Бұған дейін 6 және 7-сынып оқушылары шамамен 300 мың теңге салынған әмиян тауып алып, оны патрульдік полиция қызметкерлеріне тапсырғаны туралы хабарлаған едік. Полицейлер әмиян иесін анықтап, жоғалған ақшасын қайтарып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқушылардың бұл әрекеті назардан тыс қалмады. Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев Зейнолла Қабдолов атындағы мектепке арнайы барып, оқушыларға адалдығы үшін жеке алғыс білдіріп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Заң мен тәртіп тек ережелерді сақтаудан ғана емес, әр адамның жеке жауапкершілігінен, адалдығы мен өзгелерге деген құрметінен басталады.
«Бұл оқушылар адамгершілік пен адалдықтың жасқа байланысты емес екенін, ал шынайы құндылықтар сөзбен емес, нақты іспен көрінетінін дәлелдеді. Осындай игі істер қоғамның құрметіне лайық әрі қатарластарына үлгі болары сөзсіз», - делінген ІІМ хабарламасында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.