Ел ырысын еселегендер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында сөз сөйледі.

– Құрметті жиналған қауым! Ең алдымен, кәсіби мереке бар­шаңыз­ға құтты болсын дегім ке­леді. Бұл – мән-мағынасы ерекше оқи­ға. Себебі ауыл шаруашылы-ғы – ел экономикасы үшін страте­гия­лық маңызы айрықша сала. Б­ү­гін де жыл сайынғы дәстүрге сай мемлекетіміздің аграрлық ахуа­лын талқылау үшін арнайы жи­налып отырмыз. Алқалы жиын­ға еліміздің әр аймағынан кел­ген білікті мамандар, диқан­дар, шаруалар, бір сөзбен, еңбек адам­дары қатысып отыр. Сон­дық­тан бұл форумды жалпыұлттық ауқымдағы нағыз елдік басқосу де­сек те қате болмас. Ең алдымен, қа­зір сөз сөйлеп, өз көзқарасымен бө­ліскен азаматтарға, инвес­тор­лар­ға алғыс білдіремін. Су ре­сурс­та­рын үнемдеу, жайылымдық жер­лерді тиімді пайдалану, ауыл ең­беккерлерінің әлеуметтік жағ­дайын жақсарту және басқа да өзек­ті мәселелерге қатысты маз­мұн­ды пікірлер, ұтымды ұсы­ныс­тар айтылды. Үкімет және құ­зыр­лы министрлік осы мәселенің бә­рін міндетті түрде назарға алуы ке­рек.

Баршаңызға мәлім, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандары ауыл әлеуетінің артуына, тұтас мем­лекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосуда. Сіздер атакәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игі­­лігін еселеп жүрсіздер. Ауа райы қолайсыз болғанына қара­мас­тан, биыл да ел қамбасы ас­тық­қа толды. Күзгі жиын-терінде елі­міз бойынша 24,5 миллион тон­на дақыл жиналды. Егіннің бі­тік болуы – молшылық пен тоқ­шы­лықтың кепілі. Бұл – еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дас­тарханымыз берекелі болады де­ген сөз. Мен бүгін диқандар қауы­мы­на және осы салада еңбек етіп жүр­ген барша азаматқа алғыс ай­та­мын, – деп бастады сөзін Мем­лекет басшысы.

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА ҚОНҒАН ҚҰТ

Президент осы орайда қазақта «Еңбек төрге оздырады» деген сөз барын еске салып, шын мәнінде, өз ісін адал атқарып, міндетіне үл­кен жауапкершілікпен қ­а­рай­тын азаматтардың арқасында елі­міз өсу, өрлеу дәуіріне қадам ба­сып келе жатқанын жеткізді. 

– Біз жасампаз әрі озық ойлы ұлт болып әрдайым алысқа көз ті­ге­міз, ел мүддесі үшін тек қана биік мақсаттарға ұмтыламыз. Мем­лекет басшысы ретінде осы мақ­сатқа адал болу – мен үшін қас­терлі парыз. Биылғы Жол­дауым­да көрініс тапқан «Халық­тық құрылыс» бағдарламасы со­ның айқын дәлелі екені сөзсіз. Бұл – құт қонған қазақ даласы ен­ді ауқымды құрылыс аумағына ай­налады деген сөз.

Алдымызда тұрған құрылыс жос­пары – шын мәнінде, оның ау­қымы тұрғысынан алып қара­сақ, айбынды әрі бірегей. Елі­міз­дің барлық аймағында емхана, ау­­рухана, балабақша, мектеп, мә­­дениет және спорт ғимарат­та­ры, яғни халқымыздың тұрмыс са­пасын жақсартуға арналған аса маңызды әлеуметтік нысандар бой көтереді. Сапалы жолдар тө­се­леді, атом, су, электр станция­лары, деректерді өңдеу орталық­тары салынады. Осылайша, мем­лекетіміздің тұрпаты мен келбеті, эко­номикамыздың құрылымы ай­тарлықтай өзгеретініне күмән жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сө­зін­ше, бір мезетте бүкіл саланы және бар­лық аймақты қамтитын дәл осын­дай өте ауқымды құрылыс ел та­рихында бұрын-соңды болма­ған. 

– «Халықтық құрылыс» хал­қы­мыздың қолдауына ие болатын, ұлт дамуына кең жол ашатын жоба бол­мақ. Жалпыұлттық жобаға өн­ді­ріс орындары да, отандық кә­сіп­кер­лер де белсене атсалысады. Жаңа жұмыс орындары пайда бо­лады, азаматтардың табысы ар­тып, тұрмыс сапасы жақсарады. Түп­теп келгенде, «Халықтық құ­ры­­­лыстың» игілігі мен жақсы­лы­ғын Қазақстанның әрбір азаматы, әсі­ресе өскелең ұрпақ өкілдері кө­реді. Сондықтан біз «Құрылыс жә­не тағы да құрылыс» сөзін отан­шыл­дық ұраны етіп, біртұтас қо­ғамымыздың мүддесі үшін Әді­лет­ті Қазақстанның әр кірпішін бірге қа­лаймыз. Мен бұған кәміл сене­мін.

