Миллион жылдық мекен

Уақыт тегершігін кері айналдырып, миллиондаған жыл бұрынғы Қазақстан аумағына сапар шексек, таңғажайып дүниеге тап болар едік. Ауа дымқыл. Жер бусанып, ылғалға бөгіп тұр.

Көкжиекке дейін көсілген мәңгі жасыл өлкені тарам-тарам өзендер айғыздаған. Қопалы, қорысты көлдердің бетінен бу бұрқырап, төңірегін ну тоғай көмкерген. Бұтақтары айқасып, көкке бой созған қалың ағаш арасынан күн сәулесі әрең сығалайды. Сол жыныс орманда піл тектес жануарлар маң-маң басып, жан-жағын аяусыз жапырады. Көк майсалы кең жазықта үш тұяқты жылқылар үйірімен жортады. Отқа тойынған алып мүйізтұмсықтар суатқа беттеп барады. Аспанда қанатты кесірткелер қалықтайды. Нар қамысқа жасырынған қылыш тісті жыртқыш көзі жылтырап, олжасын аңдиды. Теңіз жағасында таудай тасбақа маужырап, сом денелі динозавр жайбарақат жайылып жүр...

Құрметті оқырман, бұл қиял­дан туған көрініс емес. Еж­е­л­гі тіршілік иелерінің қазба қалдықтары қазақ даласынан көптеп табылған.

Кешегі Қашаған жырау әлемнің әзелгі болмысын:

«Дүниенің басы әуелде

Меруерт тастан жаралған.

Меруерт еріп, су болған,

Судан түтін, бу болған,

Аспан, жер содан жаралған.

Он сегіз мың бұл ғалам

Үш бөлім болып таралған:

Алтауы болар жәмәдәт,

Алтауы болар нәбәдәт,

Алтауы болар айуанат.

Үш алтыны қоса ғой –

Он сегіз мың жан болар,

Білмеген адам таң қалар», – деп толғаған екен.

Өз кезегінде ғалымдар та­биғи эволюция барысында Жер шарында 770 миллиондай био­ло­гиялық түр өрбіген дейді. Бірақ бәрі бірдей бүгінге жет­кен жоқ. Біреуі жойылды, екін­шісі өзгерді, енді бірі жаңа орта­ға бейімделіп, ғұмырын жал­ғас­т­ырды. Осынау жұмбақ тарихтың тасқа қатталған таң­басы Қазақстанның жер қой­науында молынан сақталыпты.

Мәселен, Павлодар маңын­дағы «Қазқонақ» қорымы неоген кезеңінің ең ірі ескерт­кіші деп есептеледі. 1928 жылы ашылған палеонтологиялық қазына әлі де ғылымның қажет­іне жарап келеді. Алайда та­рихи мұраның тағдыры алашты ал­аң­датып қойды. Өйткені Ертіс суы өзен ернеуін шайып, қазба қалдықтары сақталған қабат­тарды опырып әкетіп жатыр. «Астана» телеарнасы әзірлеген бейнесюжетте кей тұста жағалау сызығының 6-17 метрге дейін шегінгені айтыла­ды. Әсіресе көк­темгі тасқында ахуал асқы­на­ды. Аталмыш мәселеге мем­лекеттік органдар назар аудар­ып, өзен жиегін нығайтуға ар­нал­ған жол карта­сын жасай бастады. Әйтпесе, сүйектер су астында шіріп неме­се күн мен желдің әсерінен мүжіліп кетуі мүмкін.

Жалпы, палеонтологиялық деректерге сенсек, бұдан 7-10 миллион жыл бұрын Кереку өңірін­ің табиғаты африкалық саваннаға ұқсайтын. Қазіргі қуаң даланың орнында тропиктік орман­дар болған. Су сіңген ал­қап­тарда пальма, лавр, магнолия сияқты ағаштар өскен. Мұны палеоботаникалық зерттеулер сөзсіз растайды. Ондай жанға жайлы орта сан алуан жануарды бауырына басқан. Гиппарион, мастодонт, керік, мүйізтұмсық, динотерий, түйеқұс, махайрод, гиена т.б. экзотикалық мақұл­ықтар осы өлкеде жыртылып айырылатын.

