Абай университетінде халықаралық Монтессори саммиті өтті

Абай университетінде өткен «Монтессори – адам дамуы және өзгермелі әлем контексіндегі тәсіл» атты халықаралық саммиті педагогика саласындағы беделді деген ғалымдар мен сарапшыларды, Монтессори әдістемесін қолданатын мамандарды және шетелдік білім беру ұйымдарының өкілдерінің басын қосты.

Саммит аясында оқу орнында Лучано Маццетти атындағы Монтессори педагогикасы орталығы мен Монтессори білімінің ғылыми-әдістемелік зертханасы ашылды.

Заманауи білім беру жүйесінде баланың болмысы, қабілеті мен жеке даму ерекшеліктері өте маңызды. Монтессоридің гуманистік педагогикалық философиясы қазақ халқының рухани және тәрбиелік мұрасымен үндеседі. Әсіресе ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімімен де сабақтасатын тұстары бар.

Халықаралық саммитті ашқан Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, шетелдік әріптестерге басқосуды ұйымдастыруға және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. 

– Абай философиясындағы толық адам тұжырымдамасы ақыл, жүрек пен қайраттың бірлігін, жауапкершілік, әділеттілік, еңбекқорлық және білімге ұмтылу қасиеттерін тәрбиелеуді көздейді. Бұл құндылықтар Мария Монтессори педагогикасының негізгі қағидаттарымен өзара сабақтас. Сондықтан халықаралық тәжірибені ұлттық рухани және мәдени құндылықтармен шығармашылық тұрғыдан ұштастыру біз үшін маңызды, – деді Болат Тілеп.

Монтессори педагогикасын дамыту отандық педагогикалық білім беруді жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі. Өйткені оның мәнісі – баланың өзін-өзі тәрбиелеуіне, өз бетінше үйренуіне және табиғи қабілеттерін дамытуына негізделген тәрбие мен оқыту жүйесі. Осындай әдістеме негізінде бүгін қара шаңырақта Лучано Маццетти атындағы Монтессори педагогикасы орталығы мен Монтессори білімінің ғылыми-әдістемелік зертханасы ашылды. «International Maria Montessori Center» директорлар кеңесінің мүшесі Валерия Маццети мұндай орталықтардың әлем бойынша кең таралғанын жеткізді. 

– Әлемнің көптеген елінде біздің орталықтар жұмыс істейді. Мәселен Жапония, Мексика, Қытай, Еуропа елдерінда бар, міне, бүгін Қазақстанда ашылып отыр. Бұл орталықта білім алған студенттер педагогикалық құзыретін дамытып, шет елдер де еңбек ете алады. Қазақстандық студенттерге халықаралық аренада еңбек сұранысына ие болуға мүмкіндік береді, – деді италиялық өкіл. 

Саммит аясында Абай университеті Қазақстандағы Монтессори қауымдастығымен және «Montessori Qazaqstan» қоғамдық қорымен өзара ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойды. Қос құжат тараптардың білім беру, ғылыми-әдістемелік және кәсіби бағыттардағы әріптестіктерін нығайтуға негіз болмақ.

Жиынға Италия, Франция, Германия, Чехия, Грекия, Ресей және Қазақстан ғалымдары мен педагогика саласының сарапшылары қатысып, бала оқытудағы заманауи әдіс-тәсілдерді саралады. Атап айтқанда, Монтессори философиясындағы антропология мен технология, әдістің физикалық қағидаттары, табысты Монтессори мектептерін қалыптастыру, терапиялық жұмыс, 0-3 жас аралығындағы балалардың дамуы және педагогикалық бақылаудың маңызы талқыланды.