«Халықтық құрылыс» деген атауында тұрғандай, бұл жоба ха­лық­тың игілігін көздейді, барлық аза­матты жасампаз іске жұдырық­тай жұмылдырады. Бұл – шын мәнінде, келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алған жалпыұлттық міндет. Құбылмалы әрі тұрақсыз әлемнің күрделі сын-қатерлеріне біздің лайықты жауабымыз – «Құ­ры­лыс және тағы да құрылыс!». Гео­­саяси және экономикалық ахуал бұлыңғыр жағдайда мем­ле­кетіміздің, ел азаматтарының қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің ан­ағұрлым дұрыс, қисынды жолы осы екеніне сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы маз­мұны терең бағдарлама аясын­да ауыл-аймақтарға, шаруалар мен агроөнеркәсіп кешендеріне қа­жетті инфрақұрылым салына­ты­нын айтты. 

– Жалпы, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында же­­­місті нәтижелерге қол жет­кіз­дік. Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті. Жалпы құны 2,7 триллион тең­ге болатын 1 630 инвес­ти­ция­лық жоба іске қосылды. Аг­ро­өнер­кәсіп өнімдері экспортының кө­лемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард дол­ларға жуықтады. Соның ішін­де өңделген өнім үлесі 52 пайызға жет­ті. Былтыр елімізде соңғы жиыр­ма жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілді. Санақ кезінде цифрлық технологиялар қол­данылды. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығының жай-күйі ту­ралы жан-жақты әрі нақты мә­лі­мет алынды. Осы саланың шы­найы ахуалын көрсететін толық­қан­ды деректер жиналды. Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығын­да­ғы әлеуеті зор. Басты міндет – қол­да бар мүмкіндікті тиімді пай­­да­ла­нып, уақытты созбай, бел­сенді түр­де жұмысқа кірісу керек, – деп атап өтті Мемлекет бас­шысы.

АУЫЛДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ АРТУҒА ТИІС

Президент осы орайда алды­мыз­да тұрған нақты мақсат-мін­дет­терге тоқталды. 

– Бірінші мәселе. Ауыл тұр­ғын­дарының тұрмыс сапасын арт­тыру үшін оларға тиісті жағдай жа­сау қажет. Бұл – дұрыс. Алайда соң­ғы жылдары ауыл шаруашы­лы­ғына қатысты «аттары бөлек, бір­ақ заттары бірдей» бағдарла­ма­лар тым көп болып кеткен сияқты. Мә­селен, қазірдің өзінде «Ауыл ама­наты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игі­лік», «Сыбаға» және тағы бас­қа бағдарламалар жүзеге асыры­лып жатыр.

Әрине, әр жоба осы саладағы өзек­­ті мәселелерді шешу үшін жа­зы­­лады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қан­­шалықты тиімді жүзеге асы­ры­лып жатыр? Меніңше, бұл – заң­ды сұрақ. Бізге бағдарламаның са­ны емес, ауыл шаруашылығының са­па­лы дамығаны керек. Сон­дық­тан Үкімет ауыл мен аграрлық сек­­тор­ды қолдау үшін дайындал­ған осын­дай құжаттарға жан-жақты талдау жүр­гізуге тиіс. Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қа­жет. Ең бастысы, бұл жұмыс ша­р­уа­­ларға түсінікті болып, ауыл тұр­ғын­дары­ның тұрмыс сапасын жақ­сартуға ықпал етуі керек. Бұл мем­лекет қар­жысын үнемдеу қа­жет­тілігіне тіке­лей байланысты мә­селе. Жалпы, бұл бағытта жұмыс жүр­гізіліп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тиісті ми­нистр­ліктің мәліметі бойынша тек был­тырдың өзінде «Ауыл – ел бе­сігі» бастамасымен 500-ге жуық ауыл­да 921 жоба жүзеге асырыл­ға­нын айтты. Олардың жалпы құны – 173 миллиард теңге. Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жаб­дықтау жүйесі жаңғыртылды. 

– Енді осы жұмыстың нәти­же­сін тексеру керек сияқты. Неге мен бұл мәселені арнайы қозғап, қаз­ба­лап айтып тұрмын? Себебі бұрын бә­ріміз адамдарды қуантатын «ке­ремет, тіпті мінсіз» ақпаратты көп тыңдадық. Соның бәріне қуандық. Со­сын дұрыс статистикалық мә­лі­мет берілмеді деп сылтау тауып, мә­селені «алыс сөреге» ысырып қоя салатын едік. Біз мұндай жағ­дай­ға жол бермеуіміз керек.

«Халықтық құрылыс» бағ­дар­ла­масы ауыл-аймақтардың одан әрі дамуына жаңаша серпін беруге тиіс. Бұл орайда ауылдардың өсіп-өр­кендеуіне үлес қосып, тұр­ғын­дарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр­ған кәсіпорындарға айрықша назар аудару қажет. Әсіресе ірі шаруа қожалықтары орналасқан ау­дандардағы инженерлік желі­лер­ді жетілдіріп, олардың сапалы жұ­­­­­­мысына қажетті кіреберіс жол­дар салу керек, – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев атаған та­ғы бір маңызды мәселе – ауыл­дағы кәсіпкерлікті дамыту. 

– Елімізде «Ауыл аманаты» бағ­дарламасына бүгінге дейін 150 мил­лиард теңге қаржы бөлінді. Со­ның арқасында ауылдарда 22 мың­нан астам жұмыс орны ашыл­ды. Әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ басты мәселе – сол 22 мың жұ­мыс орны қазіргі таңда сақталды ма? Қалай десек те, осы жобаның аясын әлі де кеңейте түсу қажет.

Мен бұған дейін цифрлық сау­да алаңдарының және банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керек деп нақты айттым. Ен­ді осы жұмысты тиімді ұйым­дас­тырып, өнімдерді тұтынушыға же­т­кізу жолын айқындайтын нақ­ты келісімшарттар жасау керек. Жал­пы, шағын шаруашылықтары бар аудандарда өнімді қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құру қажет. Мұндай инфрақұрылым бар­лық өндірушіге бірдей қол­же­тім­ді болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сонымен қатар Жол­­дауда ауыл шаруашылығы са­ла­сына цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интел­лек­тіні кеңінен енгізу қажет екенін айт­қанын еске салды. 

– Бүгінде озық шешімдердің игі­лігін көріп отырған шаруа қо­жа­лықтары аз емес. Мысалы, Сол­түстік Қазақстанда осындай кә­сіп­орындар бар. Атап айтқанда, «Ақ­селеу» шаруашылығы өндірісті цифрлық басқару және жер серігі арқылы бақылау жүйелерін енгізді. Есепке алу жұмысы да автоматты түр­де жұмыс істеп жатыр. Шаруа­шы­лық ауыл-аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, тұрғындар орталықтан жылыту жүйе­сімен және таза ауызсумен қам­­тамасыз етілген. Кәсіпорын мек­­тепке, спорт кешеніне және бас­­қа да әлеуметтік нысандарға тұ­рақ­ты түрде қолдау көрсетуде. Осы­лайша, цифрландырудың ар­қасында ауыл шаруашылық өн­дірі­сінің тиімділігі, оның бәсекеге қа­бі­леті артып, жалпы ауыл тұр­ғын­да­рының тұрмыс сапасы жақ­саруда. Сондықтан басқа да шаруа қо­жа­лық­тары осы мүмкіндіктерді өз ай­мақтарында қолданғаны жөн деп са­наймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

АГРОСЕКТОРДЫҢ АРЫНЫ 

Мемлекет басшысы екінші мә­се­ле ретінде агросекторға қолже­тім­ді әрі ұзақмерзімді қаржылан­дыру көзі қажет екенін атады. 

– Бұл жөнінде бірнеше мәрте айт­тық. Аграрлық кредиттік кор­порация мен «ҚазАгроҚаржының» қол­даныстағы инвестициялық құ­рал­дары өтінімдерді ұзақ қарай­ды әрі рәсімделу тәртібі қиын, сон­дай-ақ цифрландыру жағы жет­кілікті деңгейде емес. Сон­дық­тан Үкімет «Бәйтерек» холдингімен және қаржы нарығын реттеуші ор­ганмен бірлесіп 2027 жылдың бі­рінші тоқсанының соңына дейін аг­росекторға арналған инвес­ти­ция­лық құралдардың бірыңғай тіз­бесін ұсынғаны жөн. Екінші дең­гейлі банктер ауыл шаруа­шы­лығын кредиттеуге белсенді атса­лы­суы керек. Бұл жөнінде де ұдайы ай­тып жүрміз. Әлбетте, оңай шаруа емес. Өйткені банктер – жекемен­шік.

Осы ретте кредитті шаруаларға қо­лайлы шартпен ұзақ мерзімге беру қажет. Қарызды өтеу кес­те­сінде нақты өндіріс циклі ес­кері­лу­ге тиіс және инвестициялық ке­­­зең­де негізгі берешектің төлемін кейін­ге шегеру мүмкіндігі болғаны жөн. Әрине, мұны тілек қана емес, тапсырма деп түсініңіздер. Бәріміз бір елде тұрамыз, бір ауамен ты­ныс­таймыз, бір жердің суын іше­міз. Сондықтан табыста аса үлкен ал­шақтық болмауы керек. Қаржы көз­деріне қолжетімділік туралы тү­сі­нікте де айырмашылық болма­ғаны жөн.

Фермерлер кредиттің алғашқы тө­лемін жабу үшін егінін жинап бо­ла сала, өнімін арзан бағаға са­тып жіберуге мәжбүр. Бұған жол бе­руге болмайды. Үкімет пен ми­нистрлік осы мәселені шешуге кі­рісуі керек. Шаруалар да мем­ле­кетіміз көптеген, соның ішінде көр­ші елдермен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласына ора­сан зор қаржы құйып жатқанын тү­сінуге тиіс. Мұнда масылдыққа орын жоқ. Яғни бөлінген қаражат мақ­сатқа сай тиімді жұмсалуы ке­рек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сө­зінше, аграрлық шаруашылықтың та­бысты болуы – мемлекет пен ха­­­лықтың мүддесіне толық сай ке­ле­ді. 

