Қуаты мол елдің қадамы нық

Президент Жолдауда елдегі энергетика саласында қауіпті әрі қитұрқы «бизнес» барын ескертті: қыста Ресейден, Қырғызстаннан электр қуатын удай қымбатқа сатып алады, жазда оларға оны арзанға әрі көп көлемде қайтарады.

Энергетика саласы қатысушыларының бұл «көлеңкелі кәсібіне» енді тыйым салынуға тиіс. Ең бастысы, Мемлекет басшысы қойған міндет жүзеге асып, 2029 жылы Қазақстан қуатты өзіне қажеттісінен артық өндіретін елге айналуы қажет. Бұл міндет қалай орындалмақ?

Өзгенің жарығы – өзгенің ықпал-ырқы

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезді – «электр дәуірі» деп атады. Себебі жасанды ин­теллект әр салада үстемдік ете бастаған бұл заманда электр энергиясының жеткі­лік­ті деңгейде болуы әр мемлекеттің бәсе­ке­ге қабілетін, тіпті экономикалық тәуел­сіз­дігін айқындайтын шешуші факторға ай­налды. Мұның сыртында, жерінің асты-үсті қазынаға бай Қазақстан, Президент айт­қандай, өзінің шикізаттық артық­шы­лығын энергетикалық және технологиялық өр­леу үшін пайдалануға тиіс. Ол мұны «ай­рықша маңызды міндет» деп бағалады.

– Ашығын айтсақ, бұл тұста қорда­лан­ған мә­селе өте көп. Қазақстан жыл сайын энер­гияның елеулі тапшылығымен бетпе-бет келіп жатады. Соның салдарынан қыс мез­гілінде, яғни электр энергиясына сұра­ныс шарықтағанда көрші елдерден қуат көзін қымбат бағамен сатып алуға мәж­бүр­міз. Ал жаз айларында өзге елдерге энер­гия­ны тым төмен бағамен сатамыз. Осын­дай қитұрқы әрекет ондаған жылдан бері жалғасып келеді! Маған мұны энергетика са­ласындағы қалыпты жағдай деп түсін­діріп бақты. Кезінде Балқаштағы ЖЭО құрылысының аяқталмай қалуына да осы жайт себеп болды, – деп Президент сондай кө­­леңкелі кәсіпті ілгерілетушілерді сына­ды. 

Ол бүгінде Түркістан, Қызылорда, Ал­ма­ты және Екібастұздағы жаңа жылу-электр кешендерін іске қосудың кейінге шегеріліп жатқанына назар аудартты. Бұл құрылысқа да қосымша серпін берілуге тиіс. 

Қазақстан бүгінде сағатына 123 млрд ки­ловатт электр энергиясын өндіреді. Қуат кө­зінің мұндай көлемі өнеркәсіп пен құры­лыс саласын, ауыл шаруашылығы ке­шен­дерін қарқынды дамытып жатқан, ең бас­тысы, экономиканы жаппай цифрлан­дыру­ды, ЖИ-ді қоғамның барлық саласына енгізіп, деректерді өңдеу орталықтарын жаппай салып жатқан ел үшін «мүлдем жет­кіліксіз». Қ.Тоқаев Қазақстанды 2029 жыл­ға қарай қуат көзін артығымен өнді­ре­тін деңгейге жеткізуді тапсырды және осы­ны «стратегиялық міндет» деп белгіледі.

Энергетика министрлігінің түсін­діруін­ше, 2026-2029 жылдары жал­пы көлемі 13,3 ГВт энергетикалық қуат іске қо­сылады. Оның ішінде 7,4 ГВт-ы – база­лық генерация, 5,9 ГВт-ы – жаңғыратын энергия көздері болмақ. Ведомствоның сен­діруінше, бұл тапшылықты жойып қана қой­май, 20%-дық профицит қалып­тасты­ру­ға мүмкіндік береді.

Энергетика министрі Ерлан Ақкен­женов электр стансалары штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Оның ай­туынша, Президент ескерткен жылу беру ке­зеңіндегі электр энергиясын тұтынудың бол­жамды ұлғаюына жүйе дайын. Сон­дық­тан Тоқаев сынаған қитұрқы әрекеттерге министр биыл жол берілмейтініне сенімді.  

– Апатты жағдайларды азайту және ЖЭО-лардың жұмысын жақсарту бойынша ау­қымды жұмыс атқардық. Биыл ең жо­ғарғы жүктеме 18,2 мың МВт болады деп бол­жанып отыр. Стансаларымыз қазіргі уа­қытта штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жүк­теме шырқау шегіне жеткен кезде де ен­ді Қазақстан өзін электр қуатымен қам­тамасыз ете алады. Келесі жылы қайта 1,5 млрд кВт/сағ артық профицит болады деп көзделіп отыр, – деді министр Ақкенженов.

Бұл ретте еліміздің бас энергетигі сол бұрын­ғыдай тәуекелдің «қызыл» аймағында қа­лып тұрған 5 ЖЭО-ны – Ақтаудың, Се­мейдің, Оралдың, Теміртау және Тараз қала­ларының жылу-электр орталықтарын 1 жыл ішінде «сары» аймаққа ауыстыруға уәде етті. Ал қалған 14 станса қазірдің өзін­де «сары» және «жасыл» аймақтарда орна­лас­қан.

Тұтас желі елді біріктіреді

«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төра­ға­сы Аңсар Айдаров Мемлекет басшы­сы­ның сынына іліккен нысан – Екібастұз ГРЭС-2-де жұмыстар қарқын алатынын мә­­лімдеді. Оның дерегінше, ондағы үшінші және төртінші энергоблоктар құ­ры­­лысы жаңадан бекітілген кестеге сәйкес жүр­гізіліп жатыр. 3-ші энергоблокты 2028 жы­лы, 4-шісін 2030 жылдың қазан айында пай­далануға беру жоспарланған.

– Құрылыс алаңында 450-ге жуық адам ең­бек етіп жатыр. Жабдықтарды жет­кізу де жос­парға сай жүзеге асырылады. Қа­зандық жаб­дықтары келіп жетті. Келесі жылдың ба­сынан турбиналық жабдықтар жет­кі­зі­ле­ді деп күтудеміз: оларды сол жылы мон­таждаймыз. Бүгінгі таңда Екібастұз ГРЭС-2-дегі үшінші және төртінші энер­гоб­лок­тар­дың құрылысы бойынша кес­те­ден ауыт­қулар тіркелген жоқ, – деді Ансар Ай­даров.

Өз кезегінде КЕGОС АҚ басқарма тө­ра­ғасы Нәби Айтжанов Павлодардағы тұ­тас қалашыққа бара-бар «Деректерді өң­деу орталықтары алқабы» секілді мол қуат кө­зін қажет ететін жаңа жобалар іске қо­сылғанда Қазақстанда электр энергия­сы­ның тапшылығы болмайтынын хабарлады. 

– Жалпы, «ДӨО алқабы» жобасы іске қо­сылған кезде де электр энергиясы про­фи­цит болады. Болжалды балансқа сәйкес, 2028 жылы электр тапшылығынан про­фицитке көшу күтіледі. 2029 жылдан бас­тап қажетті резервті ескере отырып, про­фи­цит шамамен 2,8 ГВт құрайды, ал 2035 жыл­ға қа­рай ол шамамен 5 ГВт-қа жетеді, – деді Қа­зақстанның ұлттық электр желілерін бас­қаратын ұлттық компанияның бас­шысы. 

Оның сөзінше, Қазақстанның көрші­лер­ден энергетикалық тәуелсіздігін қамта­ма­сыз ету, электр энергиясына сұраныстың артуы салдарынан туындаған қуат тап­шы­лығын еңсеру мақсатында ауқымды стра­те­гиялық іс-шаралар қолға алынған. Оның аясында 2035 жылға дейін жалпы қуаты 26 ГВт-тан асатын жаңа энергия көздерін іске қосу жоспарланды. Бұл ретте атом энер­ге­тикасын өркендетуге, экологиялық талап­қа сай «таза» көмір генерациясын дамытуға айрықша басымдық берілмек.

Экономиканың өрлеуі, өндірістік жаңа жо­балардың іске қосылуы және цифрлық инф­рақұрылымның кеңеюі елдің энер­ге­ти­калық жүйесіне түсетін жүктеменің едә­уір ұлғаюына алып келеді. Сондықтан Президенттің 2029 жылға қарай қуат көзін ар­ты­ғымен өндіретіндей деңгейге қол жет­кізу міндеті 3 бағытта, атап айтқанда ге­не­рация қуаттарын арттыру, электр желілерін да­мыту және тұтыну көлемінің өсуін толық үй­лестіру арқылы жүзеге асырылмақ.

KEGOC басшысы Нәби Айтжано­в­тың мәліметіне жүгінсек,  осы орайда елдің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Оң­түстік аймағының электр сымдарын кү­шейту жобасы қолға алынды. Тек осы ар­қылы «Алматы – Жамбыл – Шымкент» тран­зитінің өткізу қабілеті 440 МВт-қа арт­тырылады. Оны 2027 жылдың шіл­де­сінде пайдалануға беру жоспарланған. Көп­шілік біле бермес, бірақ республиканың оң­түстік өңірлерінде жарықтың біразға сө­ніп қалуы оқиғалары әлі күнге кездесіп тұра­ды. Ал мына жобаны жүзеге асыру оң­түс­тік аймақты электрмен жабдықтау се­нім­ділігін нығайтады, сондай-ақ жаңар­ты­ла­тын энергия көздерін интеграциялау үшін қосымша жағдайлар жасайды екен.

Сорақысы сол, еліміздің батыс өңірлері кеңес кезіндегідей көрші Ресейге тәуел­ді­лік­тен арыла алмай келеді. Сол себепті Ба­тыс Қазақстанның энергожүйесін Қа­зақ­станның Бірыңғай электр энергетика­лық жүйесімен біріктіру жобасы өңірдің шет­елдік энергиядан тәуелсіздігін күшей­ту­ге және оған қуат өткізуші инфрақұры­лым­ның қабілетін 500 МВт-қа дейін ұл­ғай­туға бағытталған. 

– Бұл жобаны жүзеге асыру батыс ай­мақ­ты өзімізде өндірілген электрмен то­лық­қанды жабдықтауға жол ашады. Атырау жә­не Ақтөбе облыстарындағы электр стан­­са­ларының өндіру қуатын еселеп, Ақтөбе энер­гия торабына түсетін жүктемені жеңіл­де­теді. Жобаны аяқтау келесі жылдың жел­тоқсанына жоспарланып отыр. Ары қа­рай батыс аймақты Қазақстанның Бірың­ғай электр энергетикалық жүйесімен бірік­тіру жобасының екінші кезеңі 2035 жы­лы жүзеге асырылады. Сөйтіп, бүкіл елі­мізді жоғары вольтты энергия желісімен ай­налдыра байланыстыру жұмыстары аяқ­талмақ, – деді KEGOC басшысы.

Осы аталған жобалар Оңтүстік пен Ба­тыс­ты сенімді электрмен жабдықтауға, ел­дің энергетикалық жүйесі тұтастығын ны­ғайтуға және Қазақстанның энер­ге­ти­ка­лық дербестігін арттыруға бағытталған. 

Жарықты ЖИ басқарады

Қалай болғанда, энергетикаға жауапты тұлғалар Мемлекет басшысының сын-ес­керт­пелерінен кейін осы жұмыстарға қар­қын беруге тырысып жатыр. Соның ішінде Ал­маты ЖЭО-2-ні жаңғыртуға, Алматы ЖЭО-3-ті реконструкциялауға, Көкшетау мен Семейде жаңа жылу электр орта­лық­тарын салуға, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңей­ту­ге, Қызылорда, Түркістан облыстарында бу-газ қондырғыларын тұрғызуға, сондай-ақ энергия жинақтау жүйелері бар ЖЭК-ті да­мытып, гидрогенерация жобаларын жү­зеге асыруға жете көңіл бөлінбек.

Энергетика министрлігіне мүдделі меморгандармен және ұйымдармен бір­лесіп, 2027 жылдың қыркүйегіне дейін елдің энергетикалық балансын өзектендіру жұмыстарын аяқтау тапсырылды. Электр энергетикасы саласындағы инвестициялық жо­балардың уақытылы жүзеге асырылуына ба­қылау артады. Жобаны қолданысқа ен­гізу­ді негізсіз созбалаңға салған мердігер­лер­мен шарттар бұзылуға тиіс.

Айтпақшы, жаңа ЖЭО-лар салмай-ақ, цифр­лық технологияларды және жасанды интеллектіні енгізу арқылы да қуаттың ағы­нын оңтайландырып, босқа ысырап бо­латын электр шығынын азайтуға болады екен. Бұған қоса, KEGOC базасында дис­петчерлік басқару жүйесіндегі 50 мыңнан астам көрсеткішті жаңарту тіпті апаттық жағдайларды жедел жоюға жол ашқан. Мә­се­лен, жыл басынан бері «Солтүстік – Оң­түс­тік» транзиттік желісінде жүктеменің күрт секірісінің 70-тен астам жағдайы тір­келген. Оның 95%-ы тұрғындарды электр энер­гиясынан ажыратпай-ақ рет­теліпті. Бұрын әр апат сайын қалың жұрт қараң­ғылық құшағында қалатын еді. 

AI-KEGOC интеллектуалды платфор­ма­сы 21 энергия торабы мен жаңғыратын энер­гия көздерінің 169 нысанында электр энер­гиясын өндіру мен тұтыну көлемін бір тәу­лік бұрын болжайды. Синхрофазорлық өл­шеулер негізінде жүйені мониторингтеу мен басқарудың цифрлық жүйелері «Сол­түстік – Оңтүстік» негізгі энергия көпірінің өт­кізу қабілетін 250 МВт-қа арттырыпты. Яғ­ни жаңа нысандар салуға қосымша шы­ғындалмай, оның өткізу қабілеті тұтас бір қала тұтынатын көлемдегі электр энер­гия­сына көбейтілген және электр энергия­сы­ның шығындары азайтылған.

Түптеп келгенде, энергетика мәселе-сі – әрбір отбасының, түрлі кәсіпо­рын­ның, тұтас мемлекеттің болашағына қа­тысты мәселе. Бүгінгі инфрақұрылымдық ше­шімдер ертеңгі инвестициялық ахуалға, өн­діріс қарқынына және халықтың тұрмыс са­пасына ықпал етеді. Сондықтан бұл ба­ғыттағы саясат жаңа нысандар салумен қо­са, технологиялық жаңғыруға және бас­қару тиімділігіне негізделуі қажет. Өйткені қуат­ты энергетика – бәсекеге қабілетті эко­номиканың, мемлекеттің тәуелсіз­ді­гінің де тірегі.

Елдос СЕНБАЙ