Бүгінде оның халықаралық дипломатия саласында 35 жылдан астам тәжірибесі бар. Сэм Доуз бізге жасанды интеллектінің жаһандық қауіпсіздікке әсері мен Қазақстанның бұл саладағы болашағы туралы айтып берді.
– Сэм мырза, қазіргі уақытта жасанды интеллектінің игілігімен қатар, көлеңкелі тұстары да байқала бастағандай. Сіздіңше, алдағы уақытта жасанды зерде әлемдік қауіпсіздік пен экономикаға қалай әсер етеді?
– Иә, жасанды интеллект адамзатқа көптеген мүмкіндік сыйлағанымен, белгілі бір қауіптерді де қатар алып келеді. Ең әуелі ол экономиканың дамуына айтарлықтай ықпал ете алады. Жасанды интеллект денсаулық сақтау, азық-түлік өндірісі, өнеркәсіп және мемлекеттік қызмет көрсету салаларын дамытуға көмектеседі. Әсіресе ғылым мен медицинадағы мүмкіндігі зор. Ақылды технологияның көмегімен бұрын қол жеткізу қиын болған ғылыми жаңалықтар ашылып, жаңа шешімдер пайда болуы мүмкін. Ал мемлекеттер мен компаниялар осы жетістіктерді көптің игілігіне жарата алады. Десек те, оның азаматтық және әскери салаларда туындауы мүмкін қауіпті тұстарын назарда ұстауға тиіс. Қазір жасанды интеллект технологиялары әлем елдерінде бірдей деңгейде дамып жатқан жоқ. Ең озық үлгілері АҚШ пен Қытайда жасалып, кейін өзге мемлекеттерге таралады. Сондықтан бүгінде әлем елдерінің көбі жасанды интеллектіге қатысты ережелерді өздері белгілемейді, керісінше, өзгелер белгілеген ережелерді қабылдайды. Біз бірлесе әрекет ете алатын маңызды алаңдардың бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымы. Қазақстан бұған дейін де БҰҰ аясында су ресурстарын басқару, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосты. Меніңше, Қазақстан жасанды интеллект саласында да осындай маңызды рөл атқара алады. Өйткені Қазақстан – АҚШ жетекшілік ететін Pax Silica бастамасына да, Қытай құрған WAICO ұйымына да қатысатын әлемдегі жалғыз мемлекет.
– Қауіпсіздік демекші, әскери салада бұл мәселенің салмағы зор. Технология адамзат игілігіне қызмет етуі үшін әлем елдері қандай ортақ қағидаларды ұстануы міндетті?
– БҰҰ жанындағы ғылыми сарапшылар тобы жасанды интеллектіге қатысты қауіптердің үш негізгі түрін анықтады. Соның бірі – бұл технологияның теріс пиғылды адамдардың қолына түсуі. Террористік немесе ұйымдасқан қылмыстық топтар жасанды интеллекті кибершабуылдар ұйымдастыруға, биологиялық қару жасауға немесе басқа да қауіпті әрекеттерге пайдалануы мүмкін. Мұндай жағдайда біз басқа салалардың тәжірибесінен сабақ алуымыз керек. Мәселен, өзара сенім деңгейі төмен салаларда да келісімдер жасалып, сенімді нығайту шаралары қабылданған. Бұл кәдімгі қару-жараққа, киберқауіпсіздікке, биологиялық және ядролық қаруға қатысты салаларда да жүзеге асырылған. Қазіргі басты мәселе – білім мен ақпарат алмасу. Мысалы, биологиялық қауіпсіздік саласында елдер бір-бірінің зертханаларына барып, тәжірибе алмасуға болады. Ал ядролық қауіпсіздік бағытында арнайы халықаралық бақылау тетіктері бар. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің ядролық нысандарды тексеруге арналған жүйесі жұмыс істейді. Осындай тәжірибені жасанды интеллект саласында да қолдануымыз керек. Алайда мұны жүзеге асыру әлдеқайда күрделі. Себебі жасанды интеллект – бейбіт мақсатта да, әскери бағытта да қолданылатын әмбебап технология. Оның соғыс жағдайында пайдаланылуы үлкен алаңдаушылық туғызады. Қазірдің өзінде әскери қақтығыстарда дрондардың кеңінен қолданылып жатқанын көріп отырмыз. Меніңше, бұл жерде бұлжымайтын бір қағида болуға тиіс: адам өмірін қиюға қатысты шешімді ешқашан жасанды интеллектінің өзіне қалдыруға болмайды. Мұндай шешімді қабылдау процесіне міндетті түрде адам қатысып, соңғы шешімді өзі қабылдауға тиіс. Қазір бұл мәселе халықаралық деңгейде де кеңінен талқыланып келеді. Соның бірі – Нидерланд пен Оңтүстік Корея бастамашы болған «Әскери саладағы жауапты жасанды интеллект» бастамасы. Соның аясындағы кездесулер Испанияда да өтті. Ал 2027 жылы кезекті кездесу алғаш рет Африка құрлығындағы Кенияда ұйымдастырылады. Осы орайда тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. АҚШ пен Қытай арасында жасанды интеллекті ядролық қаруға қатысты шешімдер қабылдау процесінен шеттету жөнінде нәтижелі келіссөздер жүргізілді. Адамзат мұндай қаруды қайта қолданатын жағдайға ешқашан тап болмайды деп үміттенеміз. Бұл бағытта АҚШ пен Қытай арасында екіжақты диалог қалыптасқан. Алдағы уақытта осы талқылауға ядролық қаруы бар өзге мемлекеттер де қосылады деп сенеміз.
– Әлемде жасанды интеллект технологияларын дамытуда көптеген елдің мүмкіндігі әлі де шектеулі. Мұндай теңсіздік дамыған және дамушы мемлекеттер арасындағы алшақтықты одан әрі ұлғайтпай ма?
– Расында, жасанды интеллектінің дамуы әлемдегі цифрлық теңсіздікті одан әрі күшейтуі мүмкін деген болжам бар. Бұл мәселе әсіресе Африка елдері үшін өзекті. Өйткені құрлықтағы кейбір мемлекеттерде электр энергиясы тұрақты берілмейді, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым жеткілікті дамымаған. Ал Қазақстан мұндай алшақтыққа тап болмау үшін ең алдымен қолда бар ресурстарын тиімді пайдалануы қажет. Мәселен, жасанды интеллектіге қажетті есептеу инфрақұрылымын дамытып, суперкомпьютерлерді пайдалануға кететін шығындарды Орталық Азия мемлекеттері арасында бөлісуге болады. Сондай-ақ аймақтағы елдердің тілдік деректерін біріктіріп, Түркі мемлекеттері ұйымымен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Мұны тиімді пайдалану керек. Тағы бір маңызды бағыт – отандық стартаптарды қолдау. Мемлекет стартаптарға салықтық жеңілдіктер беріп, жастардың жаңа жобалар жасауына қолдау көрсету қажет. Оларды шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға, бірлесіп жұмыс істеуге ынталандырған жөн. Бұл тұрғыда Қазақстанның мүмкіндіктері аз емес. Мен қазіргі уақытта Қазақстанның Оңтүстік Кореямен тығыз ынтымақтастық орнатқанын көріп отырмын. Одан өзге, Жапониямен, Қытаймен, Еуропалық одақпен және АҚШ-пен де байланыс бар. Бұдан бөлек, Қазақстан үшін тағы бір маңызды қадам – БҰҰ аясындағы халықаралық бастамаларға белсенді қатысуы. Қазір БҰҰ деңгейінде жасанды интеллектіге қатысты ортақ саясатты қалыптастыру жөнінде талқылаулар жүріп жатыр. Қазақстан да бұл жұмысқа өз үлесін қосып келеді.
– Қазақстан келешекте АҚШ пен Қытай сияқты алпауыттармен иық тірестіре ала ма? Еліміз технологиялық көштен қалмау үшін қандай қадамдарға басымдық бергені дұрыс?