– Осы түсінікке арқа сүйейміз. Со­нымен қатар қаржыландыруға өті­нім беруден бастап оны алуға дейінгі әуре-сарсаңды азайтып, рә­сімдерді барынша оңтайландыру қа­жет. Бұл – бұрыннан келе жатқан мә­селе. Проблеманың шешімі оңай көрінгенімен, қайталауға тура ке­ліп тұр. Басқаша айтқанда, шар­уа­лардың кредитті өтеу қабі­ле­тін бағалайтын цифрлық модель енгізу керек.

Біз ауыл шаруашылығына жа­сан­ды интеллектіні енгізу туралы жиі айтып жүрміз. Жуырда ЖИ са­л­асындағы жаһандық жетекші ком­паниялардың басшыларын қа­былдадым. Олар бізге агро­сек­торға жасанды интеллектіні енгізу мәселесімен айналысу жөнінде кеңес берді. Өйткені әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігінің келе­ше­гіне қатысты болжамдар, өкінішке қарай, мәз емес. Қазір Эль-Ниньо деп аталатын табиғи құбылыстың салдарына кешенді талдау жүр­гі­зілуде. Жорамалдар көңіл көн­шіт­п­ейді. Бірақ Қазақстан бұл жағ­дай­да үлкен артықшылыққа ие. Яғни орайлы сәтті пайдаланып, аталған салаға жасанды интеллектіні енгізу арқылы алға озуға және әлемдік ау­қымдағы азық-түлік қорын қа­лыптастыруға мүмкіндігі бар. Осы істі неге қолға алмасқа? Меніңше, бұл міндетті бірінші кезекте Үкі­меттегі осы мәселемен айнал­ы­са­тын блокқа жүктеу керек. Мұндай құ­рал кредит беру туралы шешім­нің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, өтінімдерді қарау мерзімін және әкімшілік кедер­гі­лерді қысқартады, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент осы тұста жасанды ин­теллект ауыл шаруашылығының өнім­ділігін еселеуге қалай көмек­те­сетінін зерделеу керек екенін айт­ты. 

– Әрине, ауыл шаруашы­лы­ғы­ның өнімділігін арттыру үшін қар­жы құралдарын белсенді әрі тиімді қол­данған жөн. Ал саланың өнім­ді­лігі ойдағыдай емес. Оны мойын­да­ғанымыз дұрыс. Үкіметке халық­аралық қаржы ұйымдарымен бірге арнайы бағдарлама әзірлеу міндеті жүктелді. Құжатта әлемдегі озық тәжірибе де ескеріледі. Бағдар­ла­мада ұзақмерзімді шартпен қаржы тар­ту, техникалық және сарап­та­малық қолдау көрсету, заманауи тех­нологиялар мен озық ғылыми әзір­лемелерді қолданысқа енгізу те­тіктері қарастырылуға тиіс.

Тағы бір өзекті мәселе – агро­сақ­тандыру жүйесін жетілдіру. Қуаң­шылық, үсік және мал ауруы жыл­дар бойғы маңдай тер, табан ақы­ны желге ұшыруы мүмкін. Жер­­гілікті климат жағдайына се­ніп, жайбарақат отыруға болмайды. Бұл – әуел бастан тиімсіз стратегия. Шы­ғынды үнемі бюджеттен өтеу де проблеманы шешпейді. Сон­дық­тан Үкімет Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігімен бір­лесіп аталған нарықты дамыту жө­нінде нақты ұсыныстар беруі ке­рек. Сонымен қатар шаруаларды тәуе­келдерден алдын ала ерікті түр­де сақтануға ынталандыратын шаралар қарастыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Мемлекет басшысы үшінші мә­селе ретінде мал шаруашылығын дамыту жайын сөз етті. 

– Мемлекет бұл салаға нақты қол­дау көрсетіп келе жатыр. Кейін­гі жылдарда атакәсіппен ай­на­лысатын бизнес өкілдеріне не­сие беру көлемі ұлғайды. Асыл тұ­­­қымды мал сатып алуға баса на­зар аударылатын болды. Жаңа фер­малар мен бордақылау алаң­да­ры салынып жатыр. Мәселен, был­­тырдан бері 71 тауарлы сүт фер­­масы іске қосылды, 33 бор­да­қы­лау алаңы салынды. Енді осы өн­діріс орындарының тиімді әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасау керек.

Шаруашылықтарды сапалы жем-шөппен қамтамасыз еткен жөн. Дайын өнімді өткізу мәселесі де шешімін табуға тиіс. Жайы­лым­дар­дың өнімділігін қалпына кел­тіру­ге және егістік көлемін ұлғай­ту­ға ерекше көңіл бөлген абзал. Су көздері де шаруа қожалықтары үшін қолжетімді болуы керек. Бұ­ған қоса, ветеринария саласын жаң­ғыртуға айрықша мән беру қа­жет. Дүниежүзілік жануарлар ден­саулығы ұйымының ұйғары­мы­на сәйкес, Қазақстан ящур ау­руы­нан таза аймақ ретінде танылды. Бұл – ет және басқа да мал шаруа­шы­лығы өнімдерін сыртқы на­рық­қа шығару үшін жаңа мүм­кін­дік­терге жол ашылады деген сөз. Со­ны тиімді пайдалану керек. Мал ба­сын есепке алу жүйесін жетіл­ді­ріп, зертханалық диагностиканың сапасын арттыру қажет. Үкімет өнім­дерді экспортқа шығаруға ке­дергі келтіретін тосқауылдарды жою­ға тиіс, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сө­зінше, төртінші мәселе – егін шар­уа­­шылығындағы өнімділікті арт­тыру. 

