Шымкенттегі көші-қон түйткілдері

Тарихи Отанына оралған қазақтарды қолдау, олар­­­дың қоғамға кірігуіне жағдай жасау және шетел­дегі отандастармен байланысты нығайту – Қа­зақ­станның көші-қон саясатының маңызды бағыт­тарының бірі.

Бұл ретте Шымкент қаласының географиялық орналасуы, тарихи-мәдени ортасы мен демографиялық әлеуеті өңірдегі көші-қон үдерістеріне айрықша сипат береді.

Көші-қон – тек халықтың бір аумақтан екінші аумаққа қоныс аударуы емес. Оның астарында адам тағдыры, тарихи жады, ұлт­тық болмыс, әлеуметтік бейімделу және экономикалық даму секілді өзара сабақтас мәселелер жатыр. Әсіресе шетелде өмір сүріп жатқан этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуы мемлекеттің демографиялық саясатымен қатар ұлттық тұтастықты сақтау міндеті­мен де тығыз байланысты. Осы тұр­ғыдан алғанда, Шымкент қала­сындағы көші-қон саясатын тек әкімшілік рәсімдер мен қон­ыс­тандыру шараларының жиын­тығы ретінде қарастыру жеткілік­сіз. Бұл – елге оралған азамат­тар­дың жаңа ортаға бейімделуіне, әлеуетін іске асыруына, қоғам өміріне белсенді араласуына мүм­кіндік беретін кешенді бағыт.

Шымкентте шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуы­мен ұйымдастырылған «Киелі Қазақстан» танымдық экскур­сиясы аясындағы дөңгелек үстел осы мәселенің рухани және гума­ни­тарлық қырын айқындай түсті. Басқосуда тарихи Отанмен байла­нысты нығайту, ұлттық тарих пен мәдени мұраны насихаттау, шет­елдегі қандастармен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Жиынға Шымкент қаласы әкімі­нің орынбасары Сәрсен  Құран­бек, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Ырысқали Дәуренбек, қор қызметкерлері және шетелден келген қазақ диаспорасының өкіл­дері қатысты.

Кездесуді ашқан Сәрсен Абай­ұлы тарихи Отан мен шетел­дегі қандастар арасындағы байла­нысты сақтаудың маңызын атап өтіп, мұндай басқосулардың тек ресми сипаттағы шара емес, ру­хани жақындастықты нығайтатын маңызды алаң екенін жеткізді.

– Бүгінгі басқосу – алыста жүрсе де жүрегі Атажұрт деп соға­тын бауырларымызбен қауышу­дың, ой бөлісудің, бір-бірімізді жақынырақ танудың алтын көпі­рі. Қазақ халқы қашанда алыста жүрсең де, атажұртыңды ұмытпау­ды өсиет еткен. Сіздердің бүгін Шымкентке келіп, «Киелі Қазақ­стан» бағдарламасына қатысып отырғандарыңыз сол өсиеттің жалғасы, туған елге деген сағын­ыштың, перзенттік махаббаттың дәлелі, – деді Сәрсен Құранбек.

Бұл сөздің астарында көші-қон саясатының тек демография­лық көрсеткіштермен өлшен­бейтін терең мазмұны жатыр. Өйткені тарихи Отанмен байлан­ысты сақтау ең алдымен ұлттық сана мен рухани сабақтастықты үзбеу. Ал елге оралған немесе шетелде өмір сүріп жатқан қазақ­тардың өз тамырынан ажырамауы үшін мәдени, тілдік және қоғам­дық байланыстарды жүйелі түрде дамыту қажет. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары «Отандастар қоры» жүзеге асырып отырған «Киелі Қазақстан» жобасының рухани маңызына тоқталды. Экскурсияның мақсаты тек тарихи орындарды аралаумен шектелмейді. Бұл – ата-баба мұра­сын танып, ұлттық тарих пен мәдениетті тереңірек сезінуге мүмкіндік беретін тағылымды бастама.

Қазақстан үшін этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуы ұзақмерзімді мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі болып саналады. Алайда елге оралған азаматтарды қабылдау көші-қон саясатының алғашқы кезеңі ғана. Одан кейінгі маңызды міндет – олардың тұрақты қоныстануына, жұмыспен қамтылуына, білім алуына, кәсіпкерлікпен айналы­суына және қоғамдық ортаға толыққанды араласуына жағдай жасау. Бұл жерде әлеуметтік бейім­делу мәселесі алдыңғы қа­тар­ға шығады. Қоныс аударған азамат үшін жаңа ортаға үйрену, құжат рәсімдеу, тұрғын үй мәселе­сін шешу, балаларын білім беру ұйымдарына орналастыру, еңбек нарығына бейімделу  бір-бірімен тығыз байланысты міндеттер. Осы мәселелердің әрқайсысы жүйе­лі сүйемелдеуді қажет етеді.