Дәуірлер алмасқан дала

Дегенмен ежелгі Қазақстан табиғаты «Қазқонақпен» ғана шектелмейді. Әр аймақтан табылған қазба қалдықтары климаттың миллиондаған жыл бойы құбылып отырғанын көрсетеді. Бір дәуірде ит тұмсығы батпайтын джунглилер жайқал­са, енді бірде тоғайлар сиреп, жазық далалар кеңейген. Теңіз­дер біресе құрлыққа сұғына жайылса, біресе кері шегінген. Табиғи өзгерістермен қатар хайуа­н­ат әлемі де алмаса берген. Бір заманда парацератерий мен мастодонт жайлаған жерді өзге бір кезеңдерде динозавр мен птерозавр билеп-төстеген. Одан кейінгі мұз дәуірінде мамонттың маңызы артты.

Осылардың ішіндегі ең зоры – парацератерий. Шамамен 34-23 миллион жыл бұрын өмір сүрген жануардың қаңқасы 1912 жылы Торғай ойпатынан аршып алынған. Парацератерийді көзге елестету үшін кәдімгі пілді төрт есе үлкейтіп көріңіз. Алып сүтқо­рек­тінің биіктігі де, тұрқы да 8 метрге жеткен. Салмағы 15-20 тонна тартқан. Әрине, мұндай әйдік денені асырау оңай емес. Сондықтан парацератерий ұдайы тамақ іздеп, жүздеген келі азық тұтынған. Ұзын мойнының арқасында ағаштың ұшар басын­дағы жапырақтарды жұлып жеген. Сол замандағы ылғалды орман­дар оған көл-көсір қорек ұсынған.

Ал Қызылорда облысында 85-83 миллион жыл бұрын, соңғы бор кезеңінде аралозавр мекендеген. Ғылымда Aralosaurus tuberiferus деген атпен белгілі динозаврды «Арал кесірткесі» деп те атайды. Шах-Шах шатқа­лынан сүйегі табылған Аралозавр тек Қазақстанға тән эндемик түр ретінде ерекше бағаланады. Оның тұрқы – 6,5-8 метр, бойы – 2,5-3 метр, салмағы 2–3 тонна болған. Үйректікіне ұқсай­тын тұмсығының үсті дөңестеніп біткен. Ғалымдардың пікірінше, бұл дөңес дыбыс шығарып, басқа туыстарымен байланыс орната­тын табиғи резонатор қызметін атқарған. Жақ сүйегіндегі мыңға жуық тісі қатты өсімдіктерді ұнтақтап шайнауға көмектескен. Ол дәуірде Арал өңірі ежелгі Тетис мұхитының жағалауына жақын, өзен-көлге бай батпақты жер еді.

Байырғы аспан әлемі де сен­сацияға толы. Соның бір дәлелі – Түркістан облысындағы Қара­тау жотасынан табылған птеро­завр қалдықтары. 160 миллион жыл бұрын, соңғы юра кезеңінде тіршілік еткен рептилия ғылыми айналымға Sordes pilosus немесе «Түкті шайтан» деген атпен қосылған. Себебі Қаратау птеро­завры­ның денесін жүн тәрізді талшықтар жауып тұрғаны анықталған. Бұл ақпарат ұшқыш кесірткенің біз ойлағандай суық­қанды емес, жылықанды болға­нын айғақтайды. «Түкті шайтан» қос қанатын жайғанда 5-7 метрге дейін құлаш ұрған. Сол заман­дағы Қаратау маңы тропиктік арал­дар мен тұщы көлдер жүйесін құраған. Птеро­завр осы көл­­дерден ірілі-ұсақ­ты жәндіктерді аула­ған.