– Еліміздің азық-түлік қауіп­сіз­дігі осы стратегиялық салаға тікелей тәуелді. Бұл белгілі жайт. Сон­дықтан біз үшін егіннен мол өнім алу және әр гектарға шаққанда оның өзіндік бағасын төмендету өте маңызды. Бұл түйткілді шешу жо­лы түсінікті деп ойлаймын. Еске са­ла кетейін, бұған егістіктің ра­ционалды құрылымы, сапалы тұ­қым, қолжетімді тыңайтқыш, ғы­лыми дәлдікке негізделген егін­ші­лік және суды үнемді пайдалану есебінен жетуге болады.

2023 жылдан бері бидайдың бі­тік шығуына тәуелділікті азай­тып, пайдасы әлдеқайда жоғары да­қылдардың үлесін көбейту ба­ғытында жоспарлы жұмыс жүріп жа­тыр. Топырақ пен климат жағ­дайын, сондай-ақ өңдеуші кәсіп­орын­дардың сұранысын ескере оты­рып, егістікті әртараптан­дыру­ды одан әрі жалғастырған жөн. Биыл диқандарымыздың минерал­ды тыңайтқыш пайдалану деңгейі алғаш рет ғылыммен негізделген қа­жетті мөлшердің 65 пайызына жет­ті. Бұл – ауыз толтырып айтар­лық­тай жетістік. Бірнеше жыл бұ­рын аталған көрсеткіш небәрі 20 пайызды құраған еді, – деді Мем­ле­кет басшысы.

Президент сонымен бірге отан­­дық тыңайтқыш өндірісін да­мы­тудың маңызы зор екенін баян­дады. 

– Қазір пайдаланып жүрген тыңайтқыштың жартысына жуығы шет­тен келеді. Жағдайды бұлай қал­дыруға болмайды. Бұл жөнінде та­лай айттық. Қазір Түркістан об­лысында фосфорлы тыңайтқыштар шығаратын зауыт салынып жатыр. Маңғыстау облысында еліміздегі ал­ғашқы аммиак-карбамид кеше­ні­нің құрылысы жоспарланған. Үкімет те осындай жобаларға қол­дау көрсетеді. 

Тағы бір міндет – суармалы егін­шіліктің тиімділігін арттыру. Бұл аса маңызды мәселе әлі күнге ше­шімін таппай келеді. Осы та­қы­рып төңірегінде қызу пікірталас жү­ріп жатыр. Қазір 700 мың гектар суар­малы алқапта су үнемдеу тех­нологиясы қолданылады. Бұл жал­пы ауданның жартысына да жет­пей­ді. 2030 жылға дейін кемінде 1 мил­лион 300 мың гектар жерді қам­­ту міндеті тұр. Мәселенің өзек­ті­­лі­гін ескере отырып, Үкіметке атал­­ған шаруаны тұрақты күн тәр­ті­­­біне енгізуді, яғни күнделікті жұ­­­мыс ретінде қарауды тап­сыра­мын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінде 4,6 мың шақырым суару арнасын ре­конструкциялау мен жөндеу жұ­мыстары басталғанын айтты. Мың шақырымға жуығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәти­жесінде 200 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарады. 

– Үкімет әкімдіктермен бір­ле­сіп, суармалы жерлерді кеңейту жос­парын су жеткізу мүмкін­дік­терімен, арналардың жағдайымен және энергия желілерінің қуаты­мен ұштастырғаны абзал. Егін шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану үшін озық ғылыми тә­сілдер мен заманауи технология­лар­ды енгізуге күш салуымыз ке­рек. Өздеріңізге мәлім, жер қате­лік­ті көтермейді. Бірақ аялап, ұқып­ты қараса, көл-көсір пайдаға ке­нелтеді. Мұны сіздер жақсы бі­ле­­сіздер.

Мемлекет туған жерінің өркен­деуіне үлес қосатын, ауылдастары­ның игілігін ойлайтын адал фер­мер­лер мен іскер шаруаларға әр­дайым қолдау көрсетеді. Алайда жер­ден пайда тауып жүргенімен үл­кен қалада немесе шетелде тұра­тын бизнесмендер де бар. Олар тіп­ті өздерінің шаруашылықтарына бармайды, көбіне әлеуметтік жауапкершілік танытуға құлықты емес, отандастарына жаны ашы­май­ды, адамдардың мұң-мұқтажын түсіне бермейді. Осы орайда заңды сауал туады. Бізге жер қадірін біл­мейтін, халықтан алыс, ауыл шар­уа­шылығын тек пайда табудың жо­лы ретінде қарастыратын адам­дар қажет пе? Меніңше, жауабы анық. Қажет емес. Ендеше заң жү­зін­де шаралар қабылдау керек, – деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруа­шылығы саласында кәсіппен айналысатындардың бәрі, ең ал­дымен, ауылдағы тұрмыс сапасын жақсартуды ойлауға тиіс екенін нақтылады. 

