Баланың туыстары оның денсаулығына алаңдап, оқиғаның жан-жақты тергелуін талап етіп отыр,– деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға 31 қазан күні Жамбыл ауданының Бірлесу-Еңбек ауылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 9-сынып оқушысы ауыл клубының маңында кеуде тұсынан соққы алған. Кейін оны басқа балалар аудандық ауруханаға жеткізген. Жасөспірімнің жүрегі тоқтап қалып, дәрігерлер шұғыл көмек көрсету арқылы жүрек соғысын қалпына келтірген.
Жамбыл аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленов бұған дейін баланың жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз екенін хабарлаған. Жасөспірім өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
3 қарашада Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оқушының жағдайы тасымалдауға келмейтінін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, республикалық мамандар телемедицина арқылы кеңес беріп, баланың денсаулығын бақылауға алған. Жағдайы тұрақталғаннан кейін оны Астанаға санитарлық авиациямен жеткізу жоспарланған.
Алайда 19 қарашада жасөспірімнің туысы әлеуметтік желіде баланың әлі есін жимағанын жазды. Оның айтуынша, оқушының кеуде тұсына бірнеше рет соққы жасалған. Жақындары бұл жағдайды жоғары сынып оқушылары тарапынан жасалған әлімжеттікпен байланыстырады.
Ал ІІМ Ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков оқиғаның мектептен тыс жерде болғанын хабарлады. Оның мәліметінше, екі жасөспірім арасында жанжал туындап, біреуі екіншісіне соққы жасаған.
Жамбыл облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын растады. Күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.