Неоген дәуірінің супержыртқышы делінетін махайрод соңғы миоцен – плио­цен кезеңінде, 9-5 миллион жыл бұрын үстемдік құрыпты. Көзі қарақты көпшілік оны қылыш тісті жолбарыс деп те таниды. Оның тістері мен жақ сүйектері Павлодардағы «Қазқонақ» еске­рт­кішінен және Оңтүстік Қазақ­стан өңірлерінен табылды. Денесінің ұзындығы – құйрығын қоспағанда 2,5 метр, шоқтығы­ның биіктігі – 1,2 метр, салмағы 200-300 келі болған жыртқыштың алдыңғы аяқтары мен мойын бұлшықеттері мықты дамыған. Жоғарғы жақ сүйегіндегі төмен қарай иіліп өскен азу тістерінің ұзындығы 15-20 сантиметрге жеткен. Жемтігіне тұтқиылдан шауып, пышақтың жүзіндей осы қауіпті қаруымен мастодонт, мүйізтұмсық секілді шөпқорек­тілердің күретамырын қиып жіберген.

Бертіндегі плейстоцен ке­зеңі­нде, мөлшері 2,5 миллион жыл бұрын Еуразия даласының табиғаты тағы бір өзгерді. Мұз дәуіріндегі ашық тундра кеңіс­тігін ерсілі-қарсылы эласмо­те­рий кезіп жүрді. «Сібірлік сыңар­мүйіз» атанған алыптың дене тұрқы – 4,5-5 метр, бойы – 2-2,5 метр, салмағы 4-5 тон­надай еді. Былайша айтқанда, жүк тиеген ГАЗель көлігімен шамалас. Эласмотерийдің қақ маңдайына өскен күмбез пішінді сүйекке ұзындығы 1,5 метрлік кератинді жуан мүйіз бекіген. Ең қызығы, зерттеушілер сыңар­мүйіз туралы аңыздардың түп-төркінінде осы жануарды көрген ежелгі адам­дардың естелігі жатыр деп топ­шылайды. Неге десек, эласмо­терийдің ақырғы жұрнақтары небәрі 39 мың жыл бұрын ғана құрып таусылған.

Мұз дәуірінің енді бір ерекше өкілі – алып мүйізді бұғы немесе мегалоцерос. Ол шамамен 400 мың жылдан 7,7 мың жыл бұрын­ғы аралықта плейстоцен дәуірінде өмір сүрген. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола һәм Павлодар облыстарындағы өзен аңғарларынан оның бас­сүйектері мен мүйіз сынықтары көп табылған. Мегалоцеростың биіктігі – 2-2,1 метр, салмағы 600-700 килограмм болған. Бас­ын­дағы екі мүйізінің арақа­шықтығы 3,5-4 метр еді. Бұл кәдімгі жеңіл автокөліктің ұзын­дығымен бірдей. Қарағайдай мүйізімен қалың орманға сыйма­ғандықтан, мегалоцерос негізі­нен жазық алқаптарда жайылған. Әсіресе Солтүстік, Орталық Қазақ­станның мұз дәуіріндегі мамонт даласы қолайына жақ­қан.

Алыптардың ақыры

Бірақ бұл жануарлардың ешқайсысы өз ортасынан тыс өмір сүре алмайтын. Біріне қа­лың орман қажет болса, екіншісі ашық алаңқайларға бейімделді. Бірі батпақты өзен аңғарында жайылса, енді бірі көкте самғады. Табиғат түрленген сайын олар­дың кейбір артықшылығы, кері­сінше, кемшілікке айналатын. Яғни Қазақстандағы ежелгі фаунаның жоғалуы – бір күндік оқиға емес, 25 миллион жылға созылған күрделі әрі ұзақ үдеріс. Әр жануар өз заманындағы климаттық құбылыстарға, қорек қорының азаюына, тіршілік ортасының тарылуына қарай әртүрлі уақытта жойылған.

Мысалы, парацератерийдің тағдырына мұз дәуірінің еш қатысы жоқ. Ол кезде мұз басу әлі басталмаған-тын. Оның құруына олигоценнің соңында күшейген құрғақшылық кесірін тигізді. 23 миллион жыл бұрын Үндістан түбегінде Гималай тауларының көтеріліп, Орталық Азияға келетін мұхит ылғалын бөгеп тастады. Сөйтіп, Торғай мен Арал өңірінің табиғаты адам танымастай өзгерді. Субтро­пик­тік ормандар сиреп, ну тоғайдың орнын шөптесін алқаптар басты. Ағаш басындағы жапырақтарды жеуге машықтанған парацера­терий еңкейіп жерде жайылуға жарамай қалды. Күніне 500-600 келі азық тауып, тамақ асырауы ауырлады. Қорек тапшылығы популяцияның кемуіне әкелді. Оның орнына жаңа ортаға жақсы икемделген ұсақ жануарлар пайда болды.

Біраз уақыт өткен соң Павло­дардағы «Қазқонақ» фаунасының негізін құраған гиппариондар мен мастодонттардың да дәурені озды. Өйткені 5-3 миллион жыл бұрын климат салқындап, өсім­діктер құрамы өзгерді. Баяғы жұмсақ жапырақты бұталар кремнийі мол қатты шөптермен алмасты. Үш тұяқты жылқы­лардың тіс эмалі мұндай шөпті ұзақ шайнауға шыдамай, тез мүжілді. Нәтижесінде, гиппари­онды бүгінгі бір тұяқты жылқы­лар біртіндеп экожүйеден ығыс­тырды.

Шөпқоректілердің өзгеруі оларды жейтін жыртқыштарға да әсер етті. Бұл табиғаттағы бір буын­ның жойылуы келесі буын­ның жойылуына ұласатын эко­ло­гиялық «домино әсері» еді. Баяу қозғалатын, бірақ еті мол мастодонттарды аулауға дағды­ланған махайродтар жазықта желдей жүйткитін бөкендер мен жылқыларды қуып жетуде қиындыққа ұшырады. Сондай-ақ қорек тапшылығынан қатты сүйектерді кеміруге мәжбүр болып, азу тістері жиі сынатын. Жаралы жыртқыштың аң аулау мүмкіндігі де төмендейтіні анық. Осылайша, табиғи ортаның жаңа талаптары біртұтас қорек тізбегін күйретіп салды.

Эласмотерийдің тағдыры көп жыл бойы басқаша түсіндіріліп келді. Бұрын ғалымдар оны шамамен 200 мың жыл бұрын жойылған деп есептеген. Алайда 2018 жылы Павлодар облысы мен Батыс Сібірден табылған бас сүйектерге жүргізілген радио­көміртекті және ДНҚ талдаулары бұл алыптың 39 мың жыл бұрын өмір сүргенін көрсетті. Демек, ол алғашқы саналы адамдармен бір кезеңде тіршілік еткен.

Оның жойылуына «стено­фагия» деп аталатын фактор себеп болған. Эласмотерий негізі­нен қатты дала шөптерінің тамырлары мен түйнектерін пайдаланған. Плейстоценнің соңында жер қыртысы қатып, өсімдіктер құрамы өзгергенде әдепкі азығын табу оған да қиын­дай түсті. Өзге өсімдік түр­леріне оңай ауыса алмаған­дықтан, сібірлік сыңармүйіздер күрт азайып, бірте-бірте тарих қойнауына сіңіп жоғалды.

Алып мүйізді бұғының тағ­дыры, керісінше, мұз дәуірі­нің аяқталуына байланысты. Шама­мен 10-7,7 мың жыл бұрын кли­мат жылына бастағанда Солтүс­тік Қазақстан мен Орал өңір­­ін­­дегі ашық тундраның орнына қарағайлы және қайың­ды ормандар таралды. Оған дейін ұланғайыр жазықта еркін жүрген мегалоцерос үшін қалың орман қолайсыз ортаға айналды. Алып мүйіздері ағаштардың арасымен қозғалуына кедергі келтірді.

Мұнымен мәселе біткен жоқ. Көктем сайын мүйізін өсіру үшін оның ағзасына көп мөлшерде кальций мен фосфор қажет бола­тын. Жаңа өсімдіктер бұл минералдарды жеткілікті мөл­шер­де бере алмады. Табиғи мекенінің тарылуы жануардың тіршілік ету мүмкіндігін тіптен әлсіретті.

Бұл кезеңдегі адам факторы­ның да ықпалын терістей алмай­мыз. Мәселен, Қазақста­нның солтүстігі мен шығысындағы па­лео­литтік тұрақтардан мам­онт­тар мен ірі тұяқтылардың сүйектері, сол сүйектерден жа­салған еңбек құралдары табыл­ған. Демек, ежелгі адамдар ірі жануарларды жаппай аулаған.

Ежелгі фаунаның жойылуына қатысты басқа да болжамдар бар. Солардың бірі – ежелгі адам­дармен бірге тараған инфекция­лық аурулар. Екінші гипотеза бойынша 12 900 жыл бұрын Жерге құлаған комета сынық­тары климаттың тепе-теңдігін бұзыпты-мыс. Әйтсе де, Қазақ­стан аумағында бұл жорамал­дарды толық растайтын нақты геологиялық дәлелдер жеткі­ліксіз.

Сүйектегі сыр, тастағы тарих

Қош, бүгінде сол жануар­лардың өмірін көз алдымызға қалай елестете аламыз? Тірі қал­пында оларды ешқайсымыз көр­мегенбіз. Фотосуреті де, бей­не­жазбасы да жоқ. Бірақ қазіргі палеонтология бір ғана сүйек сыны­ғынан бүтін бір тір­шілік әлемін қалпына келтіруге септе­седі. Бұл сала қазір геология мен биологияның шеңберінен шы­ғып, ядролық физика, орган­ика­лық химия, биомеханика және компьютерлік модельдеу жетіс­тіктерін бір мезетте пайда­лана­тын ғылымға айналған.

Мәселен, ғалымның қолына ежелгі жануардың бір ғана тісі түсті делік. Сол тістен оның не­мен қоректенгенін анықтауға болады. Электрондық микрос­коп арқылы тіс эмаліндегі ұсақ сызаттар мен ойықтар зерттеледі. Егер бетінде ұзын, бір бағытта созыл­ған сызаттар көп болса, жануар кремнийге бай дала шөп­терін шайнаған болуы мүмкін. Ұсақ шұңқырлар мен ойық­тар­дың көптігі ағаш бұтақтарын, жаңғақтарды немесе жемістерді пайдаланғанын аңғартады. Бір қарағанда, елеусіз көрінетін осы белгілер жануардың күнделікті ас мәзірі жайында мағлұмат береді.

Ғалымдар сүйектің өзін де сөйлетеді. Оның өте жұқа кесін­дісіне микроскоппен үңілгенде жылдық өсу сақиналарына ұқсас қабаттар көрінеді. Бұл – сүйек гистологиясы деп аталатын зерттеу тәсілі. Ғалымдар сол қабат­тарға қарап, жануардың шамамен қанша жыл ғұмыр кешкенін, қай жаста жыныстық тұрғыда жетілгенін, өсуі қандай қарқынмен өскенін түсінеді. Кейбір нышандар сол жылдар­дағы климаттың қолайлы немесе қолайсыз болғанын да байқа­тады. Сүйек бетіндегі бұдырлар мен бұлшықет бекіген ойықтар жануардың дене құрылысын қайта құруға жәрдемдеседі. Са­лыс­тырмалы анатомия арқылы ғалымдар бұлшық еттердің көлемі мен күшін есептеп шыға­рады.

Хайуанның қандай ортада жүргенін химиялық іздерден білуге болады. Тұрақты изотоп­тарды талдау барысында тіс эмалі, сүйектегі көміртек, оттегі т.б. элементтердің арақатынасы зерттеледі. Жануар жеген химия­лық элементтер оның ағзасында сақталады. Тіс эмаліндегі көмір­тек изотоптары оның не орманды алқапта, не ашық саван­нада жайыл­ғанын ұқтырады. Оттегі изотоптары сол кезеңдегі ауа тем­пературасын нақтылауға көмектеседі.