Сондықтан көші-қон саясат­ы­ның тиімділігі қоныс аударған азаматтардың санымен ғана өлшен­беуі тиіс. Оның нәтижесі адам­дардың жаңа қоғамда қанша­лықты орныққаны, тұрақты та­быс­қа қол жеткізгені, кәсіби әлеуетін жүзеге асырғаны және қоғамдық өмірге араласу деңгейі арқылы бағаланғаны жөн.

Шымкент секілді халқы тығыз, экономикалық және әлеу­меттік байланыстары қарқынды қалада бұл бағыттың өзіндік маңызы бар. Қаладағы білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, сауда және қызмет көрсету сала­лары жаңа қоныстанушылардың әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін бағыттар ретінде қарас­тырылуы мүмкін. Дегенмен мұн­дай мүмкіндіктерді нақты нәти­жеге айналдыру үшін тұрғын үй, жұмыспен қамту, кәсіби даярлау және әлеуметтік қызметтердің қол­жетімділігі өзара үйлесімді болуы қажет.

Шымкенттің тарихи және географиялық ерекшелігі көші-қон мәселесіне кеңірек қарауды талап етеді. Қала – оңтүстік өңір­дің ірі экономикалық, мәдени және білім беру орталықтарының бірі. Оның әлеуметтік-эконо­ми­калық құрылымы, кәсіпкерлік ортасы және өңірлік байланыс­тары ішкі және сыртқы көші-қон үдерістерінің өзара ықпалдасуына негіз қалыптастырады. Мұндай жағдайда көші-қон саясаты демо­графиялық өсімді басқарум­ен ғана шектелмеуі керек. Қалаға келген азаматтардың адами капи­талын дамыту, еңбек нарығына бейімдеу, кәсіби біліктілігін пай­да­лану және әлеуметтік тұрақты­лығын қамта­ма­сыз ету де маңыз­ды.

Әсіресе тарихи Отанына оралған қандастардың арасында түрлі кәсіп иелері, білімді маман­дар, кәсіпкерлер мен жастар бар. Олардың жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби дағдылары жергілікті экономиканың дамуына үлес қоса алады. Бұл үшін азаматтардың қабілеті мен сұранысын ескеретін жұмыспен қамту тетіктерін жетіл­д­іру, кәсіпкерлік бастама­ларына қолдау көрсету және біліктілікті тану рәсімдерін жеңілдету мәсе­лелері назарда болуы қажет.

Көші-қон саясаты тек елге оралған қандастармен жұмыс істеумен шектелмейді. Шетелде тұратын қазақ диаспорасымен тұра­қты байланыс орнату да стратегиялық мәнге ие. Өйткені шет­елдегі отандастар  Қазақ­станның мәдени және рухани кеңістігінің ажырамас бөлігі. Бұл бағытта ана тілін үйрету, ұлттық тарихты насихаттау, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, жастар алмасуын дамыту және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды. Әсіресе шет­елде дүниеге келген жас буынның Қазақстан туралы танымын қал­ыптастыру, олардың қазақ тілін меңгеруіне және ұлттық мәдени­ет­пен байланысын сақтауына мүмкіндік жасау қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, «Отан­дастар қоры» жүзеге асырып отырған жобалардың маңызы зор. Шымкенттегі дөңгелек үстелде қордың қызмет бағыттары, жүзеге асырылып жатқан жобалары мен алдағы жоспарларының таныс­ты­рылуы да осы байланыстың инс­титуционалдық негізін кеңейтуге бағытталған.

Қатысушылардың шетелдегі қазақ жастарының ана тіліне, ұлт­тық салт-дәстүрге қызығу­шы­лы­ғын арттыру, тарихи-мәдени мұра­ны кейінгі ұрпаққа жеткізу және гуманитарлық байланыс­тарды кеңейту жөніндегі пікір алмасуы мәселенің өзектілігін көрсетті.

Шымкентте өткен дөңгелек үстел осы міндеттердің өзара байла­нысын тағы бір мәрте аңғарт­ты. Бір жағынан, тарихи Отанына оралған азаматтардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау қажет болса, екінші жағы­нан, шетелде тұратын қазақтардың ұлттық құндылықтармен байла­ны­сын үзбеу маңызды. Бұл екі бағыттың түпкі мақсаты ортақ  – қазақтың рухани тұтастығын сақ­тау және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы