«Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалының өкілдері «Атырау облысы Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының ұжымымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жиынға филиал төрағасының орынбасары Қуантай Бисалиев, кәсіпорын директоры Мейірім Қалауи, қызметкерлер мен партия мүшелері қатысты.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Қуантай Бисалиев Жолдауда белгіленген ел дамуының негізгі басымдықтарына тоқталып, экономиканы әртараптандыру, өндірісті технологиялық жаңғырту, цифрландыруды дамыту және еңбек өнімділігін арттыру бағыттарының маңызын атап өтті.
– Жолдауда еліміздің алдағы кезеңдегі дамуына қатысты маңызды міндеттер айқындалды. Экономиканы әртараптандыру мен отандық өндірісті дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға негіз болады. Сонымен бірге цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу, инфрақұрылымды жаңғырту, білім мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту – елдің тұрақты дамуы үшін қажет бағыттар, - деді Қуантай Бисалиев.
Ол коммуналдық инфрақұрылымның сенімді жұмысы да өңір тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. Су жүйелерін жаңғырту, қызмет сапасын арттыру және сала мамандарының кәсіби әлеуетін дамыту жөніндегі міндеттерді орындауда кәсіпорын ұжымының еңбегі маңызды. Бастауыш партия ұйымы Жолдаудағы міндеттерді ұжыммен бірге талқылап, қызметкерлердің ұсыныстарын ортақ жұмысқа енгізуге ықпал етуі тиіс.
Жиында партия мүшелері, материалдық техникалық жабдықтау және мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Еркін Нұртайұлы мен сол жағалау кәріз тазарту құрылғыларының жоба жетекшісі Смағұл Түкешов те пікір білдіріп, Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша кәсіпорын директорының орынбасары Ғасырбек Лекеров «Атырау облысы Су Арнасы» КМК бастауыш партия ұйымының төрағасы болып сайланды. Сонымен қатар ұйымның бюро мүшелерін сайлау мәселесі қаралды.
Жиналысты кәсіпорын директоры Мейірім Қалауи қорытындылап, қатысушыларға алғыс айтты. Жиын соңында Жолдауды талқылау барысында айтылған ұсыныстарды бастауыш партия ұйымының жұмыс жоспарына енгізу және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау туралы шешім қабылданды.