Мысалы, Қазақстанның оң­түс­тігі мен орталығынан табыл­ған ежелгі сүтқоректілердің тісі­не жүргізілген изотоптық зерт­­теул­ер миоцен дәуірінде бұл өңірлердегі маусымдық темпера­тура жұмсақ әрі ылғалды болған­ын дәйектеді. Стронций изотоп­тары жануарлардың қайда көш­­іп-қонғанын бағдарлауға жол ашады.

Қазба қалдықтарының нақ­ты қай кезеңге жататынын білу де маңызды. Ол үшін радио­ме­триялық мерзімдеу, палеома­гнит­тік әдіс һәм био­страти­гра­фия қолданылады. Радио­ме­трия­лық тәсіл тау жын­ыстарын­дағы радиоактивті элементтердің ыдырау жыл­дам­дығына сүйеніп, олардың жа­сын есептейді. Па­лео­ма­гниттік зерттеу Жердің магнит өрісі геологиялық дәуір­лерде бірнеше рет өзгергенін ескере­ді. Ал биос­тра­тиграфия белгілі бір дәуірде өмір сүрген жануар­лар мен өсімдіктердің қалдық­тарын салыстырып, шөгінді қабаттардың жасын ажыратады. Осы тәсілдер бірге қолдан­ыл­ғанда бір сүйектің ғана емес, тұтас геологиялық қабат­тың тарихын тануға болады.

Бұрын сүйектің ішкі құры­лысын көру үшін оны арамен кесуге тура келетін. Қазір ком­пьютерлік томография мен рент­гендік микротомография мұндай қажеттілікті азайтты. Ғалымдар құнды жәдігерді зақ­ым­дамай-ақ оның ішкі құры­лысын қабат-қабатымен зерт­тейді. Мысалы, бас сүйектің ішкі қуысын үш өлшемді үлгіге айналдырып, ежелгі жануардың иіс сезу, көру немесе есту қабіл­еті қаншалықты дамығанын білеміз.

Үш өлшемді модельдеу тек сүйектің ішкі құрылысын көру­мен шектелмейді. Ғалымдар компьютерде ежелгі жануардың қаңқасын құрастырып, оған виртуалды түрде күш түсіреді. Соңғы элементтер әдісі деп ата­латын тәсілмен жануардың жақ сүйегінің қандай қысыммен тістегенін, мойны қанша гра­дусқа бұрылғанын, аяқ сүйек­терінің қандай салмаққа төтеп бергенін есептеуге мүмкіндік бар. Мамандар қазіргі жануар­лардың дене салмағы мен аяқ сүйектерінің жуандығы ара­сын­дағы аллометриялық заң­дылықтарды пайдаланып, бір ғана ортан жілік арқылы пара­цератерий сияқты алыптың салмағын бағалайды. Өстіп, 15-20 тонналық жануардың дене бітімі жай ғана болжаммен емес, нақты анатомиялық есеп­термен қалпына келтіріледі.

Ғалымдар тіпті миллион­даған жыл бұрынғы ормандарды зерттейді. Өйткені өсімдік­тер­дің тозаңы тау жыныста­рының арасында өте ұзақ сақ­та­лады. Тозаңдық талдау көме­­гімен ғалымдар нақты бір кезеңде қандай ағаштар өскенін тұжы­рымдайды.

ТҮЙІН: 

Палеонтологияның жұмысы бір сүйекті тауып, оны музейге қоюмен бітпейді. Ғалымдар әрбір қазбаны өз дәуірінің табиғи ортасымен салғастырады. Павлодардағы «Қазқонақ» сияқты ірі тафоценоз орындарының маңызы да осында. Сондықтан «Қазқонақ» – жай ғана сүйектер көмілген жер емес. 

Ол – миллиондаған жыл бұрынғы Ертіс өңірінің табиғи шежіресі. 1928 жылы ашылған бұл нысанға 2028 жылы жүз жыл толады. Алайда оның тарихы бір ғасырмен өлшенбейді. Жер қойнауында сақталған деректер миллиондаған жылды қамтиды. Ендеше палеонтологиялық ескерткіштерді қорғау – Қазақстанның мыңдаған ғасырлық тарихын қорғау деген сөз.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