлекетіміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Әсіресе, тұрақсыз заманда оның өзектілігі арта түсті, – деді Мемлекет басшысы.