– Аграрлық сектор – мемлеке­ті­міз­дің жаһандық бәсекеге қа­бі­лет­тілігіне ықпал ететін негізгі фак­­­­­торлардың бірі. Әсіресе тұрақ­сыз заманда оның өзектілігі арта түсті. Қазір келесі жылға және одан кейінгі ортамерзімді кезеңге ар­нал­ған әлемдегі климат ахуалы жайында түрлі болжамдар жария­ла­нып жатыр. Климаттық күн тәр­тібі геосаясатпен және эконо­ми­камен тығыз байланысты. Мә­селен, климаттың күрт нашарлап бара жатқанына және алдағы қуаң­шылыққа байланысты алаң­дау­шы­лық жиі айтылады. Ауыл шаруа­шы­лығына жасанды интеллектіні ен­гізуге байланысты пікірімде осы­ған тоқталдым.

Кейбір сарапшылардың пі­кі­рін­ше, 2027 жыл өте ыстық болуы мүм­кін. Ауа райындағы ауытқулар қуаң­шылыққа, өртке, су тасқы­ны­на душар етуі, соның салдарынан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі күрделеніп, әлемдік жеткізу тізбегі бұзылуы ықтимал. Ауыл шаруашы­лығын дамыту және су ресурстарын басқару ісінде біз осындай қауіп-қатерлердің бәрін ескеруіміз керек. Біз бұл мәселені енді қолға алып жатырмыз. Бірақ жүрісіміз баяу. Өйт­кені еліміздің азық-түлік қауіп­­­сіздігін қамтамасыз ету – ең маңыз­ды міндет. Астанада Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымы аясында азық-тү­лік қауіпсіздігімен айналысатын ха­лықаралық ұйымның штаб-пә­тері орналасқан. Салалық ми­нистр­лік аталған ұйыммен бірге әлем­дегі күрделі ахуалды ескере оты­рып, Қазақстанға және біздің се­ріктестерімізге арналған ұсы­ным­дар әзірлей алады, – деді Мем­лекет басшысы.

Президент бесінші мәселе ре­тінде ауыл шаруашылығы өнім­де­рін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән беру қажет екенін атады. 

– Бұл мәселе бойынша көп әң­­­­гіме айтылып жатыр. Соңғы үш жылда елімізде азық-түлік өндірісі 15 пайызға жуық өсті. Соның ішін­де өсімдік майын өндіру көлемі 36 пайызға, ал ет және сүт өнімдерін өндіру 25 пайызға артты. Бұл – жақ­сы көрсеткіш. Енді осы қар­қын­ды сақтап, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін барынша күшейту қажет. Тағам өнеркәсібі саласындағы жо­баларды жедел саралап, жүзеге асыру керек. Бұл жобалар азық-тү­лікпен қамтамасыз ету ісінде им­порт­қа тәуелділікті азайтуға мүм­кін­дік береді.

Сондай-ақ жаңа өндіріс нысан­дарын инженерлік желілерге уақы­тылы қосу өзекті мәселе болып отыр. Жалпы, Үкімет әкімдіктер­мен бірлесіп, осы салаға қолдау көр­сетудің бірыңғай тәртібін әзір­леуге тиіс. Сонымен бірге оның нақ­ты жолдарын, қаржыландыру көз­дерін анықтап, мерзімдерін бе­кіту маңызды. Бірақ бұл істе қа­ғаз­бастылық әлі бар, оны мойын­дауы­мыз керек. Мен Жолдауда мем­лекеттік органдар мен ква­зи­мемлекеттік компаниялар жария­ла­ған сатып алу үдерістеріне ша­ғын және орта бизнестің қатысу мүм­кіндігін кеңейту жөнінде нақ­ты міндет қойдым. Бұл үдеріс, әсі­ресе тағам өнеркәсібіне серпін беруі қажет. Сондықтан ұзақ­мер­зім­ді келісімшарттар әзірлеу, тиім­сіз талаптарды қысқарту және отан­дық өндірушілерге тең жағдай жа­сау мәселелері шешімін табуға тиіс. Әрине, мұның бәрі өнімнің са­пасы мен қауіпсіздігіне қойы­ла­тын талаптарды қатаң сақтай оты­рып жүзеге асырылуы керек. Жал­пы, алдағы уақытта да мемлекет бұл салаға қолдау көрсетеді. Бүгін айқындалған мақсаттардың ау­қы­мы өте кең, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ХАЛЫҚТЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Мемлекет басшысының сөзін­ше, ең алдымен, ортақ мүдде жо­лын­да бір ел болып еңбек етсек, бә­ріне қол жеткізетініміз анық. 

– Құрметті жиынға қаты­су­шы­лар! Көп ұзамай халқымыз ел Тәуел­сіздігінің 35 жылдығын атап өтеді. Бұл – мемлекетіміздің тари­х­и өсіп-өркендеу жолындағы аса маңызды белес. Осы кезеңде біз та­лай қилы жолдан аман-есен өт­тік. Берекелі бірлігіміздің арқа­сын­да көптеген сынақты абырой­мен еңсердік. Мемлекеттігімізді ны­ғайттық, халықаралық абырой-бе­делімізді күшейттік. Біз Қазақ­стан­ды бәсекеге қабілетті озық ел ре­тінде дамыту үшін әлі де белсенді әрі табанды жұмыс істей береміз. Әрине, осы кезге дейін бәріміз жұрт болып жұмылып, біраз шаруа ат­қардық. Өскелең ұрпақ алдын­дағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, ауқымды реформаларды жү­зеге асырдық. Наурыз айында өт­кен жалпыұлттық референдумда мемлекетіміздің төлқұжаты – Конс­титуциямызды қабылдадық. Мұны ұлтымыздың тағдырына тікелей әсер еткен тарихи шешім бол­ды десек, артық болмас.

Конституцияда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, жалпыұлттық бір­лігімізді күшейту мемлеке­тіміз­дің негізгі қағидаттары болып бе­кі­тілді. Адам капиталын, білім-ғы­лымды, инновацияны дамыту конс­титуциялық мәні бар стра­те­гиялық міндет деп танылды. Біз ұлт Конституциясында «Заң мен Тәр­тіп» қағидатын халқымыздың аса маңызды құндылығы деп айқын­дадық, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, «Заң мен Тәртіп» – Әді­лет­ті Қазақстанды құру жолындағы бас­ты ұстаным. 

– Түптеп келгенде, ауқымды сая­си және әлеуметтік-экономи­ка­лық өзгерістер дәл осы қағидатқа негізделеді. Өйткені заң үстемдік етпесе, қоғамда тәртіп болмаса, еш­­қандай реформаның нәтиже бер­месі айдан анық. Мемлекет қа­зы­насына ауыз салу, Консти­ту­ция­ның талаптарын аяққа таптау – елге жасалған ең ауыр қастандық. Сондықтан біз қоғамдық дерттің бә­ріне, соның ішінде сыбайлас жем­қорлыққа қарсы батыл күрес жүр­гіземіз. Ешқандай жоғары наг­рада, керемет білім және мол тә­жірибе заңға қайшы әрекет жа­са­ған кезде кешірім жасауға негіз бол­майды. Кешегі табысың емес, бү­гінгі жұмысың бағаланады. Сол орынға қаншалықты лайық еке­ніңді нақты нәтиже және ісіңе жауап­кершілікпен қарау арқылы көр­сете аласың.

Президент ретінде менің адам­дарға көзқарасым атқарған ісіне қа­рай қалыптасады. Менің тара­пым­нан ешқандай артық немесе шамадан тыс талап қойылмайды: тәр­тіпті бұзбасаң, адал болсаң, жи­нақы жүріп, мемлекет мүддесіне қия­­нат жасамасаң болғаны. Бұл – бар­лық лауазымды тұлғаларға қойы­латын қарапайым, орынды та­лап. Оны мүлтіксіз орындау қа­жет. Талай рет айттым, тағы да ес­ке саламын: Конституцияда «Заң мен Тәртіп» бұлжымас қа­ғи­дат ретінде бекітілді және атақ-абыройына, қоғамдағы орнына қа­рамастан аза­маттардың бәріне бір­дей қол­да­ны­лады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент барлық деңгейдегі бас­шылар конституциялық құн­ды­лықтарды терең түсініп, оны іс жү­­зінде ұстануға тиіс екенін, сон­дай-ақ Әділетті Қазақстан құру идея­сын шынайы ниетпен қабыл­дағаны жөн екенін қадап айтты. 

– Алдымызда ауқымды жұмыс кү­тіп тұрғанын үнемі айтып жүр­мін. Мемлекет пен халықтың игі­лігі үшін жұмыс істеу зор мәртебе, әр азаматқа бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан мұндай іске салғырт қарау шын мәнінде ұлт мүддесіне зиян келтіретін кереғар әрекет. Бір қарағанда, тәртіпті бұзбауға, «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтауға және өз жұмысыңа жауапкер­шілік­пен қарауға не кедергі болуы мүм­кін? Бұл – барша мемлекеттік қыз­метші мен отаншыл азаматтың бойынан табылуға тиіс қасиет. Сон­да ғана жұртшылықтың ықы­ла­сына бөленіп, азаматтардың шы­найы алғысын аласыздар. 

Мемлекет шетелдік инвес­ти­ция­ны көтермелеу, бизнестің бел­сен­ділігін ынталандыру және ин­вес­тициялық ахуалды жақсарту сая­сатын жалғастырады. Бұл арада қан­дай да бір күтпеген өзгерістер болуы мүмкін емес. Біздің страте­гия­лық бағдарымыз – қолайлы ин­вестициялық орта қалыптас­тыру, елімізде кедергісіз бизнес жүр­гізуге мүмкіндік беретін инс­титуттық негізді нығайту. Бұл жө­нін­де халыққа арнаған Жолдауым­да айттым. Бизнеске заңсыз кедергі жа­сау – мемлекетке қарсы қыл­мыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

БАР ИГІЛІК ҚОҒАМ ҮШІН

Мемлекет басшысы біз табыс пен игілікке жеке адамдар емес, инс­титуттар кепілдік беретін мем­ле­кет құрып жатқанымызға назар аударды. 

– Еліміздегі оң өзгерістердің түп­кі мәні де – осы: адамдардың тұр­­мыс сапасы біреудің біреуге бүй­регі бұрғанына, қандай да бір ше­неуніктің көңіл күйіне тәуелді бол­май, керісінше, еңбекқорлық, та­­лант, отаншылдық секілді объек­тивті критерийлерге сүйенуі керек. «Ха­лық­тық құрылыс» бағдарлама­сы, жемқорлықпен жаппай күрес, мем­лекеттік басқару жүйесіндегі ре­­форма, қоғамда жаңа жасампаз құн­­дылықтарды орнықтыру – мұ­­­ның бәрі үлкен жолдың басы ғана.

Алдымызда әлі көптеген іс пен биік белестер күтіп тұр. Осыған дейін айтқанымдай, ел дамуына қа­­тысты ортамерзімді және одан кейінгі перс­пективаға арналған ой­ларым мен жоспарым бар. Мем­лекеті­міз­дің Егемендігін, Тәуел­сіз­дігін қор­ғауға қатысты кейбір мә­се­ле тү­бе­гейлі шешімін таппады. Мен ол жө­н­інде халыққа арнаған Жол­­дауым­да айтқанмын. Тоқ­мейіл­­сіп, бейқам жүрудің жөні жоқ. Мұны жақ­сы түсінуіміз керек, – де­ді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойын­ша, Мемлекет басшысының міндеті – жүйелі әрекет ету, діт­те­ген мақсаттан айнымау, ел тағды­рын­д­ағы маңызды шешімдер үшін жауапкершілік арқалау. 

– Еліміздегі өзгерістердің қар­қын алғаны қуантады. Ол енді тоқ­­­­­тамайды. Сондықтан халықтың әл-ауқаты мен ұлттық мүддені қара басының қамынан жоғары қоятын нағыз мемлекетшіл тұлғалар қажет. Шынайы отаншылдық адамдарға қамқорлықтан көрінеді, кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз деген сал­мақты сауалмен өлшенеді. Бақ-дәу­лет келеді де кетеді, ал соңыңда жа­саған ісің мен жақсы атың қала­ды. Соның бірі – ертең адамдар, ке­лер ұрпақ игілігін көретін әлеу­меттік инфрақұрылымдар.

Қоғамда заң үстемдігі салтанат құруы үшін сенімді тірек керек, яғ­ни адамдардың өзегі мықты, мо­ральдық принциптері мықты бол­ға­ны жөн. Дәл осы себепті жаңа қо­ғамдық этика қалыптастыру жә­­не «Таза Қазақстан» тұжырымын дә­ріптеу өте маңызды. Өйткені тек айналамыздан ғана емес, аза­мат­тарымыздың ниет-пиғылынан, сө­зінен және іс-әрекетінен таза­лық сезіліп тұруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Осы тұста Президент ешкім де заң­нан биік емесін қайталап айтты. 

– Бұл талап, әсіресе «Халықтық құ­рылыс» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде қатаң сақталуы қа­жет. Осы мәселемен айналысатын ар­найы комиссия өз жұмысын бас­тай­ды. Мына нәрсені әрдайым қа­­­­перде ұстаған жөн. Кім қылмыс жа­­сайды, сол міндетті түрде жаза­сын алады. Кім өз жұмысына сал­ғырт қарайды, сол орнынан бо­са­ты­лады.

Жоғары лауазым – ең алдымен, жо­ғары жауапкершілік деген сөз. Ха­лықтың тағдырына әсер ететін ше­шімдерді қабылдайтын адам­ның ниеті, ойы, қолы таза болуы ке­рек. Әрине, біз азаматтардың ел­ге сіңірген еңбегін жоққа шы­ғар­май­мыз. Бірақ кешегі жетістігін бұл­дап, арқаны кеңге салып жүруге кім­нің болса да, хақы жоқ. Мен үшін адамның шыққан тегі, лауа­зымы емес, нағыз іскер болғаны маңыз­ды. Жалпы, іскерлік – мем­ле­кеттік билік жүйесіне ғана емес, бар­лық салаға қажет дағды. Хал­қы­мыз «Ердің атын еңбек шығара­ды» деп бекер айтпаған. Түптеп кел­­генде, ерлік жасау – елдік мұ­рат­қ­а қызмет ету деген сөз.

Ұлт мүддесіне мінсіз және адал қыз­мет ететін азаматтарға әрдайым құр­мет көрсетіледі. Бұл – Әділетті Қа­­зақстанның мызғымас қағи­да­ты. Қазір осы жерде жұртқа жана­шыр, нағыз адал азаматтар отыр. Мем­лекет сіздерді әрдайым қол­дай­ды, еңбектеріңізді жоғары баға­лай­ды. Баршаңызға тағы да алғыс ай­тамын. Бүгін мен ауыл шаруа­шы­лығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматты мем­лекеттік наградамен марапат­тау туралы Жарлыққа қол қойдым. Құт­ты болсын, – деп түйіндеді сө­зін Қасым-Жомарт Тоқаев.