– Иә, әрине. Қазақстан OpenAI немесе DeepSeek сияқты ең озық жасанды интеллект модельдерін әзірлемеуі мүмкін. Бірақ жасанды интеллект қолданылатын көптеген салада айтарлықтай инновациялар жасай алады. Мен Қазақстанның физикалық әлемде әрекет ететін жасанды интеллекті, өндіріс пен робототехникадағы жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге әлеуеті жеткілікті деп ойлаймын. Екіншіден, мемлекеттік қызметтерге, медицина мен денсаулық сақтауға, ақылды қалаларға, автоматтандырылған көлік құралдарына, заң қызметтері мен білім беру саласына арналған мамандандырылған жасанды интеллект жүйелерін әзірлей алады. Оның үстіне, аталған бағыттың көбінде әлемдегі ең қуатты жасанды интеллект модельдерін жаңадан әзірлеудің қажеті жоқ. Оның орнына АҚШ пен Қытайда жасалған, параметрлері немесе бастапқы коды ашық модельдерді алып, оларды жергілікті қажеттілікке бейімдеуге болады. Осы орайда Қазақстанның ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Бұл – жасанды интеллект саласында тек бір технологиялық алпауытқа тәуелді болмауға ұмтылуы. Қазақстан Батыс елдерінің де, Қытайдың да технологияларын қатар пайдалануды таңдады. Алайда технологиялық даму туралы сөз қозғағанда тағы бір маңызды мәселені естен шығармаған жөн. Ол – ұлттық тіл мен мәдениетті сақтау. Мен жасанды интеллект дәуірінде қазақ тілінің дамуына ерекше көңіл бөлу қажет деп есептеймін. Бұл Қазақстанға ғана емес, Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерге де қатысты. Тәжік, түрікмен, қырғыз және аймақтағы басқа да тілдердің болашақта кеңінен қолданылуы маңызды. Ол үшін осы тілдердегі деректерді толық жинақтап, ауқымды тілдік корпус қалыптастыру қажет. Бұл деректер жаһандық жасанды интеллект модельдерін оқытуға көмектесуі тиіс. Сонымен қатар алгоритмдер Қазақстан мен Орталық Азияның өзіндік мәдени ерекшеліктерін түсінетіндей әзірленуі керек. Қазақстанның ана тілін жасанды интеллект жүйелеріне кеңінен енгізу арқылы цифрлық кеңістіктегі орнын нығайтуға мүмкіндігі бар деп есептеймін.
– Жасанды интеллектінің дамуы еңбек нарығына да үлкен өзгеріс әкелетіні айтылып жүр. Бұл өзгерістен кім ұтады, кім ұтылады? Еңбек жолын енді бастаған жастарға оның әсері қандай болмақ?
– Еңбек нарығында елеулі өзгеріс болары анық. Бірақ оның әсері әр салада әртүрлі көрініс табады. Бұл өзгеріс қазірдің өзінде байланыс орталықтарының жұмысынан байқалып отыр. Филиппин, Вьетнам және Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да елдерінде мұндай орталықтар кең таралған. Осы қызметтің барлығын оңай автоматтандыруға болады. Болашақта мұндай жұмысты адамның қатысуынсыз атқару мүмкіндігі артады. Тағы бір маңызды мәселе – кәсіби қызметтің бастапқы сатысындағы жұмыс орындарының қысқаруы. Мысалы, заң, бухгалтерлік есеп және бизнес салаларында жас мамандар атқаратын бірқатар міндетті жасанды интеллект орындайды. Сондықтан кейбір компаниялар бұрынғыдай көп қызметкер қабылдауға асықпайды. Сондай-ақ болашақта жүргізушілер мен кейбір басқа мамандық иелеріне сұраныс төмендеуі мүмкін. Бұл әсіресе еңбек жолын енді бастаған жастарға қиындық туғызады. Өзгерістің екінші қыры да бар. Жасанды интеллект кейбір жұмыс орындарын қысқартқанымен, жаңа мамандықтар мен қызмет түрлерінің пайда болуына ықпал етеді. Әсіресе робототехника, өндіріс және түрлі міндетті орындай алатын интеллектуалды жүйелер саласында жаңа мүмкіндіктер қалыптасады. Мысалы, үйлерде, кәсіпорындар мен қоғамдық орындарда роботтардың қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жаңа қызмет түрлері пайда болады. Келешекте адамдардың интеллектуалды жүйелермен жұмыс істей білу қабілеті өзекті болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